Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әр адам қауіпсіздікті өзінен бастауы қажет

Әр адам қауіпсіздікті өзінен бастауы қажет

Соңғы жылдары елімізде төтенше жағдайлар жиілеп кеткені жасырын емес. Түрлі қайғылы оқиғалардың салдарынан қаншама адам зардап шегіп жатыр десеңізші?! Осы тұрғыда бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау лейтенанты Дулат Сейіловпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Дулат Нұрбекұлы бүгінгі күні аудан көлемінде орын алған төтенше жағдайлар жөнінде айтып өтсеңіз?

– Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша біршама жұмыстар атқарылып келеді. Жалпы аудан бойынша жыл көлемінде 47 өрт оқиғасы орын алды. Оның 65 пайызы тұрғын үйдегі өрт болса, 10 пайызы көлік өрттері, ал қалған 25 пайызы өртке жатпайтын жану оқиғалары тіркелген болатын. Бұл оқиғалар бойынша адам шығыны жоқ. Біз барынша қалың көпшілікке өрттің алдын алу жолдарын түсіндіріп жатамыз. Дегенмен адам өрттің шығу оқиғасын қолдан әдейі жасамайды ғой. Мұның барлығы күтпеген жерден болатын оқиға екендігі белгілі.

– Қаладан тыс жерлерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда қандай әрекет жасайсыздар? Мәселен, ауылдық округ пен кенттерде аталған оқиға орын алған жағдайда?

– Ауылдық округ пен кенттерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда №3 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шығады. Сонымен бірге елді мекендер қалаға қашық орналасуына байланысты өрт сөндіруші мамандарының бару уақыты да ұзаққа созылып жатады. Осы жағдайда халық пен мамандардың арасында түсініспеушілік туындап жататыны да жасырын емес. Дегенмен хабарлама түскен уақытта 1 минут ішінде 7 қызметкер мен 1 техника оқиға орынына жөнелтіледі. Ал егер өрт жалыны ұлғайған болса 2 ранг беріледі. Бұл жерде ранг дегеніміз – қосымша көмек шаралары болып табылады.

– Дулат, қыс мезгілінде көбіне көліктер жолда тұрып қалып жатады. Осындай жағдайда қандай әрекетке барасыздар?

– Төтенше жағдайлар бөлімі қызметі мұндай жағдайда ең алдымен оқиға орына барып, ондағы келеңсіз жағдайда қалған адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге адамдарды жақын жердегі демалыс орындарына жеткізуді қамтамасыз етеміз.

– Өрт сөндіру техникалық құрал-жабдықтарыңыз жөнінде айтып өтсеңіз? Толықтай қамтамасыз етілген бе?

– Қазіргі таңда №3 МӨСБ 8 негізгі автокөлік жұмыс жасайды. Сондай-ақ жендер 3 иінді саты, оқпандар тағы да басқа құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.

– Балық аулау мезгілінде қанша оқиға орын алды?

– Балық аулау бойынша бүгінге дейін ешқандай оқыс оқиға орын алмады. Бүгінде балықшыларға немесе аңға шығатын адамдарға ескерту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге мұздың үстінде жүрмеу мен аңшылыққа шықпауға байланысты үгіт-насихат жұмыстарын Төтенше жағдайлар бөлімі кең көлемде таратып келеді.

– Жаз мезгіліндегі суға түсу маусымы бойынша орын алған оқиғаларды айтсаңыз?

– Жаз мезгілінде Қамбаш көлінде бір қайғылы оқиға орын алып, 1 адам қаза тапқан болатын. Айта кетсек, жаз бойы №3 МӨСБ және Төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп үгіт-насихат шараларын жүргізді.

– Үгіт-насихат жұмыстары демекші, жалпы атаулы жұмыс барысы туралы айтып өтсеңіз?

– Осы уақытқа дейін өрт айлығы болды. Аптасына 3 рет қызметкерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде елді мекендерді қосқанда 11 мыңға жуық тұрғын үйге үгіт жұмыстары жүрді.

– «Басты жау – өрт» екендігі белгілі. Осы тұста оқырмандарға өрттің алдын алу үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Тілсіз жаудан қорғануды әр адам өзінен бастауы қажет. Үйдегі өрт қауіпі бар дүниелерге жауапкершілікпен қарап, алдын алғаны дұрыс. Жалпы өрт қауіпсіздігінің шараларын сақтау – өмір кепілі екендігін ұмытпаған абзал.

– Дулат Нұрбекұлы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.НҰРЛАНОВА
05 желтоқсан 2022 ж. 3 868 0