Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әні әсем Зарауха

Әні әсем Зарауха

"Өнер мен дәулет қонған жер" деп ақын мақта¬ныш тұтқандай айдынды өңірден небір күміс көмей, бұлбұл үнді әншілер шыққан. Солардың бірі - бүгінде Қызылорда қаласында тұрып жатқан еңбек ардагері Зарауха Әлімбетова. Алдыңғы толқын үлкендер кейде әншілер мен ән туралы әңгіме қозғалған сәтте: "Шіркін, Зарауха салған ән қандай еді!" деп тамсанып отырады. Шынымен де бүгінде Зарауханның әнін тыңдамағалы көп болған сол бір кездегі қол соққан табынушылары өздерінің сүйікті әншілері туралы білгісі келеді. Міне, бүгін реті келіп Аралдың сондай бір әсем үнді әншісі Зарауха Әлімбетовамен тілдесіп отырмыз.
– Сіздің әншілігіңіз туралы, айтқан әндеріңіз туралы кезінде баспасөз бетінде көп жазылды. Десек те жастар жағы ол жағынан хабарсыз. Сондықтан да өзіңіздің өскен ортаңыз, ән өнеріне келуіңіз туралы айтып кетсеңіз.
– «Ән өнері дертпен тең» дегендей, әуен-сазды жаныма серік еткелі қаншама жылдар өтті. Әлі күнге сахнаға шықсам шабыттанып, өзімді бақытты сезінемін. Иә, мен 1953 жылы қаңтар айында Аралда дүниеге келдім. Әкем Қожахмет Әлімбетов Батыс Қазақстан теміржол бойында ревизор болып еңбек етті. Өнерге бір табан жақын кісі. Қолы шебер әкем домбыра жасайтын, киіз үйдің сықырлауығын да істегенін көзім көрді. Тіпті бала кезімізде шешеміз көйлек тігетін болса, соны әдемілеп пішіп те беретін. Анам Ибада да осы болат жолдың бойында істеді. Тіпті Ұлы Отан соғыс жылдарында жолсерік те болды. Мен 1959 жылы Арал қаласындағы №13 мектептің табалдырығын аттап, 1969 жылы бітірдім. Жақсы оқыдым және де осы мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым. Сынып пионерлер отрядының жетекшісі, кейін мектеп дружина кеңесін де басқардым. Осы мектепте көркемөнерпаздар үйірмесі болды, соған қатыстым. Айта кетерлігі, әлгі үйірмені кейін есімі бүкіл Қазақстанға белгілі әртіс болған Құдайберген Сұлтанбаев жүргізетін. Біз 10-сынып оқып жүргенде сызудан сабақ берді. Одан үйрегеніміз де көп болды.
 Өнерге қалай келдіңіз?
Мен енді түптеп айтқанда ән мен жыр қонған Бәйімбет деген руданмын. Кішкентайымнан есіткен әндерді тез жаттап алушы едім. Әлі есімде 1 не 2-сыныпта оқып жүргенімде белгілі домбырашы, өнерпаз Арзымбек Мәдединов сахнаға шығарып, әнімді жазып алған-ды. Солайша мектеп қабырғасында-ақ қазақтың халық әндерін, жергілікті сазгер Мұрат Сыдықовтың, ғажайып композитор Әсет Бейсеуовтің туындыларын сахнада айтып жүрдім. Мектеп бітіргесін құрбыларыммен бірге оқуға барып, түсе алмай қалдым да, туған жерге қайтып оралдым. Сөйтіп жүргенде сыныптас құрбыларым Ғазиза Әбенова, Аққалам Сәдуовалармен бірге Арал аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрдым. Жұрт ол кезде кешегі мектеп бітірген қыздардың өнерге ерте араласқанын қаламай, түрлі әңгімелер айтатын. Бірақ әкем: "Өнер деген керемет, оған лайықты бола білу керек, сонда халық құрметіне бөленесің" деп ақ батасын берген. Дәл сол кезде мәдениет бөлімі жанында Қыздар автоклубы бар екен. Бірақ алдымызда бірнеше жыл жұмыс істеген апаларымыз үлкен құрметке бөленсе де, тұрмыс құрғаннан кейін бұл жұмыстан кетіп қалыпты. Біздер солардың орнына келдік. Сол 60-жылдардың аяғы 70-жылдардың басы Арал өнерінің бір қарыштап дамып жатқан кезі екен. Атақты "Аралым - айдын шалқарым" әнінің авторы Әбілхан Маханов, Ғарифулла, Құрманғалиевтің шәкірті Темірхан Ерғалиев, белгілі өнерпаз Төлеу Қосановтардың ерекше өнерлеріне тәнті болып, үлгі тұттық. Автоклуб меңгерушісі болғандықтан да, малды ауылдың жиі қонағы боламыз. Дала сахналарында әлгі ағаларымызбен бірге ән шырқап, концерт қойып жүрдік. Жұмысымыз тек автоклуб қызметімен ғана шектелмеді. Осындағы белгілі "Қазанғап" ұлт аспаптар оркестрінің құрамында республикалық телеарнаға барып, ән шырқап, түсірілім жасағанымыз есімде. Ал 1970 жылы мәдениет үйі жанындағы театрдың халықтық атағын алу үшін болған өнер сайысында режиссеріміз Мырзабай Отарбаев қойған "Аралдың алтын балығы" атты спектакілде басты рөлді сомдадым. Республикалық байқауда лауреат атандым.
Өнер арнасы сізді одан әрі жаңа биіктерге көтергенін білеміз.
1972 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы училищенің өнер бөліміне оқуға түстім. Оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене қатыстым. Бойымдағы өнерге деген құштарлық мұнда да мені ән әлеміне алып келді. Училище қабырғасындағы ұлт аспаптар оркестрінде, хор ұжымында, "Қарлығаш", "Нұргүл", "Сыр сұлуы" ән-би ансамблінің мүшесі болып, облыстық, республикалық мерекелерде халыққа өнер көрсеттік. Осы училищеде өзіммен қатар оқып жүрген, кейін ерекше даусымен елді тамсандырған әнші досым Мадина Ералиева екеуіміз "Сыр сұлуы" ансамблімен бірге Алматыдағы ең үлкен республикалық Мәдениет сарайында өнер көрсеттік.
Әлгінде әкемнің қолшеберлігі болғанын айттым емес пе, маған да сол өнер азды-көпті қонған болар. Өнерпаздардың бас киімін тігіп көзге түстім. Кейін тіпті "Қанатты әйел" атты халықаралық жәрмеңкеге қатысып, дипломант атанғаным бар. Сонда құрбым Мадина тілеулес болып жан-ымда жүрді. Естелік кітапшама: "Зарауха әпке! Сенің бойыңда өнердің жеті қыры бар. Әрқашан бас иемін! Мадина" деп жазған ыстық ықыласты қолтаңбасын әлі күнге сақтап келемін.
1974 жылдың тамыз айында Мәскеу қаласында Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесі өтті. Сонда өнер көрсету бақытына ие болып жергілікті сазгеріміз Мұрат Сыдықов ағаның жаңа шыққан туындысы "Сыр гүлі" әнін орындадым. Тыңдармандар өте ыстық қабылдады. Осы әнім Мәскеу қаласында "Алтын дауыс" атты үнтаспа қорына жазылып алынған. Өнерімен көзге түскендіктен де сол жылы республикалық "Мәдениет және тұрмыс" журналының басқы бетіне суретім басылды. 1975 жылы үлкен халықаралық оқиға болды. Америка Құрама Штаттары мен КСРО келісімге келіп, олардың "Апполон", "Союз" зымырандары ғарышта түйісіп, кейін ғарышкерлер жерге қайтып оралғанда Қазақстанның атынан біздер ұлттық дәстүрімізбен қарсы алдық. Бұл туралы тарихи деректі фильм де шыққан.
Колледжді бітірген соң да өнердегі жолыңыз жалғасын тапқан болар...
Иә, солай. 1976 жылы училище бітірген соң, мені басшылар қоғамдық белсенділігімді жақсы білгендіктен де, осында қызметке алып қалды. Мұғалімдер мен студенттердің кәсіподақ комитетін басқардым. Жұмысым жақсы болған болуы керек, бірнеше мәрте кәсіподақтар съезінің делегаты болып қатыстым. Қолымнан келгенше мұғалімдер мен студенттердің құқықтарын қорғадым. Кәсіподақ басшысы ретінде училищенің өнерпаздарына дем беруге тырыстым. Өзім де сахналық өмірімді жалғастыра бердім.
1978 жылы Алматы қаласында өткен "Алтыбақан" телебайқауына, сондай-ақ "Нұргүл" ән-би ансамблімен Семей, Қарағанды, Алматыда өткен өнер фестивальдерінде сахнаға шықтым. 2006 жылы "Наурыз шапағаты" өнер фестивалінің дипломанты атандым.
Бүгінде Зарауха Әлімбетова әншіміз қайда деп сұрайды бұрынғы тыңдармандарыңыз.
"Еңбек етсең емерсің" дегендей, ондаған жылдар бойғы қызметімнің арқасында бүгінде абыройға бөленіп, қадірменді зейнеткер атандым. Өзім еңбек еткен білім ұясы мені ұмытпай, үнемі мерекелік салтанаттарға шақырады. Өмірлік тәжірибемді кейінгілерге үйретуден жалықпаймын. Жақында "Ардагер әуендері" атты облыстық ардагерлер байқауында да сахнаға шықтым. Өмірлік жолдасым Айтөре Сәдуақасов екеуіміз үш бала тәрбиелеп өсірдік. Ұл-қыздарым Жақсылық, Шолпан, Мұхтар өнер жолын емес, басқа жолды таңдап, әртүрлі салада еңбек етуде. Бүгінде үш немеренің әжесімін.
-Әңгімеңізге рақмет.
Ерғали АБДУЛЛА
19 тамыз 2024 ж. 298 0