Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениет – ел рухының айнасы

Мәдениет – ел рухының айнасы

Мәдениет пен тіл – халықтың рухани болмысын айқындайтын, ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды салалардың бірі. Ауданда мәдениет саласын дамыту, тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту және тіл мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне де айрықша мән берілуде.
Осы орайда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмасбек Молжігітовпен сұқбаттасып, ауданның мәдени-рухани өміріндегі маңызды бастамалар, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі жайында сөз қозғадық.
– Алмасбек Жақсылықұлы, биыл ауданның мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз. Жылдың алғашқы жартыжылдығы қандай нәтижелермен қорытындыланды?
– Мәдениет – халықтың рухани болмысын қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды сала. Сондықтан аудан көлемінде мәдени өмірді жандандыруға, тұрғындардың өнер мен руханиятқа қолжетімділігін арттыруға айрықша мән беріп келеміз.
2026 жылдың І тоқсанында аудандық мәдениет үйіне қарасты мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында 352 мәдени іс-шара өткізіліп, 19 125 көрермен қамтылды. Ал ІІ тоқсанда бұл көрсеткіш едәуір артып, 850 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 72 041 көрермен қатысты.
Бұл – мәдени іс-шаралардың саны ғана емес, тұрғындардың рухани-мәдени шараларға деген қызығушылығының да жоғары екенін көрсетеді. Сонымен бірге мәдениет орталығы, кітапханалар жүйесі, «Адал адам – мәдени тәрбие орталығы» тұжырымдамасы аясындағы жобалар бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді.
– Солардың ішінде ел есінде қалған қандай мәдени-рухани шараларды ерекше атап өтер едіңіз?
– Мазмұнды әрі тарихи-танымдық шараларға бай болды. Мәселен, 9 сәуір – Арал теңізі күніне орай экологиялық акция аясында Руханият мекемесі алдында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Бесікке салу» рәсімін театрландырылған қойылым арқылы көпшілікке ұсынды.
14 сәуірде қоғам қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай «Әлихан Бөкейханов – тарихи тұлға» атты танымдық кеш өтті. Кештің театрландырылған қойылыммен ашылуы көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері, даңқты капитан Төлеген Әлімбетовтің 100 жылдығына арналған «Теңізбен тілдескен, толқынмен бірге өскен» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Шара барысында балықшылар өмірін бейнелейтін фотокөрме, тарихи құжаттар, архивтік материалдар мен кітап көрмесі ұсынылды.
– Аралдан шыққан қаламгерлер мен өнер тұлғаларының мұрасын насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Арал топырағынан түлеген таланттардың шығармашылығын дәріптеу – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Өйткені жергілікті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге.
8 мамырда ақын Сағынай Ешекеновтің 75 жылдығына арналған «Сағындырған Сағынай» облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті. Сонымен қатар ақын, мәдениет жанашыры Сағынай Дәріғұлұлын еске алуға арналған рухани-әдеби кеш ұйымдастырылды.
22 мамырда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірқатар халықаралық және ұлттық сыйлықтардың лауреаты Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Теңізден соққан жел» атты тағылымды кеш өтті.
Шаралар ақынның туған жері Қамыстыбас ауылдық округінде де жалғасын тауып, «Ұлы дала – шөл даланың ұлымын» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Оған ақынның жары Жұмагүл Сариева арнайы қатысып, көрерменмен жүздесті.
– Жыраулық және дәстүрлі өнерді дамытуға қандай көңіл бөлінуде?
– Аралдың мәдени болмысын жыраулық өнерсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан ұлттық өнердің осы бір мәйекті саласын жастарға үйретуге және насихаттауға басымдық беріп отырмыз.
23 сәуірде жыр өнерінің дара тұлғасы, жырау Жаңаберген Бітімбайұлының 140 жылдығына орай жасөспірімдер арасында «Шын дүлдүл, жырға бұлбұл Жаңаберген!» атты облыстық термешілер байқауы өткізілді.
Сонымен бірге белгілі жырау, ұстаз Набат Тілеужанқызына арналған «Қоңыраулы жыр киесі, Ақ домбыраның иесі» атты еске алу жыр кеші өтті.
Мәдениет орталығына қарасты жыр-терме, қобыз үйірмелерінің жұмысы да тұрақты жүргізілуде. 4 маусымда үйірме мүшелерінің «Шағала қанат шәкірттер» атты есеп беру концерті ұйымдастырылып, жас өнерпаздар жыр-терме мен ән орындады.
– Мәдени шараларды ауданның шалғай елді мекендеріне жеткізу мәселесі қалай шешілуде?
– Бұл бағытқа ерекше мән беріп отырмыз. Мәдениет тек аудан орталығында ғана емес, ауылдағы ағайынға да қолжетімді болуы керек.
ІІ тоқсанда мәдениет орталығының өнерпаздары Мергенсай, Қаратерең, Қарашалаң, Райым, Қосжар, Сазды елді мекендеріне барып, «Төгілсін ән, жыр бұлағы» атты концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының мәдени шараларға қатысу мүмкіндігін арттыру, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау және ауылдағы мәдени ортаны жандандыру.
– «Ән қанатындағы Арал» байқауы да аудан мәдениетін республикалық деңгейде танытқан жобалардың бірі болды ғой.
– Иә, «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән конкурсы – аудан мәдениеті үшін маңызды жобалардың бірі. 10 маусымда байқаудың қорытынды гала-концерті өтті.
Концертте Аралдың кешегісі мен бүгіні, теңіз тағдыры мен ел рухы арқау болған әндер шырқалды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, арнайы жазылған жаңа әндердің тұсауы кесілді. Бұл – Аралдың өнері мен мәдениетін кең көлемде танытуға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
– Кітапхана саласында қандай жаңалықтар бар?
– Кітапхана – руханияттың алтын қазығы. Қазіргі таңда кітапханалардың жұмысын заман талабына сай жаңғыртуға, оқырманға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз.
2026 жылдың ІІ тоқсанында аудан кітапханаларында 660 шара өткізіліп, 15 865 оқырман қамтылды. Аудан бойынша 9 кітапханада «Коворкинг» білім орталығы жұмыс істейді.
Сонымен қатар 39 кітапхана «РАБИС» – республикалық автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйесінің тапсырыс, іздеу және тіркеу модульдерімен жұмыс істейді. Электронды каталог қорына 544 761 дана кітап енгізілді.
Бұл көрсеткіш кітапханалардың тек кітап беретін орын емес, білім мен ақпараттың заманауи орталығына айналып келе жатқанын аңғартады.
– Оқырманды кітапқа тарту үшін қандай жобалар жүзеге асуда?
– Жыл басынан бері оқырманның қызығушылығын арттыратын түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. ІІ тоқсанда Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – жанды зарядтайтын Wi-Fi» танымдық-шығармашылық сайысы өтті.
23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні аясында «Кітап шоу – 2026» кітап фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Ақын өмірінен сыр» әдеби кеші, өлкетанушы Тәңірберген Дәрменовпен «Өлке сырын өрнектеген тұлға» атты кездесу, «Отбасы құндылықтары және дәстүр» атты тағылымды дөңгелек үстел өтті.
19 маусымда «Ақылды кітапхана» жобасы аясында «Жаңа дәуір кітапханасы – болашаққа бастар жол» атты пікірталас ұйымдастырылды. Яғни кітапханаларда дәстүрлі әдеби шаралармен қатар жаңа форматтағы жобалар да көбейіп келеді.
– «Адал адам – мәдени тәрбие орталығы» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл тұжырымдама халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
«Әлем – BOOK» жобасы аясында І тоқсанда 136 шара өткізіліп, 2 721 көрермен қамтылса, ІІ тоқсанда 328 шара ұйымдастырылып, 7 601 көрермен қатысты. Бүгінде барлық кітапханаларда «Әлем – BOOK» бұрыштары жұмыс істейді.
Жобаның аясында кітап оқуды насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
– Мәдениет пен тіл мәселесі өзара сабақтас. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекеттік тіл – ұлттық мәдениеттің өзегі. Сондықтан мәдениет саласындағы кез келген жұмыстың қазақ тілінің мәртебесін арттыруға ықпалы болуы керек деп есептейміз.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан бойынша шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 пайызды құрады. Әкімдікке қарасты мекемелердің ресми интернет-ресурстарына да тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда тіл заңнамасына қайшы келетін ақпарат анықталған жоқ.
Сонымен қатар мемлекеттік тіл саясатын насихаттайтын мақалалар «Толқын» газетінде жарияланып, әлеуметтік желілерде бейнероликтер әзірленіп, көпшілікке ұсынылды.
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына ауданнан бір үміткер ұсынылды. Ал «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауына қатысуға ұсыныс білдірген үш үміткердің екеуі облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңнен де қатысушылар абыройлы болып, біреуі жүлделі ІІ орын алса, екінші қатысушымыз ынталандыру жүлдесіне ие болды. Тағы бір жағымды жаңалық, жүлдегер атанған қатысушымыз осы аптада республикалық кезеңге жолдама алып, қуантып отыр.
– Көрнекі ақпарат пен жарнамадағы тіл тазалығына қатысты жұмыстар да жүргізіліп жатыр екен.
– Иә, бұл – маңызды бағыт. Кәсіпкерлік нысандардағы маңдайша, жарнама, ас мәзірі сияқты көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тіл заңнамасына сәйкестігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Рейдтік жұмыстар барысында кәсіп иелеріне заң талаптары түсіндіріліп, маңдайша жазулары мен көрнекі ақпараттарды дұрыс орналастыру бойынша әдістемелік материалдар ұсынылды. Сонымен қатар «Тағам атаулары сөздігі» және Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған салалық терминдер жинағы берілді.
Бұл жерде басты мақсат – бірден жазалау емес, ең алдымен түсіндіру, сауатты жазуға бағыттау және мемлекеттік тілге деген жауапкершілікті арттыру.
«Руханиятқа бастар жол – мәдениеттен басталады»
– Ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеуге арналған шаралар да көп болған екен.
– Иә. Мәдениет саласының негізгі міндеттерінің бірі – ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Осы бағытта Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мұқағали ғұмыр – жырлы өмір» атты лирикалық поэзия кеші, Зейнолла Шүкіровтың туған күніне арналған көркемсөз оқу шеберлерінің «Жауһар жырмен тербеткен ақын аға» атты аудандық байқауы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар ақын, жыршы, мәдениет саласының өкілдерін дәріптеуге бағытталған кездесулер өткізілді. Мәдениет саласының ардагері Базар Қостаеваның 80 жылдығына арналған «Өнерге арналған ғұмыр» атты тағылымды кештің де тәрбиелік мәні зор болды.
Мұндай шаралар арқылы біз өнер адамдарын ғана емес, солардың өнегелі жолын кейінгі буынға таныстырамыз.
– Аудан мәдениетінде балалар мен жастардың орны қандай?
– Жастар мен балалардың шығармашылығын дамыту – тұрақты назардағы мәселе. Өнерге ерте жастан баулу баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймайды, оның бойындағы жауапкершілік пен еңбекқорлықты да тәрбиелейді.
І тоқсанда «Менде жұлдыз боламын» атты балалар шығармашылығына арналған концерт ұйымдастырылды. Ал мәдениет орталығының жыр-терме, қобыз үйірмелерінде жасөспірімдер ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеріп келеді.
ІІ тоқсанда бұл жұмыстар жалғасын тауып, «Шағала қанат шәкірттер» есеп беру концерті өткізілді. Жас өнерпаздар жыр-терме айтып, ән орындап, өздерінің бір жыл ішінде жинаған тәжірибесін сахнада көрсетті.
– Діни экстремизмнің алдын алу, құқықтық және рухани тәрбие бағытында да мәдениет мекемелері жұмыс істей ме?
– Әрине. Мәдениет мекемелері тек концерттік шаралар өткізетін орын емес. Оның қоғамдық, тәрбиелік міндеті де бар.
Жыл басында Шөміш пен Тасбек ауылдарының тұрғындарына «Діни сауатсыздық – экстремизмнің бастауы» атты танымдық кештер өткізілді. Мәдениет орталығында да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
ІІ тоқсанда «Діни экстремизм – ғасыр дерті» тақырыбында танымдық сабақ ұйымдастырылды.
Мұндай шаралардың мақсаты – жастар мен тұрғындарға діни сауаттылықтың маңызын түсіндіру, жат ағымдардың ықпалына түспеуге шақыру және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту.
– Мәдениет саласы әлеуметтік жауапкершіліктен де шет қалмайтынын көріп отырмыз.
– Дұрыс айтасыз. Мәдениет қызметкерлерінің қоғаммен байланысы тек сахнамен шектелмеуі керек. Осы мақсатта аудандық мәдениет үйінің «Самғау» еріктілер тобы әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж қарияларға қолдау көрсетіп келеді.
Мәселен, қыстың қиын күндерінде Болат ата мен Дариха әженің шаңырағына барып, үй ішін ретке келтіріп, ауласын қардан тазалауға көмектесті.
Бұл – мәдениет қызметкерлерінің азаматтық ұстанымын көрсететін жұмыстардың бірі. Өнер мен мейірім қатар жүрген жерде қоғам да өзгереді.
– Отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы жұмыстарға да тоқталсаңыз.
– Отбасы – қоғамның негізі. Сондықтан мәдени іс-шаралардың ішінде отбасы тәрбиесіне арналған жобаларға да ерекше мән береміз.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай қолөнер шебері, тігінші Күлмараш Әбілтаеваның қатысуымен «Берекелі отбасы – бақытты қоғам» атты кездесу кеші өтті. Кеш барысында шебердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, оның отбасылық өмірі мен шығармашылық жолы насихатталды.
Сонымен бірге кітапханаларда «Отбасы құндылықтары және дәстүр» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Қаратерең, Шөмішкөл, Жаңақұрылыс ауылдарынан өнегелі отбасылар қатысты.
16 маусымда Әкелер күніне орай «Әке – отбасы бақытының кепілі» атты тағылымды шара өткізілді. Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – әке мәртебесін көтеру, отбасындағы әкенің рөлін көрсету және бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті насихаттау.
– Наурыз мерекесін атап өту жұмыстары туралы не айтасыз?
– Наурыз – ұлттық болмысымызды танытатын ең маңызды мерекелердің бірі. Биыл 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі аясында аудан көлемінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мекемелер мен елді мекендердегі өнерпаздар белсенді қатысты. Мәдениет орталығы ұйымдастырған көш керуені халқымыздың көшпелі мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ойындары мен өнерін көпшілікке көрсетті.
Бұл шаралардың ерекшелігі – Наурызды жай ғана мерекелік концерт ретінде емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани мереке ретінде өткізуге тырысқанымызда.
– Кітапхана жұмысына қайта оралсақ. Қазіргі цифрлық дәуірде кітапхананың оқырманға қажеттілігін қалай сақтап қалуға болады?
– Қазір кітапхана қызметі түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын кітапханаға тек кітап алу үшін келсе, бүгінде ол – білім, ақпарат, пікір алмасу және шығармашылық орталығы.
Аудан бойынша 9 кітапханада «Коворкинг» білім орталығы жұмыс істейді. «РАБИС» жүйесі арқылы 39 кітапхана қызмет көрсетіп отыр. Электронды каталогқа енгізілген кітап саны да тұрақты артып келеді. І тоқсанда электронды каталогта 539 445 кітап болса, ІІ тоқсанда бұл көрсеткіш 544 761 данаға жетті.
Бұл – кітапханалардың цифрлық жүйеге бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.
– «Ақылды кітапхана» жобасы туралы айтып өтсеңіз.
– «Ақылды кітапхана» жобасы – оқырманды заманауи форматта тартуға бағытталған бастама. Оның аясында интеллектуалдық ойындар, пікірталастар, әдеби кездесулер ұйымдастырылады.
ІІ тоқсанда «Жаңа дәуір кітапханасы – болашаққа бастар жол» атты пікірталас өтті. Оған мектеп мұғалімдері мен жастар қатысты.
Басты мақсат – жастарға кітапхананың тек кітап қоры сақталатын орын емес, білім мен пікір қалыптастыратын орта екенін көрсету.
– Аудан кітапханаларында тарихи-танымдық бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілетін сияқты.
– Иә. Мысалы, Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл жыры – халық үні» поэзия кеші, Әдібай Табылдиевтің 100 жылдығына арналған әдеби фестиваль сияқты шаралар ұйымдастырылды.
ІІ тоқсанда Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Ақын өмірінен сыр» әдеби кеші өтті. Мұндай шаралар арқылы оқырманға тұлғаның шығармашылығын ғана емес, оның өмір жолын, елге сіңірген еңбегін танытуға тырысамыз.
– Өлкетану бағыты ше?
– Өлкетану – кітапханалардың маңызды бағыттарының бірі. Өз өлкесінің тарихын, тұлғаларын, мәдени мұрасын білетін ұрпақ туған жеріне деген жауапкершілікті терең сезінеді.
12 мамырда Аманөткел ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен өлкетанушы, бірнеше кітаптың авторы Тәңірберген Дәрменовпен «Өлке сырын өрнектеген тұлға» атты кездесу кеші өтті.
Осындай кездесулер ауыл тарихын зерттеп жүрген азаматтарды көпшілікке танытып, жергілікті авторлардың еңбегін насихаттауға мүмкіндік береді.
– Мәдениет саласының аудан тұрғындарына қолжетімділігін арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл бағытта көшпелі мәдени шаралардың маңызы өте зор. Біз мәдениетті ауылға апару қағидатын ұстанамыз.
Мәдениет орталығының өнерпаздары елді мекендерді аралап, концерттік бағдарламалар ұсынып жүр. Бір ғана ІІ тоқсанда Мергенсай, Қаратерең, Қарашалаң, Райым, Қосжар, Сазды ауылдарында «Төгілсін ән, жыр бұлағы» атты концерттер өткізілді.
Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастырып қана қоймай, ауылдағы өнерпаздарды қолдауға да мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында қандай шаралар болды?
– Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің айшықты белгілері. Сондықтан олардың мәні мен маңызын жастарға түсіндіру – маңызды міндет.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы» атты танымдық сағат өткізілді. Ал Шижаға ауылдық кітапханасында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышым» атты брейн-ринг ұйымдастырылды.
Мұндай шаралар жастардың ел тарихына, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
– Ономастика бағытында қандай жұмыстарды ерекше атап өтер едіңіз?
– Ономастика – ұлттық тарихи санамен тікелей байланысты сала. Аудан бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктері туралы деректер үнемі жаңартылып келеді.
Ел тарихында із қалдырған тұлғалардың есімдерін насихаттауға да көңіл бөлінуде. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагері Садық Жұмағұловтың есімін ұлықтау мақсатында оның туған жері Қамыстыбас ауылдық округінің орталығына билборд орнатылды.
Сонымен қатар ономастика мәселелеріне арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі» тақырыбында материал жарияланды.
Тағы бір айта кететін дүние Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігі «Ономастар одағы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ономастика басқармасымен бірлесе «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бекітілген бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасының ономастикалық кеңістігін тарихи-диахрондық әдіс негізінде кешенді зерттеу арқылы ғылыми тұрғыдан жүйелеу, тарихи жер-су атауларын толыққанды ғылыми айналымға енгізу және ономастикалық қызметті заманауи цифрлық инфоқұрылым негізінде жетілдіру болып табылады.
Осыған орай, жобаның ғылыми-зерттеу тобы Қазақстан топонимдік жүйесін зерделеу мақсатында үстіміздегі жылдың 19-20 шілдесінде «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспидициясы аясында ауданымызға арнайы іссапармен келіп, өздеріңіздің қатысуларыңызбен жиын өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Экспидицияның ғылыми-зерттеу тобы  Арал ауданы бойынша зерттелетін 69 географиялық нысанның тізімін жасап, қазіргі таңда қала, кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен, көнекөз қариялармен сұхбаттасу арқылы және архив құжаттарын негізге алып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар толық аяқталған соң аудан әкімдігі жанынан құрылған ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы тобының отырысында хаттама жасалып, 69 объект бойынша зерделенген мәліметтер мен жаңа атаулары ұсынылатын болады.
– Жалпы, мәдениет саласындағы жұмыстардың ауқымы кең екен. Осы бағыттардың барлығын бір арнаға тоғыстыратын басты мақсат қандай?
– Басты мақсат – рухани бай, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, тарихи санасы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Мәдениет үйіндегі концерт те, кітапханадағы әдеби кездесу де, жыр-терме үйірмесі де, тіл саясаты мен ономастика бағытындағы жұмыстар да бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – халықтың рухани әлеуетін арттыру.
Бүгінгі таңда мәдениет мекемелерінің алдында үлкен міндет тұр. Біз заман талабына сай жаңа форматтарды енгізуіміз керек, бірақ сонымен бірге ұлттық болмысымыздан ажырамауымыз қажет.
Аралдың өзіндік өнері, жыраулық дәстүрі, әдебиеті мен тарихы бар. Осы бай мұраны жас ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз.
– Алдағы кезеңге қандай мақсаттар қойылып отыр?
– Біздің басты мақсатымыз – мәдениет пен руханиятты аудан тұрғындарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Алдағы уақытта да ел тарихын, ұлттық өнерді, әдебиет пен дәстүрді насихаттайтын мазмұнды шаралар көбейеді. Ауыл мен аудан орталығы арасындағы мәдени байланысты нығайтып, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін жобаларды жалғастырамыз.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, тарихи тұлғаларды ұлықтау, ұлттық өнерді дәріптеу – барлығы бір арнада тоғысатын міндеттер.
Өйткені мәдениеті мығым, руханияты берік елдің болашағы да баянды. Аралдың өнері мен мәдениеті – оның өткені ғана емес, келешекке жол сілтер рухани қазынасы. Сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
– Әңгімеңізге рақмет.
– Сіздерге де рақмет. Мәдениет саласындағы жұмыстарды халыққа жеткізіп, руханият мәселелерін тұрақты көтеріп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі де маңызды. Өйткені мәдени шараның өзі бір күндік болуы мүмкін, ал оның ақпарат арқылы тараған тағылымы көпшіліктің жадында ұзақ сақталады.
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 тамыз 2026 ж. 37 0