Құралбек Жәлімбетов: ауданда 64763 жылқы, 39843 түйе тіркелген
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі болса, ветеринариялық қауіпсіздік – осы саланың тұрақты дамуының басты шарттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі мәселелерді шешудің маңыздылығын үнемі атап келеді. Президент: «Ауыл шаруашылығы – экономиканың стратегиялық маңызды саласы. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша мән беруіміз керек» деген болатын.Міне, осы мақсатта Арал ауданында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, малды бірдейлендіру, диагностикалық зерттеулер жүргізу, заңсыз мал тасымалына тосқауыл қою және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Осы және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікке қатысты өзге де мәселелер жөнінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Құралбек Жәлімбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Құралбек Атабекұлы, алдымен Арал ауданындағы ветеринариялық ахуалға тоқталсаңыз. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Арал ауданында жалпы эпизоотиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, жануарлар арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу – күнделікті бақылауды және жүйелі жұмысты қажет ететін маңызды міндет. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Біздің инспекция құрамында басшымен қоса есептегенде 6 мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор бар. Мамандар аудан көлеміндегі ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау жұмыстарын ұйымдастырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.
– Арал ауданы аумағы жағынан үлкен. Мұндай кең территорияда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қаншалықты күрделі?
– Әрине, жауапкершілігі өте жоғары. Аудан аумағында барлығы 24 округ бар. Оның құрамында Арал қаласы, 2 кент және ауылдық округтер орналасқан. Елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасуы ветеринариялық қызметтің жұмысын күрделендіреді. Соған қарамастан, мал басының жағдайын бақылау, профилактикалық және диагностикалық шаралардың уақытылы жүргізілуін қадағалау бағытында жұмыстар тұрақты атқарылып келеді.
– Аудандағы мал саны қанша? Олардың ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жүзеге асырылады?
– Қазіргі таңда ауданда 59 603 бас мүйізді ірі қара, 100 065 бас уақ мал, 64 763 бас жылқы және 39 843 бас түйе тіркелген. Осындай ауқымды мал басының ветеринариялық тұрғыдан қолайлы жағдайын сақтау үшін жоспарлы профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Бұл жұмыстарды Қызылорда облысының ветеринария басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Арал аудандық ветеринариялық станциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бекітілген жоспарға сәйкес атқарады.
– Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Ауданда жануарлардың 10 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруына қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар бруцеллез ауруына диагностикалық зерттеулер жасалады. Зерттеу нәтижесіне қарай аурудың алдын алу және таралуына жол бермеу бағытында тиісті шаралар қабылданады. Диагностикалық зерттеулерді ҚР АШМ ВБжҚК «Республикалық ветеринариялық зертханасы» ШЖҚ РМК Қызылорда облыстық филиалының Арал аудандық ветеринариялық зертханасы жүргізеді.
– 2026 жылдың сегіз айындағы диагностикалық жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Жыл басынан бергі сегіз айда жүргізілген диагностикалық жұмыстар нәтижесінде 2 уақ малдан сарып, яғни бруцеллез ауруы анықталды. Бұл – адамға да жұғатын аса қауіпті инфекциялық ауру. Ауру анықталған жануарларға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар жүргізілді. Ауру малдар Жамбыл облысындағы ет өңдеуші кәсіпорынға қайта өңдеуге тапсырылды. Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – ауруды ерте анықтап, оның әрі қарай таралуына жол бермеу.
– Арал ауданында сібір жарасының бұрыннан белгілі ошақтары бар екені айтылды. Бұл нысандар қалай бақыланады?
– Аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – сібір жарасы. Арал ауданы бойынша өткен ғасырда тіркелген 14 сібір жарасы ошағы бар. Аталған ошақтардың барлығы қолданыстағы заң талаптарына сәйкес бетондалып, сілтеме белгілері қойылған. Мұндағы негізгі мақсат – адамдар мен жануарлардың қауіпті ошақтарға кездейсоқ жақындауын болдырмау және инфекцияның таралу қаупін азайту. Бұл орындар бақылауда.
– Ветеринария саласының материалдық-техникалық базасы мен мамандардың әлеуметтік жағдайы бойынша қандай өзгерістер бар?
– Соңғы жылдары ветеринария саласына көңіл бөлініп келеді. Бүгінде ветеринариялық пункттер автокөліктермен, компьютерлермен және қажетті ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында олардың еңбекақысын 25 пайызға арттыру бекітілді. Бұл – ветеринария мамандарының жұмысына берілген оң баға әрі саладағы кадрлық тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды қадам.
– Мал қорымдарын салу мәселесі де өзекті. Арал ауданында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында 2026 жылы республикалық бюджеттен облысқа қаржы бөлініп, Арал ауданындағы 17 ауылдық округке типтік жобадағы мал қорымдарын салу жоспарланған. Оның 13-ін биыл, қалған 4 елді мекенді 2027 жылы салу жоспарға енгізілген. Қазіргі уақытта Аманөткел және Қамыстыбас ауылдық округтерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандардың салынуы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
– Ветеринариялық заңнама талаптарының сақталуы бойынша бақылау қалай жүзеге асырылады?
– Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалаудың мақсаты – ең алдымен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. 2026 жылы аудандық ветеринариялық станцияға тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарға байланысты әкімшілік шаралар қабылданды. Жыл басынан бері 7 нұсқама берілді. Жалпы, Арал аудандық аумақтық инспекциясы тарапынан 96 айыппұл салынып, 7 нұсқама берілді.
– Заңсыз мал тасымалына қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Заңсыз мал тасымалы мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында жыл басынан бері ішкі істер қызметімен бірлесіп 86 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Рейдтер барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын тасымалданатын объектілерді ветеринариялық құжаттарсыз тасымалдаған 66 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Мұндағы мақсат – азаматтарды жазалау емес, ветеринариялық заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Себебі ветеринариялық құжатсыз мал тасымалдау бір ғана шаруашылыққа емес, тұтас ауданның эпизоотиялық жағдайына қауіп төндіруі мүмкін.
– Ауданда мал сою орындарының жұмысы қалай бақыланады?
– Тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мал сою орындарындағы ветеринариялық-санитариялық бақылауға ерекше мән береміз. Қазіргі таңда Арал ауданында 3 мал сою пункті жұмыс істейді. Олардың барлығы заманауи талаптарға сай салынған. 2026 жылдың сегіз айында осы мал сою пункттерінде 1124 бас мүйізді ірі қара, 115 бас уақ мал, 586 бас жылқы және 201 бас түйе сойылды. Мал сою барысында жануарлардың денсаулығы, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуы және алынған өнімнің адам денсаулығына қауіпсіздігі бақылауда болады.
– Малдарды бірдейлендірудің ветеринариялық қауіпсіздіктегі маңызы қандай?
– Бірдейлендіру – ветеринариялық есептің негізгі тетіктерінің бірі. Ол арқылы әр жануар туралы мәлімет есепке алынып, оның қозғалысын және ветеринариялық іс-шаралардан өтуін бақылауға мүмкіндік туады. Әсіресе жұқпалы ауру тіркелген жағдайда бұл жүйе аурудың таралу бағытын анықтауда аса маңызды. 2026 жылдың сегіз айында аудан бойынша 10 700 бас мүйізді ірі қара, 30 000 бас уақ мал және 5 000 бас түйе бірдейлендірілді.
– Арал өңірі балық шаруашылығымен де тығыз байланысты. Балық өнімдерін экспорттау кезінде ветеринариялық бақылау қалай жүргізіледі?
– Балық өнімдерінің экспорты да біздің назарымыздан тыс қалмайды. Арал ауданы бойынша балық өнімдерін экспорттайтын кәсіпорындардың өтініштеріне сәйкес жыл басынан бері 1645,738 тонна балық өніміне 150 ветеринариялық сертификат берілді. Бұл құжаттар экспортқа шығарылатын өнімнің ветеринариялық талаптарға сәйкестігін растайды. Аралда өңделген балық өнімдерінің негізгі тұтынушылары – Еуропа одағы елдері, атап айтқанда Германия, Литва, Нидерланды, Польша, Дания, Венгрия, Чехия, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан және Қытай.
– Халық арасында ветеринариялық сауаттылықты арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Ветеринариялық қауіпсіздікті тек бақылау немесе әкімшілік шаралар арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл жерде халықтың ветеринариялық сауаттылығының маңызы зор. Сондықтан инспекция мамандары тұрғындар арасында, ет дүкендерінде, мал сою пункттерінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындарға малды ветеринариялық құжатсыз тасымалдауға болмайтыны, жануарларды уақытылы вакцинациялау мен диагностикалық тексеруден өткізудің қажеттілігі, ауру белгілері байқалған жағдайда ветеринариялық мамандарға дереу хабарласудың маңыздылығы түсіндіріледі.
– Мал иелеріне айтар негізгі өтінішіңіз қандай?
– Ең бастысы – әрбір мал иесі ветеринариялық талаптарды сақтауға жауапкершілікпен қарауы керек. Малын уақытылы бірдейлендіріп, вакцинациядан және диагностикалық тексерулерден өткізуі қажет. Мал сатып алғанда немесе басқа елді мекенге тасымалдағанда міндетті түрде ветеринариялық құжаттарын рәсімдеген жөн. Егер жануардан аурудың қандай да бір белгісі байқалса, өз бетінше емдеуге немесе малды басқа жерге тасымалдауға болмайды. Дереу ветеринариялық мамандарға хабарласу қажет.
– Құралбек Атабекұлы, атқарылған жұмыстарға тоқталып өттік. Ал алдағы кезеңдегі негізгі міндеттеріңізге қандай?
– Алдағы уақытта да жануарлар арасында аурулардың таралуына жол бермеу, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын бақылау, заңсыз мал тасымалының алдын алу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Біздің басты міндетіміз – ауданның ветеринариялық-эпизоотиялық ахуалын тұрақты сақтау және халыққа қауіпсіз мал өнімдерінің жеткізілуіне ықпал ету.
Өйткені ветеринариялық қауіпсіздік – тек сала мамандарының ғана емес, әрбір мал иесінің ортақ жауапкершілігі. Малдың саулығы – халықтың амандығы. Ал халықтың амандығы – ел қауіпсіздігінің басты негіздерінің бірі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ









