Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айнагүл Әбуова: Адамға ода емес, ана керек

Айнагүл Әбуова: Адамға ода емес, ана керек

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Педагогика, психология және бастауыш оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Республикалық «Шабыт» фестивалінің алғашқы лауреаты, ақын Айнагүл Абуованың 50 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жүрегім – ай, жаным – күн...» атты шығармашылық кеші өтті. Осыған орай ақжүрек ақынның елеулі елу жасымен құттықтай отырып, сырлы сұхбат құруды жөн санадық.
– Айнаға қарағанда ойлы Айнагүлден қандай сезімдерді байқайсыз? Соның ішінде айтыс әлемінінің есігін ашқан кездегі рухани орта, атақты ақын-жазушылардың ерекше қасиеттерін ақын жанары қалай қабылдады?
– Осы орайда Қадыр Мырза-Әлінің «Ақынға керек ақылы көп, асаулық керек аздаған» деген жыр жолы есіме түсіп тұр. Жалпы мен табиғатымнан ұяң адаммын, асаулығым тағы жоқ. Өзім айтқандай:
Сенделіп себеп сұрама жаннан,
Орынсыз иіп басыңды.
Көмейге келіп құрала қалған,
Өлеңге төк көз жасыңды – деп, көп жағдайда өз ішкі сезімдеріммен тек іштей ғана күресуге тырысамын. Өлеңмен сырласып, қаламмен ұштастырған ақындық жүрегімді жыр жолдарымен ғана жұбатамын, сезімімді сөзбен суреттеймін. Міне, мен айнаға қарағанда сырты сөзсіз, іші сырға толы Айнагүлді көремін.
Жалпы айтыс өнеріне келуіме түрткі ең алғаш Қызылжар ауылындағы әкемнің қанынан келген қасиет деп білемін. Ол кісі де ақын жанды еді. Өмірден ертерек өтті..
Мен Арал қаласындағы №220 орта мектебінде оқыдым. Ауылда кітапханада Мөлдір деген тәтем болған. Бір күні ауылға ол Гүлнұр Дәрменқұлова деген құрбысын ертіп әкелді. Біздің үйге қонақтады. Дастархан басында әңгімелесу барысында Гүлнар апайдың суырып салып өлең шығарғаны, ақындық тілмен сөйлегені маған қатты ұнады. Сол сәтті босқа жібермей, бірден тілдесе кеттім. Кейін ол кісі мені мәдениет үйіндегі үйірмеге шақырып кетті. Сол күннен бастап мен өнер есігін ашып, қадам бастым. Түрлі тұлғалармен таныстым. Оңталап Нұрмаханов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Шынберген Сүлейменов және басқа да туған жердің маңдай алды ақындарының ортасына ендім десем де болады. Одан кейін мектепте жоғарғы сынып оқып жүргенде түрлі айтыстарда бақ сынадым. Ең алғаш облыстық айтысқа жолдама алған кезімде, аудандық білім бөлімінің әдіскерлік маманы Малика Нұралиевадан көп сабақтар мен ақыл-кеңес алатынмын. Ол кісіден үйренгенім көп болды. Сахна мәдениеті мен адам әдебін өте жетік меңгертті.
Сол кезде алғаш Қармақшы қаласында өткен мұғалім ақындар арасындағы айтысқа қатысып, Серік Ыдырысов, Әбілхайыр, Зухра сынды ауызды тіліп түсер жас ақындармен таныстым. Мен көбіне сахналық жүлдеме емес, киелі орта топжарларымен танысқаныма қуанатынмын. Ал республика көлеміне жол тартқан уақытым 1998 жылы болатын. Шығармашыл жастардың «Шабыт» республикалық фестиваліне Әбілхайыр екеуміз қатысып, Фариза Оңғарсынова ақын қазылық етумен І дәрежелі лауреаттық дипломды иеленіп қайттым. Осы жарысқа кетерімде ақындық ортамның достары вокзалға келіп, шығарып салып, ауылда қалса да өнеріме тілеуімді тіледі. Осы «Шабыт» мені үлкен сахнаға әкелді. Осыдан кейін республикалық айтыстарға көптеп шақыртулар алдым. Ең үлкен айтысым 1999 жылы болған «Астана қаласының бір жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында» маңдайыма бас жүлде бұйырды. Бұл жарыста да Фариза апамның ықыласына бөленіп, қолтаңбасы мен батасын алған есте қаларлық сапарым болды. Әрі қарай мықты майталман ақындар әлеміне қадам басып, солармен бірдей сөз қағысатындай әрі деңгейлес болдым десем  де болады. Ал рухани ұстазым Оңталап Нұрмаханов әрдайым жанымнан табылған, қай кезеңде болмасын мені көтермелеген, өнердің ортасына әкелген жолдаушым. Ендігі өмірдегі қолдаушым бола білген, әрі кумирім Елена Әбдіхалықова.
– 1997 жылы шыққан Арал аудандық «Толқын» газетінің сарғайған парағынан сіздің өлеңдеріңізді оқыдым. Музаңыз кім еді? Ол өлеңдердің кейіпкерлері бар ма? Жалпы өлең нендей мезеттерде жазылады?
 Жыр жолдарыма келер болсақ, ең алғаш 5 сынып оқып жүргенде топтама өлеңдерім «Қазақстан пионері» газетіне басылып шыққан. Мектеп ұстаздарым «біздің оқушымыз газет бетінде» деп дүр сілкініп, сол кезде менімен мақтанып, қуанған. Барлық жан мені атағанда, өзімді ақын ретінде сезіндім. Әрдайым шың басына көрінуім жолында тағы айтарым – Фариза Оңғарсынова. Тіпті осы газетте де бас редактор ақынның өзі екен. Неткен сәйкестік, әлде ақын жаны бала ақынды өз әлеміне тартты ма?
Жалпы байқаймын көбіне өлеңді мұңайған сәтімде іздеймін. Сондай уақытты бойым мен ойыма шабыт пен ұйқас келіп, жүрегімнен жыр жоларын шығарамын. Ал музаға келсек адаммен емес, табиғатпен байланыстымын. Жаяу жүріп, көше аралап әсер аламын, тамашалау арқылы өлең жазамын.
– Есенғали Раушановтың «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса…» деп келетін өлең жолдары поэзия сүйер қауымға жақсы таныс. Бұл тармақтар өлең әлеміндегі ерлер мен әйелдер арасында әлі күнге дейін дау тудыратыны өтірік емес. Әйтсе де Есенғали ақын өз сөзінде екі бірдей өлеңіне түсінік бермейтінін айтқан. Бірі «Қара бауыр қасқалдақ» жыры болса, екіншісі дәл осы «Әйелден ақын шықпайды» атты өлеңі. Оқырманның ойы осы тұста екіге бөлінеді. Бірі бұл өлеңді гендерлік кемсіту деп тапса, ал енді бірі «қылдан нәзік қыз жанын аяған соң туған жыр, өйткені өлең үлкен рухты қажет етеді» деп бағамдаған. Дегенмен ер азаматтар жазған жырдың барлығынан бірдей рух көре аламыз ба? Ал, Фариза мен Ақұштап апаларымыздың рухты жырларын қайда қоямыз?
– «Ақынды әйел, ер деп бөлуге» айтарым: ақындық – жүректе, ал жүректе жыныс болмайды. Мөлдір өлең жүректе туылады, енді сол жүрегі ақын боып туылған жанның бәрін мен ақын деп есептеймін. Ал әйел адам жаратылысынан шығармашыл адам, ол дүниеге ұрпақ әкеліп, өмірге бір өмір сыйлайды.
– Айтыс тақырыбынан алшақтамайық. Теңіз тағдырын тереңірек жырлауға ұмтылдыңыз. Өнер жолында өнеге тұтқан тұлғалар мен әккі қарсыласыңыз болған замандастарыңыз жайлы білгіміз келеді...
– Біз айтысқа келгеннен бастап Бекұзақ Тәңірбергеновтің «Аралдың табанына су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деген термесімен сусындап, Әбілхан Махановтің «Аралым айдын шалқарымын» жаттап , Оңталап Нұрмахановтың «Ажырасу көжесіне» қанып өстік. Осы шығармалар бізге көр әсер етті. Әрі қарай теңіз бен оның тағдырын қол мен жол жетпес жерлерге жырмен жеткізуге, аңқасы кепкен халық көкейіндегі сөзін айтуға айтыста айтуға келген жас ұрпақ ретінде сезінетінмін. Сахна өмірінде теңіз басты тақырыбымнан түспеген өзекті мәселе болған.
Айтыстағы ең алғаш қарсыласым аудан көлемінде Талғат Тілеулеспен, ал көбіне Шынберген Сүлбейменовпен және облыс көлемінде Жұмабай Шерниязовпен, Әбілхайыр Сыздықовпен, Құрманбек Бетпейісовпен айтыстым. Респуликаға келсек, бастап Қалқаман Сарин, Ахметжан Өзбеков, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев сынды айтыс жастарымен топқа түстім. Алматыда өткен топтық айтыста «Қарағанды мен Қызылорда арасындағы айтыста» Қойлыбай Асановпен айтыстым. Одан әрі Шынарбек Қабиев, Есентүгел Әзиев, Біржан Сөктай сынды жігіттермен жеребеге түстім.
 Ұстаздық қызметіңізге тоқталсақ. «Педагогика, психология және бастауыш оқыту әдістемесі» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқардыңыз. Педагогика ғылымдарының магистрісіз. Ғұмырын ғылымға арнаған ару ретінде бұл жолдың ғазалы мен ғажабын, ажары мен азабын айтып өтсеңіз...
 Негізгі мамандығым «Бастауыш сыныптар мұғалімі» болып оқыдым. Бітірген соң өз оқыған ғимаратымда оқытушы болып қабылдандым. 1998 жылдан бері осы кафедрада 30 жылға жуық қызмет етіп келемін. Бұл болашақ «бастауыш сынып мұғалім даярлау» жолында өз білгенімді түйіндеп біраз ғылыми мақалалар жаздым, ресмпубликалық және хадықаралық деңгейдегі жинақтарға өз үлесімді қосуға ат салыстым. Мұғалмідікті қалаған қазақтың қаракөз қыздарына өз білгенімді үйретіп, олардың бойынан шамалы болсада шығармашылықтың шамын жағып, көздеріне нұр сеуіп, ішкі жалындарын алаулатып жіберуге, жастармен жұмыс жасағанды жаным жақсы көреді. Студентпен бірге деңгейлесіп, дәстүрлі білім бәйгелер мен олимпиадаларда басында өзім жүремін. Сабақпен ғана шектетпей, өнер саласына бейімді балаларды көздеп, қатыстырып, таланттарын ұштап жіберуге тырысамын. Осы мамандықты бітірген, қанша жан жаққа таралған танымал мамандар көп.
Ғылым бір емес ол жан-жақты сала. Зерттелмегені көп тұңғиық, ізденісті талап етер мамандықта үйренерім мен үйретерім көп деп ойлаймын. Басты ұстаздық миссиям бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық құзіреттілігін қалыптастыру, яғни әдебиеттік оқу сабақтары арқылы балаларды оқырман ретінде тәрбиелеу.
– Ақын тағдырының тәлейі көп деп естіп жатамыз. Бұл өнер жеке өміріңізге қалай әсер етті. Сіз жайлы жарық көретін жаңа кітаптан оқырман қандай жаңалық таба алады?
– Өзімнің жүріп өткен жолымда, белгілі бір дөңгелек жасқа келгенде жазған-сызғанымды жинақтап, бір дүние өмірге әкелгім келді. Сол оймен кітап жазуға жұмыс жасауды бастап кеттім. Жалпы кітапта тек лирикалық өлеңдеріммен қатар айтыстағы ұтымды шумақтарымды қостым. Әртүрлі зерттеу мақаларыммен қатар балаларға арналған өлеңдерімді кітап бетіне сыйдырдым. Бар қуаныш пен қайғы да болсын өзіммен бірге жыр жолдарымды қатар алып барамын. Сондай сәттерде туған өлеңдерімнің басын кітап қылып құрып, оқырман сөресіне ұсындым.
 Кешегі қадау-қадау ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі дәлелдеген шындық. Сахараның сан қырлы мәдениетінің де бір белесі осы – айтыс мұрасы болмақ. Бүгінде оның дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны қуантады. Сіз де осы ұлы көштің көркін қыздырдыңыз. Сырдағы танымал өнер иелерімен бірге айтысқа қатыстыңыз. Кейінірек көрермен сізді дүбірден көре алмады. Бұған нендей себеп түрткі болды?
 Айтыс мен үшін қазаққа тән ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Қазақтар үшін құнды жәдігер айтыс аламанында жүргенімді талайға тамсана, жария айтамын. Мен үшін өмір кезеңімдегі қызығы көп болсада ғұмыры қысқа болған алтын уақытым деп білемін.
Айтыс тек өзіне ғана уақыт арнағанды қажет етер өнер ғой. Мен оқыған мамандығым мен қатар алып жүру қиындық тудырды. Әйел болып жаралған дүниеде ана болу қашанда нәзік қиылыс деп білемін. Тұрмыс құрып, балалы болған соң сахнаға шығу қиындады.
Бірде республикалық айтысқа тұңғыш баламды екі айлық кезінде ауылға қалдырып, сахнаға шыққанмын. Сайыс ортасында балам қатты қызуы көтеріліп ауырып жатыр деген хабар алдым. Не айтысты тастай алмай, не балама жете алмай сан соғып қалғанмын. Сол сәттен бастап балаға ана керек екенін ұқтырған ұлы өрнерден кешірім сұрап кеткендей болдым. Бала ананың бір қолын байлайды деген ғой, ал өзімнің аналық махаббатым екі қолымды да тұсаулады. Одан кейін кішігірім аудандық, облыстық айтыстарда төбе көрсетіп тұрамын. Әрине кейде бар өмірлік жолымды айтысқа неге  арнамадым деген өкініш қынжылтқанымен, ғылым іздену жолындағы ұстаздығым жұбатып алады.
– Сұхбатыңызға рақмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!
Әңгімелескен Нұрай ӘМІРХАНОВА
08 сәуір 2025 ж. 92 0