Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі «Е-қызмет» туралы
Мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі айтарлықтай жаңартылып, үміткерлер үшін барынша ашық әрі қолжетімді бола түсті. Жаңа жүйе конкурсқа қатысу процесін жеңілдетіп, іріктеудің әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.Жаңа жүйе іске асырылғаннан бері мемлекеттік қызметке қызығушылық білдірген үміткерлер ашық портал арқылы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға өтінім беріп, нәтижесімен бос лауазымдардың орны толтырылуда.
Мемлекеттік қызметке іріктеу туралы толығырақ ақпараттандыру үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Жәрдемұлы Мендалиевпен сұхбаттастық.
Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа «Е-қызмет» жүйесі туралы айтып өтсеңіз. Іріктеу қалай жүзеге асырылады?
Мемлекеттік қызметке іріктеу мемлекеттік цифрлық кадрлық жүйенің eqyzmet.gov.kz порталында өткізіледі. Конкурсқа қатысу үшін кандидат жүйеде тіркеліп, ЭЦҚ немесе цифрлық сәйкестендіру арқылы аутентификациядан өтеді. Алдын ала кезеңде үміткерлер мемлекеттік тілді, Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өтуі қажет.
Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға қатысу үшін қандай заңдар бойынша тест тапсырылады?
Үміткерлер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінен, Қазақстан Республикасының Конституциясынан, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңынан, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңнан және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінен тест тапсырады. Заңнамалар бойынша жалпы 55 сұрақ беріледі, оның кемінде 30-ына дұрыс жауап беру және әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап жинау қажет.
Жаңа жүйеде конкурс қандай кезеңдерден тұрады?
Басшы лауазымдарға үміткерлер алдымен эссе жазады, кейін конкурстық комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Осыдан кейін конкурс қорытындысы шығарылады. Ал басшы емес және жұмыс өтілін талап етпейтін лауазымдарға үміткерлер практикалық бағалаудан өтіп, нәтижесі бойынша конкурс қорытындыланады.
Жаңа іріктеу жүйесінің негізгі жаңашылдығы қандай?
Ең маңызды өзгерістердің бірі – бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазым үш айдан астам уақыт толтырылмаса, заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, конкурс мемлекеттік цифрлық кадрлық жүйе арқылы автоматты түрде жарияланады. Бұл үдерістің ашықтығын арттырып, азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бұл жүйенің басты артықшылығы неде?
«Е-қызмет» жүйесі мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі толық цифрландырылып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, конкурсқа қатысу процесі жеңілдеп, уақыт үнемделеді және барлық кезеңдер электронды форматта жүзеге асырылады.
Ерлеген Жәрдемұлы, мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!










