Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудан көлемінде жастар саясатының даму барысы қандай?

Аудан көлемінде жастар саясатының даму барысы қандай?

«Ертеңгі ел болашағы – жастар қолында» демекші, бүгінде мемлекет тарапынан жас буынға біршама мүмкіндік қарастырылғаны белгілі. Жастар жылы аясында да көптеген жұмыстар өз нәтижесін беріп, мемлекет дамуына зор үлесін де қосқан болатын. Ендігі кезекте бүгінгі аудандағы жастар саясатының деңгейі жайында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Абай Әбілбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жастар саясатына қашан келдіңіз? Яғни, жастармен байланыс жұмыстарына жақын болдыңыз ба?

– Қазіргі қоғамға бейімделуім және осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерім тікелей жастар саясатымен байланысты. Себебі мектеп қабырғасында жүрген уақытта да, сондай-ақ студенттік кезеңдерде де тікелей осы саламен ұштасқан еді. Сонымен бірге, әрине қазіргі жұмыс барысым да толықтай жастар саясатына байланысты екендігі анық. Мектеп қабырғасында жүрген кездері білім ордасының қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрдім. Аудандық оушылар үйінің «Көшбасшы» үйірмесінің мүшесі ретінде аудандық және қалалық іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қостым. Міне, осы кездерден бастап бойымда көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиеттер қалыптасып, жаңашыл ортаға деген қызығушылығым пайда болды. Сөйтіп, жастарға арналған түрлі облыстық және аудандық шаралар мен форум, жиындарға белсенді қатысып, 2013 жылы облыстық Жастар съезіне делегат болып сайланған болатынмын. Міне осылайша студенттік уақыттарда да белсенділер қатарынан көрініп, командамен жұмыс істеуді меңгеріп, бойымдағы қабілетімді шыңдадым.

– Еңбек жолыңыздың басталуы жайында айтып берсеңіз? Бұл салаға толықтай қадам басуыңыз бен ондағы жолдар?

– Еңбек жолымды жастармен жұмыстан, яғни жастар саясатының жұмыстары мен жобаларын үйлестіретін, аудандық жастар орталығында маман болып бастадым. Қай жұмыстың болмасын қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі. Осы салада да жастарға мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі ақпараттарды насихаттап, жаңаша түрдегі тренингтер мен кездесулер ұйымдастырып, атаулы саланың жұмысын әрі қарай дамытуға барынша ықпал еттім. Осының нәтижесінде сол кездегі аудан әкімі М.Оразбаев пен қазіргі «AMANAT» партиясы Арал ауданы бойынша филиалының төрағасының ұсынысымен аудандық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы лауазымына тағайындалдым. Кейін 2020 жылдың күз мезгілінен бастап бүгінгі күнге дейін аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры қызметіндемін.

– Аудан бойынша жастар саясатын дамытуда атқарған жұмыстарыңыз туралы айтсаңыз?

– Көптеген жыл көлемінде «Жастар ресурстық орталығы» аудан бойынша көпшілік-мәдени іс-шаралардан бастап, қайырылымдылық шараларын да қалыс қалдырған емес. Ақпараттық-мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды ақпараттандырып, сонымен бірге белсенділер бойынша жүйелі жұмыс жасаудамыз. Өткен жылғы ауданда орын алған қуаңшылық кезеңінде аудан белсенділері болып тұрмысы төмен отбасыларға, сонымен бірге ауылдық округтерге шөп тасу бойынша көмек көрсеттік. Биыл жаз мезгілінде орталық алаңда жастарға арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырумен қатар, шағын мөлтек аудан жастарына арнап қызықты кештер ұйымдастырдық. Сондай-ақ көлемді шаралардан да жастарды қалыс қалдырмадық. Мәселен, тұрақты түрде спорттық, кездесу, семинар-тренингтер мен көшбасшылық бойынша мектеп, колледж жастары арасында үздіксіз кездесулер ұйымдастылырып келеді. Жалпы жыл көлемінде ұжым болып 125 шара  ұйымдастырып, оған 4837 жасты қамтыды. Сонымен бірге жыл басынан орталық 12бағыт бойынша жоба әзірлеп, жоба бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.

– Жастармен жұмыс істеу өзіңіздің сүйікті істеріңіздің бірі екендігі байқалып тұр. Ендігі кезекте бұл сала бойынша жеткен жетістіктеріңіз жөнінде сөз қозғасақ?

– Жастар саясаты бойынша алғаш 2013 жылы Жастар съезінің делегаты болдым. Сонымен бірге колледж қабырғасында жүрген сәттерде де біршама жетістіктерге жеттім. 2017 жылы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен марапатталсам, 2019 жылы Ақтөбе облысы, жастар басқармасының басшысының Алғыс хатын алдым. Сондай-ақ 2019 және 2020 жылдары сол кездегі аудан әкімі М.Оразбаевтың Алғыс хаты, 2021 жылы Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекованфң Алғыс хатын алған болатынмын. Осы 2022 жылы жуырда өткен жастар форумында Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаевтың Алғыс хатымен марапатталдым.

– «Жастар саясаты» жайында жаңа Заң қабылданғаны белгілі. Яғни, бүгінге дейін 18 бен 29 жас аралығы бойынша жұмыстар қайта қаралып, 35 жасқа дейін ұзартылмақ. Сіздің ойыңызша, бұл дұрыс па? Егер атаулы өзгерту нақты енгізілген жағдайда жастарға қандай пайда әкелер еді?

– Сенат депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында жастардың жастық межесін 35 жасқа дейін ұлғайту туралы заң жобасын талқыланған болатын. Әрине, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі алдағы уақытта 35 жасқа дейінгі тұлғалар да жастар саясатына арналған барлық дерлік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл дегеніміз алдағы уақытта қоғамның қозғаушы күші жастарды қолдауға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп білемін.

– Аудан бойынша жастар саясатын дамыту үшін алдағы уақытта тағы қандай шараларды іске асырмақсыздар?

– Мемлекеттік жастар бағдарламасын кеңінен дамытуды қолға алмақпыз. Сонымен бірге аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында арнайы креативті жобаларды іске асырып, жастар саясатын дамыту бойынша алдағы уақытта біршама жұмыстар атқарылмақ.

– Абай Сәкенұлы, сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.НҰРЛАНОВА
12 желтоқсан 2022 ж. 3 754 0