Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әмбебап қаламгермен әңгіме

Әмбебап қаламгермен әңгіме

Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі, өңірімізде жарық көрген «Сыр айғағы», «Ай-ару», «Құрылтай» газеттерінде, 2017 жылдан бері «Арал әлемі» газетінде бас редактор, әдебиеттің бірнеше жанрында жарық көрген «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы», «Өмірімнің өлеңдері», «Ақиқаттың ақтаңгері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыстың найзағайы», «Аралдық желтоқсаншылар», «Аралдың адамдары» кітаптарының авторы жуырда ғана 65 жылдық мерейтойын аудан көлемінде атап өткен Ерғали Абдулламен сұхбаттасқан едік.

–Биыл мерейлі 65 жасқа келіп жатыр екенсіз. Осы жасқа дейін біршама дүниелеріңіз баспа бетін көріп,ел-халыққа танылдыңыз. Енді ең алғаш қалам алған кезіңізді еске бір түсіре кетсеңіз ...
– Қаладағы №199 мектептің 5 сыныбында оқып жүргем. Бірде мен қатысатын «Әдебиет» үйірмесі Аралдың белгілі ақындары Әмірадин Әленов пен Серік Сейітмағанбетовпен кездесу ұйымдастырды. Өлеңдерін жатқа оқыдық. Екі ақынның әр сөзі, әр сәті осы күнге дейін есімде. Сірә, ақындарды пір тұтып жүрсем керек, екеуіне табындым да қалдым. Сол күні түннің бір уағына дейін өлең шимақтадым. Ұйқым келер емес. Түннің бір уақытында шешемді оятып, әлгі «өлеңдерімді» оқып бергенмін. Ол кісі «жақсы екен» деді. Содан ертеңіне конвертке салып, «Толқын» газетіне салып жібердім. Басылмады. Бірақ Серік ағамыз редакцияға түскен өлеңдерге шолу мақала жазғанда мені атап өтіпті. Өлеңінің ұйқасы бар деп мақтап та қойыпты. Газетке шыққан әр сөзді халықтың қалт жібермей оқитын уақыты ғой. Үлкен сыныптың оқушылары мені «ақын бала» атап шақыратын болды. Сөйтіп, өлеңім шықпаса да ақын атанғанмын. Мектеп қабырғасында жүріп, сол шақтағы қазақ ақын-жазушыларының бірқатарының кітаптарын оқып шықтым десем, мақтанғандай болмас.
– Бір поэзиялық кітабыңыз «Өмірімнің өлеңдері» аталады. Ғұмырыңыздың әр сәтін өлеңге айналдырып отырдыңыз ба?
– Ол кезде жазғандарыңды басатын газет-журналдар аз, жариялайтын бүгінгідей әлеуметтік желілер де жоқ. Бірақ жазып жүргенім шындық. 1982 жылы Қызылорда облысының ақын-жазушыларының «Дария жыры» атты ұтымды жинағы шықты. Осы жинақ аймақ руханиятында бір елеулі оқиға болды. Менің бірнеше өлеңім осы кітапқа енді. Және авторлардың ішінде ең жасы болдым. Жиырмадан жаңа асқан кезім. Бір қызығы, сол кітапқа енген өлеңдеріме филология ғылымдарының докторы, белгілі сазгер Тынысбек Қоңыратбаевтың («Толқынның» алғашқы редакторы Әуелбек Қоңыратбаевтың баласы) әндер шығарып, республикалық басылымдарда «Қазақ әндері» кітабында жариялағаны бар. Сол «Сағыныш», «Жазғы таң» әндерін жергілікті әншілер Алтынгүл мен Айнаш айтатын... Ал өлеңдерім түрлі басылымдарда жарияланып жүрді. Бағасын оқырман береді емес пе? «Бекмырза хан» атындағы мүшәйрада І орын, «Жетес би» атындағы мүшәйрада ІІ орын алғам. Кейінгі жылдары бірнеше облыстық мүшәйраларда бас жүлдені еншілеп жүрдім. Әрине не жазсақ та өміріміздің айнасындай боп, жүректен төгіліп шығатыны анық. Әр ақын лирикада өзі бас кейіпкер болатыны шындық. Сондықтан да өлеңдерімнің басын біріктірген кітабыма «Өмірімнің өлеңдері» деп ат бергенмін. Биыл «Аралдың адамдары» деген екінші кітабымды шығардым. Дегенмен бертін келе өлеңнен гөрі басқа жанрларға ат ізін сала бастадық...
– Жуырда ғана 70 жасын тойлаған аралдық ақын Толыбай Абылаевтың кейін шыққан кітабында жарияланған сізге арналған өлеңін «Әмбебап қаламгер» деп атапты. Өзіңізді жақсы білетін аға-досыңыздың бұл сөзі тегін айтылмаса керек-ті...
– Рас сөз. Өлеңмен қатар біраз жыл сатираның сынын жалау қылып көтердік. 1980-1990 жылдары барлық дерлік облыстық, республикалық газет- журналдарға апта арылтпай әзіл-сықақ әңгімелерім үзілмей шығып тұрды. 1986 жылы әзіл-сықақ жазудан «Ара» журналы жариялаған республикалық «Жатып атар» атты бәйгеде ІІ орын жүлдегері атанғаным бар. Скетч-интермедияларымды атақты Алматының «Тамаша» театры, облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрдың «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауы, жергілікті «Тамаша» да әр мейрам сайын қойып, көрерменді күлкіге қарық қылып жүрді. 2000 жылдардың басында осынау сатиралық дүниелерімді «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы» атты кітаптар етіп шығардым. «Күлкіде шек жоқ, әзілде кек жоқ» дегендей, өмірдің, қоғамның көлеңкелі сәттерін сынға алып, тосқауыл болу – сатираның міндеті. Алдағы уақытта сәті түссе жарық көретін бір сықақ кітабым бас-аяғы түгенделіп дайын тұр. Төкең тауып айтса айтқандай, көркем новелла-әңгімелерім де жылдар бойы жазылып келеді. Ең алғашқы әңгімем «Бір келіншек» 1978 жылы осы «Толқынның» екі санында суретіммен жарияланған. Сосын мениатюралық әңгімелерімді «Ағаш қазан астындағы от» деген көлемді кітап қылып шығарғанмын. Бұл кітапты іздеп оқып жүргендер бар. Соңғы 20 жыл көлемінде журналистика саласында белсенді қызмет етіп келемін. Әр жылдары оқырмандарымен табысқан «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай-Ару», «Құрылтай» басылымдарында, ал соңғы бес жылдан бері «Арал әлемі» газетінде редактормын. Газеттің ағымдағы дүниелерімен бірге, туған жеріміздің, оның тұлғалары, аңыздары мен ақиқаттары туралы өлкетанушылық бағытта үзбей жазып келемін. Ал деректі кітаптарым «Аралдық желтоқсаншылар», «Жасампаз ғұмыр» (белгілі нартұлға Жетесов Жақсылық туралы) өз бағасын алды деп ойлаймын. Желтоқсаншы қаһармандарды жерлестеріне таныстырып, бұл жұмысымды әлі де жалғастыру үстіндемін...
– «Достарым қайда кешегі,
Қызыл бір тілдің шешені.
Жалындай жанып, өртеніп,
Жібермес жанға есені», – деп өлеңдеткен екенсіз. Сіздің достыққа мықты екеніңізді қатарластарыңыз, інілеріңіз айтып жүреді... Достарыңыз көп пе?
– Бір данышпан айтқан екен: «Аз адаммен дос боламын, бірақ ақырына дейін дос боламын» деп. Мінездің тұйықтығы бар, басқадай да себептер бар шығар, көп адаммен дос бола алмаппын. Алайда «кеудеден жан кеткенше» дейтіндей достарым, сосын қатты сыйлайтын ағаларым, замандастарым бар, Құдайға шүкір.
Біздің Аманғос Есмұрзаевпен достығымызды білетіндер тілге тиек етіп айтып жатады. Шынымен де солай болар. Бесінші сынып оқып жүргенде басталған достық досымның соңғы күніне дейін ұласты. Бір-бірімізге тіреу, сүйеу, сондай-ақ бір-бірімізге ұстаз да бола білдік. Бірімізден біріміз үнемі үйреніп отырдық. А.Есмұрзаев – өңірімізге танымал тұлға. Мектеп директоры, облыстық мәслихат депутаты, қоғамдық ұйымның жетекшісі болды. Үнемі өлең жазып жүретін. Айналасына мейірім шуағын төгіп, қол ұшын беріп жүретін. Бірақ ғұмыры тым қысқа болды. 40 жасында бақилық болып кетті. Дүниеден өткен соң оның жазған өлеңдері «Айсыз түнгі ақ жұлдыз» атты кітап болып шықты. Өлеңдеріне әндер жазылды. Есімі әрқашан еске алынып отырады. «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, досымды өлгендердің қатарына жатқызбаймын. Оның рухы дем беріп ол туралы «Ақиқаттың ақтангері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыстың найзағайы» атты 3 кітап жазып, жинақтап шығардым. Соларда көптеген естеліктерім мен өлеңдерім көп жайды көрсетеді. Достық жүрегімді танытады. Айтпақшы, оның есіміне қаламызда көше берілген, мен сол Есмұрзаев көшесінде тұрамын...
– Алдағы уақытта қандай мақсатты жұмыстарыңыз бар. Айта отырсаңыз?
– Иә, қаламда қартаю болмайды дейді журналист ағаларымыз. Біз де сол соқпақпен келеміз. Әлі жазар тақырыптарымыз да жетерлік. Айдынды Арал туралы әрбір деректі көздің қарашығындай жинап, сақтап жүрмін. Болашақта «Арал күнтізбесі» атты 366 беттік шежірелік каленьдар шығарсам деймін. «Арал ақындары» атты антологиялық-хрестоматия шығарсам мектеп оқушыларына, жалпы жерлестерімізге үлкен сый болар еді. Осыны қолға алып жүрмін. Және қаржын-тартпамда дайын жатқан 4-5 кітапты жарыққа шығарсам – ұрпаққа мұра болып қалатындай реті бар... Әуелі Алла денсаулық берсе, ғұмыр сыйлай берсе, айдынды Аралдың руханиятына қоса берерім сөзсіз.
– Рақмет, аға!
Әңгімелескен Н. Маратқызы
24 желтоқсан 2022 ж. 3 591 0