Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ысырапшылдыққа жол бермейік

Ысырапшылдыққа жол бермейік

Әрбір елдің, әрбір ұлттың өзіндік салт-дәстүрі болатындай, біздің, қазақ халқының да ата-бабаларымыздан қалыптасқан өз салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы бар. Өкініштісі, соңғы уақытта торқалы той мен топырақты өлімнің ара-жігін ажырата алмайтын халге жеттік. Бүгінде Алланың сауабын іздеу емес, басқадан қалмау, өзгемен жарысу басымдау болып тұрғаны көпті қынжылтады. Көпшілікті толғандырған осы мәселелер төңірегінде Арал аудандық орталық мешіттің бас имамы Қайырхан Табысұлы Қабылғазиевпен тілдескен едік.

«Өлім бардың малын шашады,  жоқтың артын ашады» деген пәлсапалық сөз бүгінгі таңда ең өзекті мәселеге айналған. Адам өмірден өткеннен кейін жаназасы шығарылып, жерлеу рәсімі өткізілетіні белгілі. Осы діни жоралғылар жөнінде тоқталып өтсеңіз...
«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай ақын айтқандай, қазіргі қоғамдағы белең алып отырған мәселенің бірі – жаназадағы түрлі жағдайлар. Ойлап қарасаңыз, бір шаңырақта кісі қайтса, әуелі құрбандыққа шалатын мал іздеп кетеміз. Жерлеу рәсіміндегі мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет болып саналады. Сондықтан мәйітті барынша тез жерлеуге асыққан жөн. Кісі қайтқанда ең әуелі кірісетін ісіміз – мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу. Міне, артында қалған мұсылманның негізгі міндеті – осы. Ажал айтып келмейді. Өмір қандай ақиқат болса, өлім де хақ. Бақилық болған адамды мәңгілік мекеніне арулап шығарып салу – жанұяның, ағайын-туыстың парызы. Осы міндет қалай атқарылып жатыр деген сауалға келсек, жаназаны, оны оқу үшін дәрет алу керектігін  баршамыз білеміз. Бірақ жамағат арасында бұған немқұрайдылық танытып, дәретсіз сапқа тұратындар да кездеседі. Дәретсіз намаз намаз ба? Осы жағын да көпшілік назарда ұстаса екен. Кейде осындай сауапты істе қабір басына барғандардың арасында біреулер темекі шегіп, біреулері екі-үш адам топтасып әңгіме-дүкен құратынын, енді біреулердің қайғы уақытында жырқ-жырқ күліп жатқандарын көріп қынжыласың. Дүниеден өткен адамды ақтық сапарға шығарып салу – мұсылман міндеті. Осы сауапты істе барынша жақсы сөздер айтып, ол адамның жақсы жағын еске алып, ертең осы сәт біздің де басымызға келерін естен шығармағанымыз абзал. Өлім мен қабірге қарап, ғибрат алуымыз керек. Кісі өлімін Алланың өзгелерге деген ескертуі деп ұғынуымыз қажет.    
Жаназа мәселелері күнделікті өмірде көп сауал тудыратын күрделі мәселенің бірі болып отыр.  Қайтыс болған жанның атынан берілетін садақа дастарқанын жасауда да ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін білеміз. Десек те, шариғатта кісісі өлген қаралы үйден ас ішудің белгілі бір тәртібі бар ма?
–Құран Кәрімде: "Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді" делінген. Олай болса, Аллаға ұнамайтын ысырапшылдықтан қашық болуымыз керек емес пе?! Шариғат бойынша қаралы үйден ас әзірлеу, дастарқан жаю міндет емес. Мұндай жағдайда қаралы үйдің иелеріне туыстары немесе көршілері сырттан ас әзірлеп, көмектесу керек. Хадисте «…қазалы үйдің иелерін әурелемеңдер, олар онсыз да қайғыға ұшырап отыр, оларға ас әзірлеуде көмектесіңдер» деген. Марқұмның қырқын, жүзін, жылын беру сияқты садақалар дәстүрден туындаған. Оның өзі жағдайға қарай, марқұмның жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайынның көңіл айтып, дұға оқуына мүмкіндік жасау мақсатында іске асатын болған.
Бүгінгі таңда қай ел болмасын етек-жеңін жиып, қиындықтан шығу, ысырапқа жол бермеудің түрлі жолын қарастыруда. Ал біз әлі сол дарқандық дейтін қалпымыздан шыға алмай жүрміз....
– Бізде зират көтеру мәселесі бәсекеге айналып бара жатқандай. Кейбіреулер бейіт басындағы марқұмның бейнесіне, яғни құлпытасқа сурет салғызып қояды. Бұл дұрыс па?
Алланың алдында кедей де, бай да бірдей. Оның тіршілігінде жасаған жақсылы-жаманды ісі, берген қайыр-садақасы, басқа да ұрпағының игілігі үшін жасаған ісі таразыға тартылады. Сондай-ақ кісіні бақилыққа аттандырып болғаннан кейін, өз атақ-беделімізді ойлап, зәулім бейіттер тұрғызып, жарысқа түсіп кеткен сыңайлымыз. Бұл шариғатымызда түбегейлі тыйым салынған нәрсе. Бейіттің шариғи үкімінде қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб (таңдаулы, ең көркем амал). Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – мәкрүһ. Қабір үстіне тас немесе ағаш мәйітті белгілеу ғана үшін қойылады. Шариғатта белгіленген жолдан тыс жасалғанның бәрі ысырапқа алып келеді. Ендеше, шариғатта үлкен күнә саналатын зәулім бейіт салуды тоқтату керек. Осыған жұмсалған ақшаны сол марқұмның атынан қайырымдылыққа, жағдайы болмай отырған міскін жандарға берілсе, сауабы марқұмға да, қайырлы, ізгі іс жасаған жақындарына да жазылар еді.
Сонымен бірге Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді.  Құлпытасқа мәйіттің аты-жөнін, туған және дүниеден өткен күнін жазуға, сондай-ақ ай белгісін қоюға болады. Бірақ аяқасты болып кетпеу үшін Құран аяттарын жазбаған жөн. Ал құлпытастарға марқұмның бейнесін салу, мүсінін қашап қоюға рұқсат етілмейді. Мұндай әдеттер мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Рас, кейбір жерлерде қаралы үйде жыртыс беру, ақша тарату жоралғыларын кездестіреміз. Десе де, мұндай амал шариғат талап еткен іс емес, сондықтан мұндай ысырапшылдыққа бармағанымыз жөн.
– Бұл фәниден өткен марқұмға сауабы тиетін қандай істерді атқарған дұрыс?
– Діни таным саласындағы «Тахауи ақидасы» кітабында «Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді» делінген. Демек, шариғат бойынша тірі адамның өмірден өткен ата-анасы, бауыры, ағайын-туысы және өзге де жақын-жуық бауырлары үшін дұға етуіне, рухына Құран бағыштауына, садақа беруіне, құрбандық шалуына болады. Бұл осы амалдардың сауабы марқұмға жетеді дегенді білдіреді. Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісі қайтқанда оның үш нәрсесінен: «садақасынан, пайда келтіретін білімінен, артынан дұға жасайтын ізгі баласынан» басқа барлық іс-амалы тоқтайды» деген.
Жамағатқа айтарыңыз болса...
– Жоғарыдағы мәселелерді айта келе байқағаным, көпшілік ысырапшылдыққа қарсы. Бірақ олар «ел-жұрт не дейді?» деп қымсынады. Әр нәрсенің шегі болатыны секілді, той мен жаназаның өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы болу керек.  Жалпы, біздің міндетіміз  Ислам діні бойынша атқарылатын істерді халыққа түсіндіру, насихаттау болып табылады. Ең бастысы – асыл дініміздің талабы орындалғаны абзал. Біздің дінімізде ысырапшылдыққа жол беру, бірдеңені шектен тыс жасау қабыл болмайды. Сондықтан әрбір мұсылман Алланың ақ жолымен жүріп, иманды болса, ұрпағын ізгілікке, адамгершілікке  тәрбиелесе, сол сауап болып саналады.
Алла тағала оразамыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молаюын нәсіп еткей!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан К.Махсұт
29 наурыз 2022 ж. 7 235 0