Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірт жұлдызын жағуды мақсат еткен

Шәкірт жұлдызын жағуды мақсат еткен

«Мен үшін баланы оқыту табыстың көзі емес. Алдыма қойған жалғыз мақсатым бар. Ол – өзім оқытқан балалардың биіктен көрінуі, оқуда озат болып, әлемдік диржаваны басқара алатындай білімді бойға сіңіре білсе деймін. Әрбір бала ол жаңа бүр жарған гүл секілді. Оны жайқалту үшін білімнің нәрін көбірек сіңіру керек», - дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз, «Ғибрат» оқу орталығының негізін қалаушы Нұргүл Маханбетова.
    Нұргүл Маханбетова 1993 жылдың тумасы. Қаладағы №13 орта мектебін бітірген соң Қызылорда қаласындағы педогог мамандар даярлайтын арнаулы оқу орнын, кейін жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. Еңбек жолын жас маман ретінде Қызылорда қаласындағы білім ордасында бастап, сонда өзінің зеректігімен танылады. Алматы қаласында өткен республикалық мұғалімдер шығармашылғын танытатын байқауға қатысып, «Шығармашыл педогог» аталымы бойынша марапатталып қайтады. Бұл жетістігі оны шыңға жетелеп, Нұргүлге қызметтік ұсыныстар көбейеді.
    – Мен ол кезде отбасылық өмірді таңдадым. Жолдасым Айбекпен шаңырақ көтерген соң өмірге екі бала әкелдім. Сонан соң қызмет жолымен қош десіп, отанаға айналып, келіндік қызметке кірістім. Бірақ ішімде үлкен бір күш маған «еңбек ет, елге де септігің тисін» дегендей үн қатты. Осылайша отбасымның қолдауымен 2018 жылы «Ғибрат» оқу орталығын аштым, - деп кәсіпкер-мұғалім бала даярлау ісіне қалай келгенін айтты.
    Қай істің болмасын басында қиыншылықтар болатыны белгілі. Нұргүл де өзінің білім орталығының жұмысын бірізді ету үшін аз тер төккен жоқ. Бастапқыда оншақты баламен басталды.
    – Шынымды айтсам, оқу орталығына келген балалардың сауатының төмендігін көргенде қатты жылағым келді. Сол кезден бастап «мен осы балаларды қалайда үздік етіп шығарамын» деп өз алдыма мақсат қойдым. Бар күш-жігерім мен уақытымды аямай, балалардың қатарымен теңесіп кетуі үшін еңбек еттім. Жұмысым нәтиже бере бастағанда баласын менде оқытқысы келетін ата-аналар да көбейді, - дейді Нұргүл.
    Қазіргі таңда, еңбек нарығында жұмысбасты ата-ана балаға уақыт таппай жататан кезеңде мұндай балаларды даярлау орталықтары бірінші кезекте тиімділігін танытып отыр. Тиісінше бала даярлайтын орталықтардың да саны жетерлік. Бірақ «Ғибрат» оқу орталығының шоқтығы биік тұр. Мұның сыры:
    – Мен алдыма келген әр балаға алдымен толық диагностика жасап аламын. Және сол баланың анасының рөліне кіріп, өзімнің балам ретінде қабылдаймын. «Егер бұл менің туған балам болса?» деген сұрақты өзіме қоямын. Сол арқылы баланың кемшіл тұстары мен артықшылығын зерделеймін. Кейбір бала құлақпен, кейбірі көзбен жаттайды. Баланың қабылдау ерекшеліктерін ескеріп олармен ойнап, еркелетіп, жақсы көріп жұмыс жасаймын. Бір түсінгенім барлық бала өз алдына ерекше дарынды. Тек сол тетікті таба білу керек, - деді.
    Нұргүл Ерболатқызы баланы оқытудың тиімді әдістемелік құралын өзі құрастырып шығарған. Арал қаласында 50 ден астам шәкіртті білім нәрімен сусындатып отыр. Және өз әдістемесін меңгерткен 3 мұғалімді жұмыспен қамтуда. Жуырда Жақсықылыш кентінен «Ғибрат» оқу орталығының филиалын ашты. Онда 20 оқушыға 2 мұғалім қосымша білім беруде.
    – Сұраныстың көптігіне орай, Жақсықылыш кентінен ашу керек болды. Тәуекелге бел буып, бұл жақтан да аштым. Қазір орталық жұмысы бір ізді болғанша осында өз тәжірбиемді ортаға салып, балалармен жұмыс жасап жатырмын. Бір айта кететіні, мен мектеп бағдарламасына сай үйге берілген тапсырамаларды орындаумен шектелмеймін. Жоғарда айтқанда баланың кемшіл тұсын жоюға, қосымша қабілетін ашуға тырысамын, - деді ол.
    Нұргүл орталыққа келетін балалардан бөлек  үйде отырған аналарға да әлеуметтік желі арқылы кеңес беріп отыр. Оқу орталыққа келуге мүмкіндігі жоқ балаларға үйден дұрыс оқуды, жүйелі есеп шығаруды аналарға үйретіп, түсіндіріп жүр.
    Нұргүл өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай еңбек етуіне отбасының қолдауы көп екендігін айтады. Әсіресе, енесі балаларын бағып, үй шаруасын жайлы етіп, мұның алаңсыз еңбек етуіне жағдай туғызып отырған көрінеді. Осындай сыйластықты естігенде бір риза болып қаласың.
Міне, отбасындағы қолдауды сезініп, алдына келген әр баланың жұлдызын жағуды көздеген Нұргүл Маханбетова қоғамдағы іскер әйел, отбасындағы үлгілі келін, аяулы ана, сүйікті жар бейнесін қалыптастырып жүрген осындай жан.
Н. Маратқызы


14 қараша 2023 ж. 186 0