Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нұргүл МАХАНБЕТОВА: «ӘР БАЛА – БҮР ЖАРҒАН ГҮЛ»

Нұргүл МАХАНБЕТОВА: «ӘР БАЛА – БҮР ЖАРҒАН ГҮЛ»

Қазіргі таңда ата-аналар білімге салынған инвестицияның болашағы бар екенін жақсы біледі. Сондықтан баланы дамытатын, терең білім беретін түрлі орталықтарға апарады. Ондай орталықтар Арал қаласында да баршылық. Дегенмен сапалы білім беретіні санаулы. Бүгін біз бала тәрбиесі мен қосымша білім беру саласында тың ізденістерімен көзге түсіп жүрген, «Ғибрат» оқу орталығының негізін қалаушы, жас кәсіпкер әрі ұстаз Нұргүл Маханбетовамен сұхбаттасқан едік.

– Ұстаздық жолыңыз туралы айтып өтсеңіз. Бәрі қалай басталды?

– 1993 жылы Арал қаласында дүниеге келдім. №13 мектепті аяқтаған соң Қызылордадағы педагог мамандар даярлайтын арнаулы оқу орнында, кейін жоғары оқу орнында білім алдым. Еңбек жолымды Қызылорда қаласында жас маман болып бастадым. Сол жерде зеректігіммен көзге түсіп, республикалық «Шығармашыл педагог» байқауында марапат алып қайттым. Бұл жетістік көп мүмкіндіктер ашты, бірақ мен ол кезде отбасылық өмірді таңдадым. Жолдасым Айбекпен шаңырақ көтеріп, екі баламыз дүниеге келді. Кейін біраз уақыт тек үй шаруасына көңіл бөлдім.
Бірақ ішімде бір күш «еңбек ет, елге септігің тисін» деп тұратын. 2018 жылы отбасымның қолдауымен «Ғибрат» оқу орталығын аштым.

– Нұргүл Ерболатқызы, ең алдымен өзіңізді баланы оқытуға жетелеген күш туралы айтып өтсеңіз. Бұл істі табыс көзі емес, миссия ретінде қабылдайтыныңызды білдік.
– Иә, мен үшін баланы оқыту – табыс табудың жолы емес. Алдымда бір ғана мақсат болды: өзім оқытқан балалардың биіктен көрінгенін, озат болғанын, тіпті қажет болса, әлемдік деңгейдегі тетіктерді басқаратындай білімді игергенін көру. Әр бала – жаңа бүр жарған гүл. Оны жайқалту үшін оған білім нәрін молынан беру керек.

– Орталықты ашқанда қандай қиындықтар болды?
– Бастапқыда бар болғаны оншақты бала болды. Бірінші келген балалардың сауатының төмендігіне жүрегім ауырды. Шынымен жылағым келген сәттер болды. Сол кезде өзіме: «Мен бұл балаларды қалайда үздік етемін» деп мақсат қойдым. Күн-түн демей жұмыс істедім. Нәтиже шыққан сайын ата-аналар сенім артып, балалар көбейе бастады.

– «Ғибрат» орталығының ерекшелігі неде? Неліктен ата-аналар сізді таңдайды?
– Себебі мен әр баланы алдымен толық диагностикадан өткіземін. Сосын оны өзімнің туған балам ретінде қабылдаймын. «Егер бұл менің балам болса?» деген сұрақты үнемі қоямын. Сол арқылы оның олқылықтарын, қабілеттерін анықтап, соған қарай жұмыс істеймін.
Балалардың бірі есту арқылы, бірі көру арқылы тез қабылдайды. Сол ерекшеліктерді ескеру – ең маңыздысы. Барлық бала дарынды, тек соны оятатын дұрыс тетік керек.

– Өз әдістемеңізді жасағаныңыз рас па?
– Иә, баламен жұмыс істеу барысында тиімді тәсілдерді жинақтап, өз әдістемемді қалыптастырдым. Бұл әдістемелік құрал балаға білімді тез әрі, оңай жолмен сіңіруге негізделген. Қазір Арал қаласында 2 орталықта 50-ден астам бала осы әдіспен білім алып отыр. 5 мұғалімге де өз әдістемемді үйретіп, жұмыспен қамтып отырмын. Қазір орталық бір ізге түсіп, балаларға білім беру жолында тыңғылықты шаруа атқарып отыр. 

– Орталыққа келе алмайтын балалардың ата-аналарына да кеңес беріп жүр екенсіз?
– Қазір әлеуметтік желі жақсы дамыған заман. Соған сай біз де әлеуметтік желі арқылы қосымша білім берудің тетіктерін қарастырдық. Оқу орталығына келуге мүмкіндігі жоқ ауылдағы аналарға баласын қалай оқыту керегін, үй тапсырмасын жүйелі орындаудың жолын түсіндіремін. Бұл – менің қоғамға қосқан бір үлесім деп білемін.

– Әйел адамның жетістікке жету жолында отбасының қолдауы тұрады ғой. Сізге қолдау көрсеткен жандар туралы да айтып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз отбасының қолдауы – ең үлкен күш. Жолдасым да, енем де мені әрдайым қолдап келеді. Әсіресе енем балаларымды бағып, үй шаруасын өз мойнына алып, менің алаңсыз еңбек етуіме жағдай жасап отыр. Мұндай сыйластық – үлкен нығмет. Осының арқасында мен өзгенің балаларын білім шыңына шығаруға бар күшімді салып еңбек етіп жүрмін. Баламен жұмыс істеу оңай емес екендігін бәрі мойындайды. Менің де кейде қалжырап, бүкіл энергиям сарқылатын кездер болады. Сондай сәттерде жанымдағы жақындарым сөзбен де, іспен де қолдау береді. 

– Алда қандай жоспарлар бар?
– Әр баланың жұлдызын жағу. Армандарды асқақ ететін – білім. Балалардың бойындағы қабілетті ашып, өмір жолына сенімді қадаммен шығуына көмектесу – менің басты миссиям. «Армансыз адам қанатсыз құс» демей ме? Менің қазіргі жетістігім періште көңіл балалардың санасына сіңірген білімімнің нәтижесі. Алдыма келген әрбір баланы өз баламдай жақсы көріп, бауыр басып кетемін. Сондықтан оларға тек бастауыш білімді емес, басқа да жағынан қосымша қабілетін шыңдайтын үлкен орталық ашқым келеді. Мұнда балалар білім алумен қатар шығармашылық қабілетін де шыңдай түсетін болады. 

– Қалай ойлайсыз баланың оқуға деген ықыласын қалай ашқан дұрыс?
– Ата-аналар көбіне баланы жазалау арқылы тәрбиелеу дұрыс шешім деп біледі. Бала сабақ оқығысы келмесе немесе қабылдауы қиын болған жағдайда ұрысып, жазалап жатады. Бұл өте қате жол. Балаға барынша мейірімді болып, оның болашағынан үлкен үміт күтетініңізді айта түссеңіз олар шабыттана түседі. Және мақтап қоюуды да ұмытпау керек. Әсіресе 1 сыныпты бастаған балалар әлі ойын баласы болғандықтан оқуға онша құлшыныс таныта қоймайды. Ойдай кезде ойын ойнату арқылы баланың қабілетін ашуға болады.

– Әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен Н.МАРАТҚЫЗЫ
03 желтоқсан 2025 ж. 27 0