Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңізден түлеген түлекпіз

Теңізден түлеген түлекпіз

Жүрегінен жыр, көңілінен нұр, төскейінен гүл кетпеген аймаңдай Аралдың атағы алты құрлыққа мәшһүр. Ал теңіз төскейінен түлеген тастүлектердің есімі бүгінде тарих беттерінде алтын әріптермен өшпестей қашалып қалды. Бір кездері буырқанып жататын ақ көбікті теңіздің ұлтаны тарылып, жағасының ақжемденіп қалғанына да жарты ғасырдай уақыт өтті. Содан бері мың өліп, мың тірілген мұндағы ағайынның да аумалы-төкпелі ғұмыры кім-кімді де алаңдатып, басынан кешкен нәубеті жанарыңа жас үйірмей қоймайды.
Тағдыр талайы теңізге қараған ел сонау дүрмекті шақтарда туған топырағынан алыстап, қасиетті мекеннің Бейбарыстай жусанына зарығып қалды. Кейбірі өлместің, өмірге келер ұрпақтың өшпестігін жасап, Қазтуған жыраудай “Қайырлы болсын сіздерге біздерден қалған Еділ жұрт” деп шерменде көңілде кетті.
“Ер - туған жеріне” демекші, қазақияның қай пұшпағында жүрсе де олар Аралын ұмытқан жоқ. Теңіз жүрегіне мөрдей, ақшағыл құмды төбесі зау бір биік өрдей болып қалды. Жан-жақта жүрсе де елдің дамуына, экономикасының ілгерілеуіне өз үлесін қосты. Еңбегінен зейнет көрді. Аралдық екенін үнемі мақтанышпео айтып жүрді. Сондай асқақ пейілді, ақжарқын мінезді, Ұялыдан ұшқан ұлардай болған азаматтың бірі – Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті автокөлікшісі, «Шапағат» медалінің иегері Бекқали Бекбауылов еді.
Бүгін сол Арал ауданы, Ұялы елді мекенінде дүниеге келген азаматпен тілдесіп, жан сарайына үңілмекпіз.
– Бекқали аға, сөзіміздің әуелгі беташарын өзіңіздің өмір өзеніңіздің бастау алған жерінен тарқатсақ?
–Мен 1952 жылы Арал ауданына қарасты, Ұялы ауылында дүние есігін аштым. Әкем Бекбауыл Еламанұлы №6 ауылда дүниеге келген. Әкем әуелгіде балықшылықты кәсіп еткен.  Содан кейін дүкенші болған. Наубайхана ашқан. «Ұялыға» сырт жақтан қоныс аударып келген, өзге ұлт өкілдерінің көп әсері болса керек, сауатты кісі болды. Әдепкіде Ұялы халқын нанмен қамтамасыз етті. Жан-жағына сыйлы болып, үзеңгілес достарына үнемі жанашырлық жасап жүретін. Қолынан келген көмегін аямайтын. Кейін тіпті бір жолдасы қатты сырқаттанғанда өз қаражаты есебінен Ташкентке апарып емдетіп келгені де бар. «Әкесі достың баласы дос» деген бар. Тіпті әкеміздің кей достарының балаларымен біз де сыйласып, өмір жолында жолдас болдық. Әкей жастайынан көп бейнет көргендікі ме, бізді де еңбек майданына ерте бейімдеді. «Айналайын, еңбек еткен жақсы. Біз үнемі сенің қасыңда жүре бермейміз. Ертеңдері өз тірлігіңді өзің жасайтын кез келеді. Сол кезде бүгінгі қимыл-қарекеттеріңнің, төккен теріңнің, шаршағаныңның пайдасы тиеді» дегенді айтатын. Әкенің сол сөзі өмірлік ұстаным болып қалды.
Ұялыдағы мектеп сегіз жылдық болатын. Сонда оқыдық.  Өз мамандықтарының білгірі атанған Алуадин Әбілмажанов, Алданыш Рамберлиев, Сансызбай Жансүгіров, Алуа Төлебаева секілді ұстаздардан дәріс алдық. Кейін сегіз жылдықты тәмамдаған соң, Қазалы ауданындағы Карл Маркс совхозындағы Ү.Түктібаев атындағы №24 мектепте жалғастырдық. Он жылдықты осында тәмамдадым. Біз туған топырақ сол кезде Арал ауданындағы ең үлкен шаруашылығы бар, 5 мың адам қоныс еткен ауыл еді. Кейін 1970 жылы «Ұялы» балық зауыты тарағаннан соң, елдің де тұрмысы қиындай түсті.
– Аға, ақын Шымберген Сүлейменов ініңіздің «Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді» деген сөзі бар. Туған топырақ дегенде көз алдыңызға не елестейді?
– Қазір жетпістің желкенін керіп тұрмыз. Шымберген інімнің сөзі – сөз екен. Адам жер шарының қай пұшпағында жүрсе де туған топырақ, ана алақаны, әке өнегесі, шыбық мініп, құлдыраңдап жүгірген жер көкейіңнен, жүрек түкпірінен өшпейді екен. Оған анық көзіміз жетті. Түсімізге ылғи теңіз, әсем шағала кіреді. Қай жерде жүрсек те айдынды Аралды ұмытқан емеспіз. Белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Талай елде болдым, талай нәрсені көрдім. Бірақ солардың бірі есімде болса, бірі есімде жоқ. Ал балалық шақтағы көріністер ешқашан жадымнан шыққан емес. Ылғи да көз алдымда тұрады» дегені бар еді. Сондықтан туған топырақты ұмыту, оны сағынбау мүмкін емес.
– Сіз жайында айтылған бір естелікте жақын құрдастарыңыздың «Бекқалиға риза болдық. Себебі ол біз туған Ұялыға барып, ауыл қонған орынға «Бұл жерде 1973 жылға дейін «Ұялы» деген елді мекен болған» деп мраморға қашатып, үлкен белгі қойды» дегені бар еді. Осыған тоқтала кетсеңіз? Жалпы бұл өнегелі ойға қалай келдіңіз?
– Өнегелі деп айтуға болмас, бірақ перзенттік борыш десек қателеспейміз. «Әркімнің туған жері – өзінің Мысыр шаһары» деген сөз бар. Есті азамат ауыл дегенде еміренбей, туған мекені туралы тебіренбей тұра алмас. Біздікі де сол тірлік. Торқалы топырақты осындай тағдырлы күйге түскені өзегіңді өртейді. Қазіргі жастар жағы білмес, біздің замандастарымыз Ұялының қандай деңгейде болғанын біледі. Ізіміздегілерге де тарихи мәлімет бола жүрсін, толықтыра өтейін. Ұялы аралы Арал теңізінің Қарақалпақ жерімен шектесетін, оңтүстік-шығыс жағында, теңіз ортасында орналасқан. Біз ес білгенде «Ұялыда» мемлекеттік балық зауыты және оның «Үш мырза», «Қосшоқы», «Ұзынқайыр», «Тасты», «Жалпақ» атты елді мекендері болып, әрқайсысында 50-60 жанұя, балық қабылдайтын пункт, бастауыш мектеп, дүкен болатын.
Сол маңда Қазақстан Республикасының бірінші Премьер-министрі болған, тұтас Аралдың мақтанышы Ұзақбай Қараманов дүниеге келді. Оның әкесі Ыңғаев Қараман Еңбек Қызыл Ту орденді, бұл награданы бүкілодақтық староста Калининнің қолынан алған.
Аралдан келген ірі-ірі кемелер «Көкіректен» айналып өтіп, жағалауға келіп тұратын. Алып кемелер балық зауыты үлгере алмаған балықты өздерінде қабылдап, өңдеп, сұрыптайтын.
Мұнда ауыл мәдениеті жақсы дамыды. Түрлі іс-шаралардан ауылдағы жалғыз клуб  босамайтын. Ауылдағы жастар ұйымы, мектеп ұжымы, орталық аурухана қызметкерлері кезек-кезек мереке сайын концерттік бағдарламалар, конференциялар, диспуттар өткізіп тұратын.
Арал теңізі 1960 жылдан тартыла бастады. Жан-жақтағы учаскелер жабылып, ауыл Ұялы  басына шоғырланды.  Халық жан-жаққа көше бастады. 1967 жылы Ұялы балық зауыты жабылып, Арал балық зауытына қарайтын бөлімше болып қалды. Ұялыдан әрісі алты Алашқа, берісі облыс, аудан көлемдеріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері көптеп шықты.
Кейін теңіз кетіп, су тартылды. Тұрымтай тұсымен, балапан басымен әуре болып кетті. Кейін маған туған жерге, ауыл орнына белгі қойсам деген ой келді. Ақтаудың ақ тасынан биіктігі 2 метр, ені 1,5 метр болатын «Ұялы теңізге қаратып» ескерткіш қойдық.
Кейін Ұялының атын өшірмеу, жастардың есінде қалдыру мақсатында естелік кітапша, өз сөзіме жазылған «Теңіз перзенті» деген ән шықты. Бұл ән ұялылықтардың қуанышты тойларында орындалып жүр. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде Ұялы атында көше бар. Бұл да болса ел мен елдің, қос ауданның бір-бірінің тарихына, өткеніне деген риясыз құрметі деуге толық негіз бар. Еншісі айырылмаған қос ауданның сыйластығының тағы бір белгісіндей осы көше қазір барша ұялылықтардың мақтанышына айналып тұр!
– Бәрекелді, аға! Туған жерге деген құрметіңіздің бір бөлшегі екені сөзсіз. Жалпы, елден ел ажырап, тағдырдың жазуымен Қазалы ауданына қоныс еттіңіздер. Білуімізше, көрші ауданда бірнеше мәрте аудандық мәслихат депутаты болдыңыз. Халық қалаулысы ретінде қандай мәселелермен шұғылдандыңыз?
– Иә, Қазалы аудандық мәслихатының бесінші, алтыншы шақырылымының депутаты болғаным рас. Жалпы, бұл абыройлы міндет маған зор жауапкершілік жүктеді. Қазалылық ағайын жатсынған жоқ. №14 Қожабақы сайлау округінен аудандық мәслихат депутаты болуым соның дәлелі.  Әрине сайлаушылардың аманатын орындауға күш-жігеріңді аямайсың. Мәселен, Қожабақы ауылындағы мектептің жылу жүйесін жөндеуге, Өркендеу ауылындағы балабақшаның жылу жүйесі ғимаратына қаржы бөлдіруге, Бірлік ауылынан жаңадан мектеп құрылысын салуға және Сол Жаға каналына көпір салдыруға ықпал еттік. Бірлік ауылы тұрғындарының тілегімен Рамберлі ишан мешітін салуды да қолға алдық. Әрине мұны мақтаныш үшін айтып отырғанымыз жоқ. Әйтсе де депутат болғаннан кейін жауапкершілікті сезіндік.
– Белгілі публицист, қарымды қаламгер, ақпарат саласының үздігі Нұрперзент Домбайдың сіз жөнінде «Алғыс арқалаған азамат» атты автобиографиялық кітабы бар екен. Сонда өзіңізбен қатар қызмет атқарған азаматтар сіздің қарапайымдылығыңызбен қатар қайырымдылығыңызға көптеп  тоқталған. Тіпті ел ішінде «Қазалының Атымтай жомарты» деген атыңыз да бар екен...
– Жалпы, біз соғыстан кейінгі қиын-қыстау, ел экономикасы тұралаған заманда туған буынбыз ғой. Қанша керемет дегеннің өзінде Кеңес үкіметінің тұсында да тойып тамақ ішкен, үлде мен бүлдеге оранып жүрген азаматтар некен-саяқ. Сол тұрмыстың ауыртпашылығын көріп өскесін бе, біздің буынның көпшілігінің көкейінде еліме, халқыма қызмет жасасақ, мейлінше біреуге қол ұшын созсақ деген арман-мұрат тұрды. Адам баласының тәрбиесі, жанының жомарттығы мен қолының ашықтығы өзі туып-өскен, айналасынан қайырымдылық көрген ортасына байланысты. Адам – қоғам бөлшегі дейтін болсақ, қоғамның да адамға ықпалы зор. Ұядай болған Ұялыда да сондай бір ерекше ілтипат, бір-біріне деген мейірім болатын. Мүмкін сол тал бесіктен алған тәрбие шығар, кейін кәсіп бастап, қолымыз аузымызға жеткен тұста көмек сұрап келген адамның қолын қайтармауға тырыстық. Жалпы, ата салтында да, баба дінінде де қайырымдылықтың үлкен сауап екендігі көп айтылады. Осы сәтті пайдаланып, елім деген азаматтарға халықшыл болып, көптің алғысына бөленгеннің үлкен абырой екендігін айтқым келеді. Қыран тектес қазақ жігіттері де сұңқар құсап шашып жесе деймін.
– Аға, елдің ықылас-пейіліне кенде емессіз. Жалпы, сіз жүріп өткен еңбек даңғылы қалай?
– Алғаш еңбек жолымды Ұялыда кассир-есепшілікпен қатар іс жүргізушісі болып бастадым. Кейін ардақты ағамыз рыбкомбинаттағы комсомол комитетінің хатшысы Құдайберген Абдраманов ағамыздың қолдауымен учаске жастарының жетекшісі болдық. Осылайша еңбек науқанына белсене араласуды бастадық. Кейін өмірдің түрлі өткелектерінен өттік. Әр жылдары әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде инспектор, Қазалы дайындау мекемесінде тауартанушы, директорының орынбасары, Энгельс атындағы совхоз жұмысшылар кооперациясында басқарма басшысы, «Жолаушы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры болдым. Сонымен «Қазалы такси» ЖШС-ін, «Нұршуақ» автостанциясы мен «Қазалы Отын» ЖШС басқарып келемін.
– Еңбектің еленгені жақсы. Арда туған азамат өз еңбегін бұлдау мүмкін емес. Жалпы, мемлекет тарапынан, жергілікті атқарушы билік тарапынан қандай марапаттар иелендіңіз?
– Жалпы, жұртшылықтан, сыйлас-қимастан еститін жылы сөзден артық нендей жоғары атақ болуы мүмкін?! Десе де облыс, аудан басшыларының Құрмет грамоталарын алдық. Сауда саласының үздігі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20,25 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Батыр шапағаты», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», медальдарын кеудеге тақтық. Шүкір, әр саладағы еңбектеріміз жоғары бағаланды. Өкпеміз жоқ.  Оның ішінде өз салам бойынша «Қазақстан Республикасының Құрметті автокөлікшісі», I дәрежелі «Еңбек даңқының» орны ерекше. Әрине атақ пен даңқ мәңгілік емес, бірақ мерейіңді өсіретіні рас. Әсіресе 2011 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің ұлықтау рәсіміне қатысып, Еңбек  және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Парыз – 2010» сыйлығының дипломанты атану үлкен бір мерейлі мезет болды.
Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға зор алғысымды білдіремін.

Сұхбаттасқан Е. ЖҰМАБЕКҰЛЫ
23 сәуір 2022 ж. 8 955 0