Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ветеринария – халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Ветеринария – халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Елімізде 10 шілде күні ветеринариялық қызметкерлер күні деп белгіленіп, сала мамандары кәсіби мерекелерін атауда. Осы күннің мереке ретінде бекітілуі де тегін емес. Бұл 2002 жылы Қазақстан Республикасының Ветеринария туралы Заңы қабылданған күні.
Ауқымды саланың қоғамдағы орны ерекше екенін жоққа шығара алмаймыз. "Медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді" деген тіркестің өзі осының айқын дәлелі. Бүгінгі уақытта ауданда осы сала төңірегінде істеліп жатқан жұмыстар жеткілікті. Аталған шаралардың нәтижесі мен табыстылығын халыққа жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Құралбек Жәлімбетовпен сұқбаттасқан едік.
– Құралбек Атабекұлы, алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Биылғы ветеринариялық қызметкерлер күніне орай әңгімемізді осы мерекенің маңызынан бастасақ. Бұл күннің тарихына тоқталып өтсеңіз.
– Рақмет! 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасында 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күні ретінде ресми түрде белгіленді. Бұл күннің таңдалуы да кездейсоқ емес. Дәл осы күні, 2002 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданған болатын. Осы заң еліміздегі ветеринариялық қызметтің құқықтық негізін қалыптастырып, саланың дамуына жаңа серпін берді.
Ветеринария – тек мал дәрігерлерінің ғана қызметі емес. Бұл – халық денсаулығын қорғауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еліміздің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтауға бағытталған аса маңызды мемлекеттік жүйе. Сондықтан бұл мереке – салада аянбай еңбек етіп жүрген барлық мамандардың еңбегіне көрсетілген құрмет.
– Арал ауданындағы ветеринариялық қызметтің құрылымы туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі таңда қандай ұйымдар жұмыс істейді?
– Бүгінде ауданымызда ветеринариялық жүйе бірлесе жұмыс істейтін бірнеше құрылымнан тұрады. Олар – Арал аудандық аумақтық инспекциясы, ветеринариялық станция, аудандық ветеринариялық зертхана, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік негізінде қызмет атқаратын ветеринариялық дәрігерлер, ветеринариялық дәріханалар, сараптама зертханалары мен өндіріс орындарының ветеринариялық мамандары.
Барлығының ортақ мақсаты – ауданның эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау, жануарлардың денсаулығын қорғау және халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір буын өз міндетін жауапкершілікпен атқарғанда ғана ветеринариялық қауіпсіздік толық қамтамасыз етіледі.
– Арал аудандық аумақтық инспекциясының негізгі қызметі қандай?
– Инспекция 2015 жылы қайта құрылып, өз жұмысын Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес жүргізіп келеді. Негізгі міндетіміз – жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу мен таралуына жол бермеу, адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардан халықтың денсаулығын қорғау, аудан аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шетелдерден келуі мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың енуіне тосқауыл қою.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсетеміз. Атап айтқанда, ветеринариялық-санитариялық нысандарға қорытынды береміз, экспортталатын өнімдерге ветеринариялық сертификат рәсімдейміз.
– Өзіңіз айтып өткендей экспорт мәселесіне тоқталсақ. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Бұл – біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі. Биылғы 2026 жылдың алғашқы алты айында инспекция тарапынан 134 ветеринариялық сертификат берілді. Осы сертификаттардың негізінде Арал ауданында өңделген теңіз өнімдері мен өзге де су айдындарынан ауланған балық өнімдері жақын және алыс шетел мемлекеттеріне экспортталды.
Бұл аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінің халықаралық талаптарға сай екенін және өңірімізде ветеринариялық бақылаудың жоғары деңгейде жүргізіліп отырғанын көрсетеді.
– Инспекторлардың күнделікті жұмысы көпшілікке көріне бермейді. Олар нақты қандай жұмыстар атқарады? Сол жайлы кеңінен атап өтсеңіз.
– Расында, біздің қызмет көбіне көзге көрінбейтін, бірақ өте жауапты жұмыстардан тұрады. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар ветеринариялық іс-шаралардың сапалы орындалуын бақылайды. Сонымен бірге ветеринариялық препараттардың сақталуы мен тасымалын, жануарларды өсіру, тасымалдау, сою, өнімдерін өңдеу, сақтау және өткізу жұмыстарымен айналысатын кәсіпорындардың қызметіне тұрақты бақылау жүргізеді.
Нарықтағы, сауда орындарындағы ет пен мал өнімдерінің қауіпсіздігі де біздің бақылауымызда болады.
Заң талаптары бұзылған жағдайда жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады. Осы уақытқа дейін ветеринариялық заңнаманы бұзған 86 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
– Мал ұрлығының алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізілетінін білеміз. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Иә. Бұл бағыттағы жұмыстар аудандық полиция бөлімімен бірлескен бұйрық негізінде жүргізіледі. Бірлескен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, малды заңсыз тасымалдау, ветеринариялық құжаттардың болуын тексеру, мал ұрлығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай жұмыстар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де өз үлесін қосады.
– Ветеринар мамандығының қоғамдағы орны қандай деп ойлайсыз?
– Көпшілік ветеринарияны тек мал емдеумен байланыстырады. Алайда бұл – әлдеқайда ауқымды сала. Белгілі ғалым К.Скрябиннің «Медицина адамды емдейді, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөзі бекер айтылмаған.
Өйткені адам тұтынатын ет, сүт, балық және басқа да тағам өнімдерінің қауіпсіздігі ветеринар мамандарының күнделікті еңбегіне тікелей байланысты.
Қазақ халқының «Ауру – астан» деген нақылы да осыны меңзейді. Демек, сапалы азық-түлік – халық денсаулығының кепілі.
– Ветеринар мамандарының еңбегі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл мамандық үлкен төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Қыс пен жазға, ыстық пен суыққа қарамай, кейде жолсыз құмды алқаптарды кесіп өтіп, шалғайдағы малшы ауылдарға жету – ветеринарлардың күнделікті жұмысы. Олар малдарға вакцина егеді, диагностикалық зерттеулер үшін қан алады, түрлі аурулардың алдын алады, ем жүргізеді. Тілі жоқ жануардың дертіне шипа тауып, оның аман қалғанына шын қуана білетін мамандар ғана бұл қызметтің ауырлығын толық түсінеді.
– Иә, осындай жауапкершілікке толы жұмыстың, соның ішінде көнеден малды әрі көлік, әрі азық еткен халқымызда осы саланың тарихы терең екенін түсіну қиын емес. Міне, ауданымызда осы инспекцияның қалыптасуына еңбек сіңірген ардагерлер туралы айтсаңыз.
– Әрине, бүгінгі жетістіктің негізінде аға буынның өлшеусіз еңбегі жатыр. Инспекцияны ұзақ жылдар басқарған, көптеген жас маманға бағыт-бағдар берген ардагеріміз Алтынбек Манепұлы Әбішевтың еңбегі ерекше. Ол кісінің кәсіби тәжірибесі, талапшылдығы мен адалдығы бүгінде жас мамандарға үлгі болып келеді.
Мұнан бөлек те көптеген азаматтың есімін тізіп айта беруге болады. Себебі ардагерлеріміздің еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
– Ал сол аға буынның ізін жалғап, жолын қуып келе жатқан жас мамандар туралы не айтасыз?
– Қазіргі таңда саламызға жаңа көзқараспен келген білімді жастар көбейіп келеді. Солардың бірі – Оралхан Сақтапберген. Жас мамандар цифрлық технологияларды меңгеріп, ветеринариялық есепті автоматтандыру, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу бағытында тың бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы уақытта да ауданның эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау, халықтың денсаулығын қорғау және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз.
Сонымен қатар заң талаптарының орындалуын күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, цифрландыру жұмыстарын жетілдіру және халықпен түсіндіру жұмыстарын кеңейту басты міндеттердің бірі болып қала береді.
– Сұхбатымыздың соңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса...
– Ветеринария – жауапкершілігі мол, бірақ абыройлы мамандық. Құрметті әріптестер, сала ардагерлері мен жас мамандар Баршаңызды 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, шаңырақтарыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз. Еліміздің мал шаруашылығы өркендеп, халқымыздың азық-түлік қауіпсіздігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
– Әңгімеңізге рақмет! Біз де сала қызметкерлеріне табысты жұмыс пен нәтижелі еңбек тілейміз.
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
07 шілде 2026 ж. 66 0