Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Иә, біздің елде жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік мол. Ешкім ештеңеге кедергі келтірмейді. Айлығың шайлығыңа жетпей жүргеннен жеке кәсіп ашып, өзің жұмыс көзін тауып, нәпақа тапқанға не жетсін! Соңғы кезде елімізде кәсіп бастауға қызығушылық танытатын жандардың қатары артуда. Кәсіпті бастау үшін алдымен адамның сол кәсіпке деген ынтасы, талабы болу керек. Дегенмен көпшілігінің кәсіп жүргізуге қызығушылығы болғанымен, біліктілігі мен қаржының жетіспеушілігі кедергі болып жатады. Осы кедергілерді болдырмау үшін елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. Осы орайда аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Жанаевпен тілдескен едік.
– Қарапайым тұрғындарға түсінікті болу үшін кәсіп ашқысы келген адам алдымен неден бастау керектігіне тоқталсаңыз. Сондай-ақ ауданда мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы туралы да айтып өтсеңіз...
– Кәсіпкерлікті бастау үшін ең алдымен адамның ынтасы, кәсіпке деген қызығушылығы мен небір тәуекелге дайын болуы қажет. Қай салада кәсіп ашқыңыз келеді, қаржының көлемі де соған байланысты. Бүгінде бізде шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөлінуде. Яғни кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген адамға бар мүмкіндік қарастырылған. Кәсібін енді бастаймын деуші азаматтарға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 583 400 мың теңге қайтарымсыз қаражатына 430 азамат қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастады. Қазіргі таңда бұл бағдарламаның атауы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба болып өзгеріп, қайтарымсыз грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке, яғни 1 225 200 теңгеге өсті. Бұл дегеніміз кәсібін ашамын деуші азаматтар өз қалтасынан қаражат шығармай, ешқандай несиесіз мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қайтарымсыз грантты жеңіп алып, өз кәсібін бастауға үлкен мүмкіндік.
Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 000 000 мен 5 000 000 теңге аралығында инновациялық жобаға қомақты қайтарымсыз қаражат алып, кәсіп бастауға болады. Өткен жылы осы мүмкіндікті пайдаланып ауданымызда 4 жас кәсіпкер жалпы құны 14,5 млн теңгені жеңіп алып өз кәсіптерін бастап, 14 адамды жұмыспен қамтыды. Атап айтатын болсақ, "Су ұңғымасын бұрғылау" жобасы, "Пескоблок өндірісі" жобасы, Сексеуіл кентінде "Балалар, ДЦП мүгедектеріне және ересектерге арналған массаж кабинетін ашу" жобасы, "Түйе сүтінен сүт өнімдерін өндіру, яғни шұбат өнімі" жобасы. Ағымдағы жылы осы бағдарлама арқылы 1 жоба қолдау тапты. Ол – "Фибробетоннан құрылыс заттарын өндіру" жобасы. Бұл жастар өз әлеуеттерін кәсіп ашу арқылы көтеріп қана қоймай, аудан тұрғындарына өз өнімдері мен қызметтерін көрсету арқылы септігін тигізуде.
–Ауданда кәсіпкерліктің даму барысы қандай деңгейде және мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы ұйымдары арқылы қандай жұмыстар қолға алынды? Атқарылған жұмыстар жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...
– Кәсіпкерлік саласы – еліміздің басты секторы. Қазіргі таңда аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің бастамасымен индустриялық- инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауданымыз бойынша бүгінгі күнге тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 5197 бірлікті құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 19,1 пайызға өсім көрсетті. Ал жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4800 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 23 пайызға артқан. Жыл басынан бері (қаңтар-шілде айлары) аудандағы бөлшек сауданың көлемі 3,620 млрд теңгеге, көтерме сауда 9,782 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар өнеркәсіп орындары 13,144 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 28,7 пайызға артқан.
– Ауданда шағын және орта бизнес көкжиегін кеңейтіп келеді. Осы бағытта ауданда қандай жобалар іске асады деп күтілуде?
– Қазіргі таңда ауданымызда индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 158,48 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1352 адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті дамыту картасына аудан әкімдігі тарапынан қосымша жалпы құны 5674,5 млн теңге болатын, іске қосылғанда 448 азаматты жұмыспен қамтитын 5 жобаны енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Олар: «Қап өндіру», «Құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіру»,«Мал бордақылау алаңы және шұжық өндіру цехын ашу», «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау», «Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, төсеме тастар (брусчатка) өндірісі» жобалары.
– Мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражаттары кәсібін енді бастайтын азаматтарға арналған болса, кәсібін одан әрі дамытамын, кеңейтемін деуші кәсіпкерлерге де мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары қарастырылған?
– Қазіргі таңда кәсібін одан әрі дамытамын, кеңейтемін деуші кәсіпкерлерге біршама қолдаулар бар. Атап айтатын болсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы жылдық жарнасы 6%-бен 5 жылға кепілдікке койылатын мүліктің (залог) бағасына қарай 7 млрд теңгеге дейін төмендетілген несие алып, кәсіптерін дөңгелетсе болады. Бұл жерде екінші деңгейлі банктер кәсіпкерге 14,5% -бен несие берсе, оның 8,5 %-ын мемлекет субсидиялайды.
Сондай-ақ кепілдік мүлкі жоқ кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 жылға 5 млн теңге көлемінде 6%-бен кепілсіз несие беру қарастырылған.
Бұдан бөлек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Atameken Qyzylorda» микроқаржылық ұйымы арқылы 1 млн теңгеден бастап 7 млн теңгеге дейін жылдық 6% жарнамен 5 жылдан 7 жылға дейін несие алуға болады.
«Аграрлық несие корпорациясы»АҚ арқылы жылдық 4%-дан 6%-ға дейін 1 жылдан 5 жылға дейін несие қарастырылған. Бұл қаржы ұйымының бір тиімділігі 24 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Басқаша айтқанда каникул. Бұл жерде 4%-дық жарна көп балалы аналарға қарастырылған.
«Қызылордаөңірлік инвестициялық орталық шағын қаржылық ұйым» ЖШС арқылы жылдық 2%-дан 6%-ға дейін несие алуға болады. Бұл жерде 2%-бен несие тек өнім өндіруші кәсіпкерлерге беріледі.
– Ренат Қуанғанұлы, келелі сұхбатыңыз үшін рақмет. Енді оқырмандарға айтарыңыз болса...
– Жоғарыда айтып өткенімдей, кәсіпкерлікті дамыту арқылы біз ауданымыздың экономикасын, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге жағдай жасаймыз. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан кәсібін бастаймын немесе өз кәсібін одан әрі жандандырамын деуші азаматтарға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек жұмыс жасаймын, өз кәсібімді ашамын, жағдайымды жақсартамын деген адамға талап пен ынта керек. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау арқылы елдегі шағын және орта бизнесті өрістетуге байланысты тың жобаларды іске асыру жөнінде өз ұсынысын айтқан болатын. Алдағы уақытта басты мақсат – ел экономикасын одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты бірқатар ауқымды шараны жеделдетіп қолға алу жолында тынымсыз еңбек ету.
К. Махсұт
27 қыркүйек 2022 ж. 4 896 0