Серік Мұратбайұлы: Заң күшейсе де, қылмыс азаймай тұр
Сот жүйесі қызметінің ашықтығы мен жариялығы, сот жүйесіндегі реформалардың мазмұны, адамның сот арқылы қорғалу құқықтары мен бостандықтары және заңдағы өзгерістер мен толықтырулар төңірегінде Арал аудандық сотының судьясы Серік Мұратбайұлы Бертаймен сұхбаттасқан едік.
– Серік Мұратбайұлы, осы жылдың 1-ші шілдесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қолданысқа енгеніне бір жыл толды. Осы заңның тиімділігі мен қолданысы жайында айтып берсеңіз...
– Өткен жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің қолданысқа енуімен жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту мақсатында сот ісін жүргізудің жаңа институты пайда болды. Жаңа кодекс құрылымы бойынша екі бөліктен тұрады: бірі – рәсімдік бөлігі, екіншісі – сот ісін жүргізу бөлігі. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап, уақтылы шешу болып табылады. Күнделікті өмірде жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдардың қызметіне жүгінеді және олармен қарым-қатынас жасайды. Бұл қатынастардан даулардың да туындайтыны жасырын емес. Әлбетте, мұндай даулардың соңы сотқа шағымдануға ұласып жатады. Алайда көптеген азаматтар осындай жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болып жататыны жасырын емес. Бұған дейін мұндай даулар тараптардың теңқұқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралып келді. Алайда, мемлекеттік органмен жеке адамның арасында болатын дауларда жеке тұлға құқықтық жағынан әлсіз. Ал жаңа заңнама жария-құқықтық дауларда азаматтардың өз мүдделерін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде қорғай алуына барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Пайымдағанымыздай, осы аз ғана уақыт ішінде cоттың белсенді рөлі, процестік мәжбүрлеу шаралары, дәлелдеу міндеті, сот бақылауы, татуластыру рәсімдері сынды жаңа заңнаманың жаңашыл қағидаттары әділдік іздеп сотқа жүгінген азаматтарға да, әкімшілік істі қарайтын судьяға да өз тиімділігін көрсетіп үлгерді деп ойлаймын.
– Жаңа Кодексте судьяларған қандай міндеттер жүктелген?
– Жария-құқықтық дауларды қараудағы соттың белсенді рөлі судьяға бұл салада істі бүге-шігесіне дейін зерттеп, даудың мән-жайын анықтауға мол мүмкіндік беріп отыр. Судья процеске қатысушылардың ұсынған дәлелдемелерімен және істегі өзге де материалдармен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Өз бастамасымен немесе процеске қатысушылардың өтініш хаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды. Сондай-ақ заңмен мемлекеттік органдарға өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беру міндетінің жүктелуі азаматтардың теңсіздік ахуалында қалып қоюының алдын алып, қабылданған әкімшілік актінің негізділігін айқындауға сеп болады. Ал заңнамадағы процестік мәжбүрлеу шаралары процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Ондағы процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға белгілі бір мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану, процеске қатысушыларды процестік міндеттерді дәлме-дәл сақтауына итермелейді.
– Аудан бойынша жыл басынан бері қанша іс қаралды және қандай шешімдер шығарылды?
– Аудандық сотта жыл басынан бері 8 әкімшілік іс қаралса, соның барлығы тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуларымен аяқталған. Ымырамен аяқталған даулар бойынша талап қоюшылар өздеріне қолайлы шешімге қол жеткізсе, жауапкерлер жағы даудың әріге бармай, жылдам аяқталуына, оның бейбіт жолмен шешілуіне мүмкіндік алған. Жоғарыда айтып өткенімдей, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар Азаматтық процестік кодексі аясында қаралып, мұндай тұрғыдағы даулар бойынша татуластыру рәсімдерін қолдану мүмкіндігі заңда қарастырылмаған болатын. Демек, мұндай даулар ортақ бітімге келу жолымен шешілуге жатпайтын.
– Татуластыру рәсімдері демекші, жыл басында азаматтық іс жүргізу заңнамасына дауды сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы аяқтау мүмкіндігі туралы жаңашылдықтың енгізілгені жайында айтылған болатын. Осы жаңашылдықтың жүзеге асырылу тәртібіне тоқтала кетсеңіз.
–Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар енгізіліп, жаңашылдықтар жыл басынан қолданысқа енген болатын. Осы өзгерістер аясында Азаматтық процестік Кодексінде «Сотқа дейінгі хаттама» ұғымы пайда болды. Жаңашылдықтың басты мақсаты дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу мәселелерін дамыту болып табылады. Жаңашылдықтың жүзеге асырылу тәртібіне келетін болсақ, татуластырушы судья талап түскен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей тараптарға сотқа дейінгі хаттама жасау құқығы түсіндіріле отырып, татуластыру рәсіміне қатысуға шақыру жібереді. Әңгімелесу барысында тараптарға сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі мен салдары түсіндіріліп, ол бойынша пікір сұралады. Тараптар келіссе, оларға хаттаманың нысаны ұсынылады және оны рәсімдеу мерзімі белгіленеді. Сотқа дейінгі хаттамада тараптар дәлелдемелерді көрсете отырып, дауды бейбіт жолмен реттеудің нұсқаларын ұсынады. Тараптар сотқа дейінгі хаттаманы толтыру арқылы татуласса, татуластырушы судья 15 күннен кешіктірмей талапты өндіріске қабылдау туралы ұйғарым қабылдайды. Сондай-ақ тараптар ұсынған келісімнің заңға қайшы келмейтінін, келісім шарттарының орындалуы басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын тексеріп, келісімді сот ұйғарымымен бекітеді. Көріп отырғанымыздай, дауды сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы аяқтау тараптарға азаматтық іс қозғалғанға дейін дәлелдемелермен алмасуға, сол арқылы даудың нәтижесін пайымдауға, уақытын үнемдеуге, сондай-ақ бұрынғы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік бермек. Жыл басынан бері сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы татуласумен 49 талап қою аяқталған.
– Серік Мұратбайұлы, 2019 жылы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ішімдік ішіп көлік басқарғандарға жазаның күшейгенін білеміз. Қазіргі кезде сотта осындай дерекпен қаралып жатқан істер азайды ма?
– Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі, бұл көлікті мас күйінде жүргізу екендігі бәрімізге мәлім. Бұл көліктегі құқық бұзушылықтардың ішіндегі адам өміріне аса қауіп тудыратын әрекет болып табылады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заңымен бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіліп, кейбір қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жаза күшейтілді. Солардың қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (көлікті масаң күйде басқарғандарға жауаптылық көздейтін) 608-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жауаптылық түрлері қатаңдатылды. Оған дейін, жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соқса, бүгінде он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, бүгінде ішімдік ішіп алып көлік жүргізушілер саны азаймай отыр. Мәселен, Арал аудандық сотында өткен жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 68 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, осы жылдың 6 айында 43 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығы – мемлекеттік саясаттың негізгі бір бағыты. Осы орайда, сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығы жайына тоқтала өтсеңіз...
– Сот процесінің ашықтығы мен жариялылығы іс бойынша соттың әділ шешім қабылдауына септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан да істі қараудың нақты негіздерінің бірі – жариялылық. Жалпы өзге шет мемлекеттермен салыстырғанда, сот процесінің жариялылығын қамтамасыз ету біздің мемлекетімізде бүгінгі күні дұрыс жолға қойылып отырғанын баса айтуға болады. Қылмыстық және Азаматтық процестік заңнамалардағы сот талқылауының жариялылығы, ашық сот процесстеріне еркін түрде кәмелетке толған кез келген азаматтардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысып, жазу құралдары арқылы жазбалар жасауға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік жылдары сот жүйесі түрлі реформаларды басынан өткеріп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ашықтық пен жариялылық, ақпаратқа қолжетімділік тетіктерін жетілдіру бағытында сот жүйесінде түрлі электронды технологиялық жаңалықтар енгізіліп, бүгінде халық игілігіне қызмет көрсетуде. Сот жүйесі қызметінде «Сот кабинеті», «Дыбыс-бейнежазба құралын қолдану» сынды тетіктер сот ісінің ашықтығына және қолжетімділігіне орай енгізілген. «Сот кабинеті» – бұл электрондық ақпараттық сервис, ол сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе, сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған. Олай дейтініміз, азаматтар мен заңды тұлғалардың кез келген өзіне ыңғайлы уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, онлайн режимінде «Сот кабинеті» интернет-сервисі арқылы электронды түрде өз талаптарын жолдауға, сондай-ақ істің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Республика соттарының залдары дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталған. Еліміздегі кез келген соттың сот залдарынан дыбыс-бейне тіркеу құрылғыларын көруге болады. Сот процестері толықтай дыбыс-бейне жазбаларына таспаланады. Оны судьяның тоқтатуға, редакциялауға мүмкіндігінің болмауы азаматтардың сот отырысындағы жауаптылығын көтеріп, төреліктің әділ шығатынына сенімін бекітті. Сондықтан сот саласы халыққа барынша қолжетімді, жақын бола түсуде деп айта аламыз.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет.
Сұхбаттасқан Н. Маратқызы