Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тілсіз жаудың алдын алып жүрміз бе?

Тілсіз жаудың алдын алып жүрміз бе?

Еліміздегі түйткілді мәселелердің бірі – төтенше жағдайлардың жиі орын алуы екендігі анық. Негізі әр адам қауіпсіздікті өзінен бастап, сақтық шараларын ұстанып жүрер болса, өрт пен суға кету оқиғалары болмасы белгілі. Кей адамдардың салғырттығынан немесе табиғатқа деген аяусыздығы салдарынан қаншама адам төтенше жағдайларға тап болып жатыр десеңізші?! Осы тұста аудандағы төтенше жағдайлардың мән-жайын білу мақсатында Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау лейтенанты Дінисламбек Алмасбекұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Дінисламбек Алмасбекұлы жыл басынан бергі аудан көлемінде орын алған төтенше жағдайлар туралы айтып өтсеңіз?!
– Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша біршама жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен бірге тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескерту үздіктіз атқарыла беретін жұмыс. Жалпы аудан бойынша жыл көлемінде 23 өрт оқиғасы орын алды. Тұрғын үйде 8 өрт оқиғасы орын алса, көлікте 8 өрт оқиғасы орын алды. Сонымен бірге басқа да нысандар бойынша 7 оқиға және де 44 өртке жатпайтын жану оқиғалары орын алды. Барынша тұрғындарға өрттің алдын алу қажет екендігін және қауіпсіздік жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар әдейі өртті қолдан жасамайтыны анық. Алайда мұндай оқиғалар көбіне кездейсоқтықтан орын алып жатады. Сол үшін адам бұл жағдайға аса мұқият болып, жауапкершілікпен қарағаны жөн.
– Қаладан тыс жерлерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда біршама қиындыққа ұшырайтындарыңыз белгілі. Мәселен, аудан орталығынан біршама алыс орналасқан ауылдық округ пен кенттерде атаулы оқиға орын алған жағдайда қандай әрекет жасайсыздар?
– Ауылдық округ пен кенттерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шығады. Сонымен бірге елді мекендер қалаға қашық орналасуына байланысты өрт сөндіруші мамандарының бару уақыты да ұзаққа созылып жататыны рас. Осы жағдайда халық пен мамандардың арасында түсініспеушілік туындап жататыны да жасырын емес. Дегенмен хабарлама түскен уақытта 1 минут ішінде 7 қызметкер мен 1 техника оқиға орынына жөнелтіледі. Ал егер өрт жалыны ұлғайған болса 2 ранг беріледі. Бұл жерде ранг дегеніміз – қосымша көмек шаралары болып табылады. Барынша жедел жетуге тырысамыз.
– Қыс мезгілінде көбіне көліктер жолда тұрып қалып жатады. Осындай жағдайда қандай әрекетке барасыздар?
– Төтенше жағдайлар бөлімі қызметі мұндай жағдайда ең алдымен оқиға орына барып, ондағы келеңсіз жағдайда қалған адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге адамдарды жақын жердегі демалыс орындарына жеткізуді қамтамасыз етеміз.
– Өрт сөндіру техникалық құрал-жабдықтарыңыз қай кезде болмасын маңызды. Яғни, оның толықтай қамтамасыз етілуі төтенше жағдайлар орын алған сәтте білінеді ғой. Осы тұста құрал-жабдықтарыңыз толықтай қамтамасыз етілген бе?
– Қазіргі таңда №3 МӨСБ 8 негізгі автокөлік жұмыс жасайды. Сондай-ақ жендер 3 иінді саты, оқпандар тағы да басқа құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
– Дінисламбек Алмасбекұлы, жаз мезгіліндегі суға түсу маусымы бойынша орын алған оқиғалар жайында айтып өтсеңіз?!
– Суға түсу маусымы барысында 1 адам суға кету оқиғасы тіркелді. Сонымен бірге атаулы маусым ішінде аптаның сенбі, жексенбі күндері Қамбаш көлінде сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін Арал ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері рейд жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге демалушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы үнпарақтар таратылды. Демалыс орындары мен ауылдық округтерде барлығы 17 билборд орнатылды.
– «Басты жау – өрт» екендігі белгілі. Осы тұста оқырмандарға өрттің алдын алу үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Жалпы әр адам төтенше жағдайлардың алдын алуы қажет. Яғни, кішкентай бір қоқысты өртегеннің өзінде қауіпсіздік шараларын қолданып, мұқият болғаны жөн. Себебі кішкентай нәрсенің өзі үлкен өртке жалғасып кетуі әбден мүмкін. Сонымен бірге үйдегі кішкентай балаларға да өртпен ойнауға болмайтындығын жиі айтып, келеңсіз жағдайдың алдын алған дұрыс. Мұндай жағдайлардың орын алмағаны барлығымыздың қауіпсіздігіміз үшін қажет. Сол үшін тұрғындар бұл іске келгенде немқұрайлылық танытпаса деймін.
– Дінисламбек Алмасбекұлы, сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.НҰРЛАНОВА
22 тамыз 2023 ж. 5 136 0