Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балалар арасында тағамнан уланудың алдын алу

Балалар арасында тағамнан уланудың алдын алу

Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеевамен балалар арасында тағамнан уланудың алдын алу туралы сұхбаттасқан едік.
Балалар арасында тағамнан улану ауруының белгілері қандай болады?
–Тамақтан улану көбіне жеке гигиена талаптарын сақтамау салдарынан туындайды. Инфекция лас қол, жуылмаған жеміс пен көкөніс, ортақ ойыншықтар, ыдыс-аяқ арқылы беріледі. Көп жағдайда дизентерия, сальмонеллез, эшерихиоз секілді ішек инфекциялары - балалардың улануының ең көп тараған себебі. Ағзаға микробтар енгеннен кейін токсиндердің бөлінуі және интоксикация басталады. Мұның белгілері ретінде дене температурасының көтерілуін, бас ауруын, әлсіздікті атауға болады. Уланудың алғашқы белгілері инфекция ішке кіргеннен кейін шамамен бірнеше сағаттан кейін (әдетте 4-6 сағат) көрініс береді. Тамақтан уланудың негізгі белгілеріне мыналар жатады:
-Көп рет құсу;
-Шырыш немесе қорытылмаған ас араласқан сұйық нәжіс;
-Іштің ауыруы.
-Сонымен қатар дене қызуы 38°С-қа дейін немесе одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Бала енжар болып, әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің жоғалуы байқалады. Құсу және диарея салдарынан ағза көп сұйықтық жоғалтады. Ал бұл балалар үшін аса қауіпті.
Мұндай симптомдар байқалған уақытта баланы тез арада дәрігерге көрсету керек. Бала өз салмағының 10 процентін құрайтын көлемде сұйықтық жоғалтса, ол өлімге алып келуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
– Балалардың тағамнан улануының алдын алу үшін қандай сақтық шараларын жасауға болады?
–Балалардың тағамнан улануының алдын алу тамақтанар алдында, әжетханаға барғаннан кейін қол жуу секілді қарапайым жеке гигиенаны сақтауды қарастырады. Көкөніс пен жемістіжемесбұрынжақсылапжууқажет. Азық-түлік өнімдерінің сақталу мерзіміне мән беріп, мерзімі өткен тағамды тастаған дұрыс.
Күн жылы кезде тамақты шамадан тыс көп дайындамаған абзал. Себебі бірнеше сағаттан кейін кез келген тағамда бактериялар саны артып, ол ауру тудыруы мүмкін.
Балаларға өз бетінше саңырауқұлақ, жидек теруге рұқсат бермеу керек. Бұл іс ересектердің қатаң қадағалауымен орындалуы қажет. Сонымен қатар 5 жасқа толмаған балаларға құрамында саңырауқұлақ бар асты бермеген дұрыс. Себебі бала ағзасы мұндай тағамды қорыту үшін қажетті ферменттердің тиісті көлемін өндіре алмайды.
Балаларды суға шомылдыру кезінде де сақ болған жөн. Өйткені дизентерия секілді инфекциялардың қоздырғыштары суда ұзақ уақыт бойы тіршілік ете алады.

–Қандай азық-түліктермен улану қаупі жоғары?
–Тез бұзылатын тағамдарды дұрыс сақтамаған жағдайда,  кейбір өнімдерден уланудың ықтимал қаупі бар:сүт өнімдері (негізінен сүзбе және балмұздақ), жұмыртқа, балық өнімдері және теңіз өнімдері, ет, крем қосылған кондитерлік өнімдер, дайын салаттар, фаст фуд, консервіленген өнімдер, әсіресе үйде жасалған.
Әрине, бұл балмұздақ немесе тәттілер міндетті түрде улануға әкеледі деп тыйым салуды білдірмейді. Дегенмен, баланы сапалы аспен тамақтандыру, оның фаст-фудқа байланысты қалауларын құптай бермеу және салауатты үй тамағына үйрету маңызды. Сонымен бірге, балаға тамақты дұрыс сақтауды үйрету қажет. Сол кезде ғана бала сатылып жатқан тағамның сапасына мән беріп, өз өмірін түрлі қауіпті уланулардан сақтай алады.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА

Сурет: Нұрболат Нұржаубай
05 ақпан 2025 ж. 189 0