Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қала көркі айшықтала түсті

Қала көркі айшықтала түсті

Соңғы жылдары ауданда түрлі әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, халықтың тұрмыс сапасы мен қала келбеті жақсарып келеді. 2024 жылы атқарылған ауқымды жұмыстар мен биыл межеленген жаңа бастамалар – осының айқын көрінісі.
Қала тұрғындары үшін маңызды саналатын жол, жарық, санитарлық тазалық, тұрғын үй, қоршаған ортаны қорғау, мәдени нысандарды жаңғырту сынды бағыттарда нақты істер атқарылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға көрсетілген көмек, балаларға арналған алаңдардың ашылуы, спорт инфрақұрылымының дамуы да назардан тыс қалмауда. Мемлекеттік бағдарламалар мен демеушілік қолдаулар нәтижесінде бірқатар игілікті жобалар өз жемісін беріп отыр.
Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Арал қаласының әкімі Батыржан Жансерікұлы Ұзақовпен сұхбаттасқан едік.
– Батыржан Жансерікұлы, әр жылдың қоғам өмірінде, қала тіршілігінде өзіндік ерекшелігі болады. 2024 жыл да Арал жұртшылығы үшін бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалармен есте қалды. Өткен жыл қаланың дамуында қандай маңызды өзгерістер мен жаңалықтар айшықталды?
– Иә, әр жылдың жүгі бөлек. 2024 жылы да әлеуметтік-тұрмыстық салада бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 18 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. 2 шағын футбол алаңы салынды. 8 көшеге қиыршық тас төселіп, санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілді. Сонымен қатар, 4 қорым толықтай қоршалып, З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің ішкі бөлігі мен көрермендер залы толықтай жабдықталды.
– Халықтың әл-ауқатын жақсарту – кез келген әкімдік жұмысының басты бағыты. Бұл бағытта қалада бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға күш салынды. Өткен жылы қала тұрғындарына көрсетілген нақты көмек пен қолдау шаралары қандай болды?
– Әрине, қала бойынша балалар ойын алаңдары салынды, сорлы көлдер көміліп, 15 көшенің жолы тегістелді. Сонымен бірге, «Арал қаласы әкімі аппараты» КММ-нің теңгеріміндегі бос тұрған 4 апатты ғимарат пен 5 автокөлік электронды аукцион арқылы сатылып, жеке меншікке берілді. Ал З.Шүкіров атындағы мәдениет үйіне қызметтік көлік табыс етілді. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен 60-қа жуық қала тұрғынына қаржылай көмек көрсетілді. Демеушілердің қолдауымен 7 көшеге құм төселіп, тегістелді. Бірқатар көшелерге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Тұрмысы төмен 4 отбасыға баспана кілті табыс етілді.
– Жоспар – мақсатқа жетудің алғашқы баспалдағы. 2025 жылға арналған жұмыстар халықтың сұранысына сай түзіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Биыл қала тұрғындарын қандай өзгерістер күтіп тұр?
– 2025 жылы да ауқымды жұмыстар жоспарда тұр. Солардың бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Бұл бастама өткен жылы қолға алынған болатын, биыл ерте көктемнен жалғасын тауып отыр. Қала тұрғындары бұл іске белсенді атсалысуда. Санитарлық тазалық, көрнекі билбордтар орнату, түнгі жарық шамдарын күтіп ұстау, 30 көшеге жаңа жарық шамдарын орнату, көше атаулары мен реттік нөмірлері жазылған тақтайшаларды орнату – басты назарда.
Қоқыс тасталатын орындарға 10 бейнебақылау камерасын орнату жұмысы да жоспарлануда. Бұл қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау үшін маңызды. Сонымен қатар, 7 қорымды қоршау ісі де биылғы жылдың жоспарында тұр.
– Экологиялық ахуал – тек табиғатқа емес, тұрғындардың денсаулығына да тікелей әсер ететін маңызды мәселе. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қалада қандай нақты істер жүзеге асып жатыр?
– Қала бойынша көктемгі көркейту-көгалдандыру, қоқыс шығару, ғимараттардың сыртын әктеу мен сырлау, гүл отырғызу, алаңдарды абаттандыру сынды жұмыстар қарқынды жүруде. Қаланың әр бөлшегі қамтылуда десе де болады. Аудандық бюджет есебінен 30-дан астам көшеге қиыршық тас төселіп, жарықтандырылады. Қаланың кіреберісіндегі арка мен ішкі бөлігіндегі 9 арканы жөндеу және қайта безендіру жұмыстары да биылғы жыл жоспарына енген.
– Қала тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген, бірақ түрлі себептермен кейінге шегеріліп келген ірі жобалар бар. Биыл сол жобалардың бірқатары нақты іске асатын жыл болмақ. Халық көп күткен қандай бастамалар жүзеге асады деп күтілуде?
– Тұрғындар тарапынан көптен шешімін күткен іргелі жобалардың бірі – «Тәуелсіздік алаңын» абаттандыру. Мұнда жылда қар суы мен жауын-шашын жиналып, көлшікке айналатын. Биыл бұл мәселе түбегейлі шешімін табады. Бұдан бөлек, У.Қосымов көшесінің басындағы тоқтап тұрған «Сағат» нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта іске қосылмақ. Уақыты байлық болған қоғам үшін бұл маңызды.
– Мәдениет – халықтың рухани қуаты мен тарихи жадының көрінісі. Қала келбетін көркейту бағытында эстетикалық мәні бар нысандар мен мәдени жобалар қолға алынды дейміз. Биыл Аралдың мәдени кеңістігінде қандай жаңашыл өзгерістер болады?
– З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің жанынан 8:4 көлемдегі LED экран орнатылады. Абай көшесіндегі «Маяк» нысаны мен қала кіреберісіндегі аркаға күрделі жөндеу жасалмақ. Мұның барлығы – қаламыздың эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар.
– Қала көркейсе – халықтың көңілі өседі, тіршілік нәрлене түседі. Аралды гүлдендіру ісіне әрбір тұрғынның үлесі маңызды. Осы орайда өзіңіз қандай тілек, қандай үндеу білдірер едіңіз?
– Қаланы көркейту – әкімдік жұмысы ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. «Қала көркі – өз көркіміз» деп бекер айтпаймыз. Қаланың тазалығы мен сәулеті – тұрғындардың өз мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Сондықтан туған шаһарымызға жанашырлықпен қарап, бірге көркейтуге атсалысуға шақырамын.
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Т.Аралов
27 мамыр 2025 ж. 51 0