Кешірмеймін анамды
– Мақсат, болды. Өткенді ұмыт. "Ата-анаң жынды болса, байлап бақ" деген бар.
– Бұл сөздің тап мынаған қатысы жоқ енді. Әрине ол мені бақса, ыстық-суығыма көнсе, мен де оны алақанға салып аялар едім ғой. Бірақ...
Иә, Мақсаттың жүрегіне тас-түйін боп қадалған шемені де осы. Қанша ұмытайын десе де, оның азаппен өткен балалық шағы, жетімдік жүдеткен, әркімнің қас-қабағына қарап, босағасында телміріп өткен күндері ойынан еш кеткен емес.
Бұлар анадан туған алты ағайынды еді. Әкелері кезінде совхозда тракторшы болды. Анасы үй шаруасында. Ел қатарлы бақытты, алаңсыз тұрмыс кешіп жатырған. Кенеттен келген қаралы хабар бұлардың өмірін әп- сәтте өзгертіп жіберді. Әкелері ми қайнаған ыстықта шабындық басында жүретін. Қан қысымы көтеріліп, сол жерде тіл тартпай кетіпті. Отағасының ауыр қазасы аналары Күләйді да есеңгіретіп тастады. Алты баламен жесір атанған оны ендігі тұрмысы алаңдатты. "Тірі адам тіршілігін жасайды" дегендей, уақыт өткен сайын қайғы бұлты сейіліп, бұл да тіршілік қамына кірісті. Асыраушысынан айырылған соң, Күләйді совхоз директоры конторға еден жуушы етіп жұмысқа алған. Ай артынан ай өтіп, әкесі Дулаттың бақилық болғанына да жыл толды. Алты бала да өсіп жатты. Мақсат– ортаншысы. Өзінен үлкен екі әпкесі, бір ағасы бар. Және кіші қарындасы мен інісі.
Кейінгі кезде Күләйдің өзгеріп жүргенін балалары байқап жүр. Бұрынғыдай емес, жұмысқа жасанып, сәнденіп барады. Кейде тіпті кештетіп қайтуды да әдетке айналдырды. Аядай ауылда әңгіме жатсын ба? Кейіннен "көрші ауылда тұратын есепші жігіт Сүйеубаймен көңіл жарастырып жүр екен" деген әңгіме ауыл арасында желдей есті. Бірі бетін шымшып, ернін шығарса, бірі "бейшара балаларға обал болды" деді. Енді бірі жесір әйелдің жанын түсінгендей болды. Бірде Мақсат сыныптасымен сөзге келіп қалды.
– Мақсат, жуырда ауылдан көшесің-ау...
– Оны қайдан шығардың? Мен бұл жақтан кетпеймін.
– Қайдам, қайдам, апаң жаңа бай тауып алыпты дейді ғой ел. Әлде сендерді тастап, өзі кетпек пе?
Осыдан кейін қып-қызыл төбелес басталып кетті. Мына сөздер бала болса да Мақсатқа ауыр тиген. Көмейінде өксік болып қадалып қалған. Десе дегендей-ақ, шамалы уақыттан соң Күләй алты баланы ауылда тұратын қайын апасына аманаттады да, өзі әлгі есепші жігіттің етегіне жармасып кете барды. Ол да әйелі өліп, 3 баласымен қалған екен. Бұл кезде ес біліп қалған балалары қатты қиналды.
– Апа, біздің әкеміз жоқ, енді сіз де бізді тастап барасыз ба? – деп жылады үлкен қызы Ханзада.
– Қызым, мені өскен соң түсінесің. Сен үлкенсің ғой, барлық балаға бас-көз бол, – деген анасы осылай өз баласын өзгенің босағасында қалдырған Күләй өзгенің баласына ана болды.
Ал Мақсат болса бұл күні әкесі өлген күнгі қиналыстан да екі есе қиналды. Анасын жек көріп кетті. Өзін тұл жетімге балады. Әпкелерінің де тұрмысы жетісіп тұрғаны шамалы. Күйеуі ішкілікке жақын, ойсыздау кісі еді. Өздерінің төрт баласы бар. Бірде тоқ, бірде аш күндер өтіп жатты. Балалардың жанын жүдеткен бұл емес, жезделерінің араққа сылқия тойып келіп:
– Ана жеңгең кетті байсырап, баланың бәрін сен сүмекке тастап. Сен болсаң осыларды бағып, арамтер болып жүрсің. Мен болмасам бәрің далада қаңғып қалатын едіңдер ғой, әй, – деп көкірегін соғып сөйлегенде балалар тезірек есейіп, өз беттерінше өмір сүруге асығатын.
Уақыттан жүйрік жоқ. Жылдар жылыстап, бұлар да ержетті. Үлкендері оқығандары оқыды, жұмыс жасаймын дегендері жұмыс істеді. Мақсат ылғи өзінен кейінгі бауырларын жетелеп жүрді. Қарындасы мен інісіне қамқор болды. Апалары сол кеткеннен кейін бастапқыда бір-екі мәрте келіп-кетіп тұрған, онан кейін мүлде келуін тоқтатты. Бұлар да оны жоқ адам санатына жатқызып, ешкімнен жақсылық, қайыр күтпей өз қамдарын өздері жасап жүр.
Мақсат мектеп бітірген соң қалаға жұмысқа кеткісі келген. Бірақ өзінен кейінгі інісі мен қарындасына алаңдады. Мен жоқ болсам жездем тағы қыр көрсетіп, өзгелігін танытып, тоқпақтап жүрер деп совхозға жұмысқа орналасып алып, олардың мектеп бітіргенін күтті. Бұл уақытта үлкен қыздар тұрмысқа шыққан. Ағасы қалада зауытта жақсы жұмыс істеп, қаражат жинап үй алғалы жүрген. Кенжелері мектеп бітірген соң ештеңеге қарамастан әпкелеріне рақметін айтып, ауылдан біржола кетті. Бауырының көз қарашығындай болған балаларды баққан әпкесі бұларды жібергісі келмеген. Қайткенмен бауыр құрғыр ыстық қой. Бұлар кетсе ауылда төркінім деп танитын адамы да қалмайды.
– Құлындарым-ау, қалада қамқор адам жоқ. Ауылдан барған аңғал бастарыңмен бір пәлеге душар болып жүрмеңдер,– деп жылады әпкесі.
– Рақмет, әпке. "Жетім қозы тас бауыр, отығар да оңалар" деген бар. Біз есейдік. Осы күнді көп күттік. Сізге өкпеміз жоқ. Бізге барынша қамқор болдыңыз. Туғаннан көрмеген жылуды көрдік. Енді балапандай жетіліп, қанат қағып, қияға самғауды мақсат еттік. Ақ батаңызды берсеңіз. Біз сізді сағындырмай келіп тұрамыз, – деген Мақсат әпкесінің ақ батасын алып, шаһарға келді. Келген бетте ағасы Самат жұмыс істейтін зауытқо орналасып, інісі мен қарындасын оқуға түсірді. «Сендер мамандық алып, жоғары қызмет жасаңдар. Қаршадайдан қиындық көрдіңдер. Кейінгі өмірлерің қиындықсыз өтсін» деді Мақсат. Осылай ағасы екеуі табыстарын жинап үй алды. Ағасы үйленді. Жеңгесі орысшалау тәрбиеде өскен екен. Өзі бір үйдің жалғыз қызы. Сондықтан бір үйде бәрінің тұрғандығын жақтырмай, бастапқы күннен-ақ қыр көрсете бастады. Мұны байқаған Мақсат "енді бауырларымды ешкімнің қас-қабағына жаутаңдатпаймын" деп бөлек пәтерге шығып кетті. Өзінің де үйленетін уақыты келді. Бірақ қызға көзін сүзіп жүрген ол жоқ.
Жақында зауыттың зертхана бөліміне бір қараторы келген қыз жұмысқа орналасыпты. Бірде таңертең екеуі жұмысқа қатар келіп қалды. Сонда бас изеп амандасып, жөн сұрасты. Есімі – Раушан. Ауылдан келген. Одан артық ақпарат жоқ. Бұлардың есік алдында ұшырасып қалуы жиіледі. Тіпті бір-біріне үйренісіп қалғандай. Енді емен-жарқын амандасатын болды. Бірде Мақсат "апыр-ау, тәп-тәуір қыз сияқты. Қызға кім сөз салмайды, қымызды кім ішпейді? Тәуекел деп осы Раушанды кездесуге шақырып көрсем қалай болар екен?" деген ой келді. Бүгін оның жұмыстан қайту уақытын бақылап, өзі де сол уақытқа ыңғайлана жұмыстан шықты.
– Раушан, қай маңда тұрасың? Қарсы болмасаң қас қарайып қалды, мен сені жеткізіп салайын...
– Мен әдетте автобуспен қатынаймын. Әпкемнің үйінде тұрамын. Бұл жерден біршама алыс, – деген Раушан аса қарсылық таныта қойған жоқ. Ымырт түсіп, далада қараңғылық орнап келеді. Қаланың жарық шамдары да әр тұстан біртіндеп жанып жатыр. Бұлар жүргіншілерге арналған тас жолмен баяу басып жүріп келеді. Кешкі мезгіл болған соң салқын самал соғып тұр. Жеңіл киінген қыздың тоңазып қалғаны байқалады. Екі қолын айқастыра, қолдарын қапсыра қысып алыпты. Мұны байқаған Мақсат өзінің жылы күртесін шешіп, иығына жаба қойды. Раушан да бұған көзінің қиығымен қарап күлімдеп, рақметін айтты.
– Ал әңгіме айт. Ата-анаң кім болып істейді, бауырларың бар ма?
Біраз үнсіздіктен соң тамағын кернеп, баяу үнмен сөйлей бастаған Раушанның дауысы дірілдеп шықты.
– Әке-шешем жоқ. Олар менің кішкене күнімде қайтыс болған. Жалғыз бауырым – әпкем бар. Ата-анамның суретінен басқа менде ешқандай естелігі жоқ. Ес білмейтін кезімде өмірден өткен соң, тіпті көз алдыма да елестете алмаймын. Нағашы әжемнің қолында өстік. Кейін әпкем қалаға оқуға келді. Тұрмысқа шықты. Сосын мен де әпкемнің жанына келдім, – деген Раушан өзі туралы әрі қарай ештеңе айтқан жоқ. Осы жерден кілт тоқтады.
Мақсат болса "е-е-е, өзім сияқты жетім екен ғой" деді іштей. Мақсат та өз басынан өткен ауыр тағдырын баяндап берді. Осы күннен бастап бұлардың арасында бір ішкі жылылық пен бір-біріне деген сыйластық пайда болды. Ақыры екеуі бірін-бірі ұғынысып, екі жарты бір бүтін болайық десті. Раушан өзі жетім өскен соң, жетім Мақсаттың бауырларына құшақ жайып, бар жылуын сыйлап, өз бауырындай қамқор болды. Бұған Мақсат та іштей қуанды. Қым-қуыт тірлікпен қарбаласып өмір өтіп жатты. Кейінгілер де есейіп, өз алдарына отау тігіп, азамат болды. Үй болды. Мақсат пен Раушан да үй алып, өмірге қос бірдей қызы келді. Сонан соң сәл аяқтан тұрып алғанша бала тууды тежей тұрып, жұмыс жасайын деп ой түйді Раушан. Бірақ сонан соң бала көтере алмай қалды. Жаңа үй салып, ішін дүниеге толтырып, елмен араласып өмір сүріп жатты.
Бірде "Мақсаттың үйі осы ма?" деп жөн сұрап егде тартқан қарт әжей келді. Бұл кезде Мақсат үйде жоқ болатын. Раушан құдайы қонаққа төрден орын ұсынып, алдына дәмін тосты. Көп кешікпей Мақсат та келді. Ол үйінде отырған әйелді көргенде өңі қуарып, сұп-сұр болып кетті. Есік алдында мелшиіп ұзақ тұрып қалды. Раушан түртіп жібергенде ғана есін жиып, өзіне келді. Сосын басын изеп амандасып, танымай тұрған кісіше ишарат жасады.
– Мақсат, құлыным, таудай азамат болыпсың ғой, ботам!
– Иә, әкеден жетім, анадан тастанды атанып, азапты балалық шақты өткергенімізді айтпасақ, Аллаға шүкір деп өмір сүріп жатырмыз, – деді Мақсат қатқыл дауыспен.
– Еһ, қалқам, мені кешіріңдер. Мен ақымақ болыппын. Сендерді...
– Бізден кешірім сұрау үшін іздеп келдіңіз бе? Мен сізді өлгендер қатарына қосып қойғам. Кешірім Алладан болсын. Жолыңыздан бөгелмеңіз, – деген Мақсат одан тез құтылғысы келді. Жарда ілулі тұрған Дулаттың суретіне ұзақ қарап отырған Күләй:
– Білем, мен оңбай қателестім. Сендерді тастап Сүйеубайға тиіп кеттім. Оның үш баласына ана орнына ана болдым. Бақтым, қақтым. Бірақ өзім тумадым. Сөйтіп жүріп жылдар жылыстады. Былтыр Сүйеубай өмірден озды. Кіші ұлының қолында тұратынбыз. Содан ол балалар менің тумағандығымды танытып, үйден қуып шықты. Бұрын да онша жақтыра қоймайтын. Сүйеубайдың көзі тайғасын осылай қаңғып қалдым. Қазір барар жер, басар тауым жоқ, – деп көз жасын сығып алды.
Мұның бәрін естіп отырған Раушан Мақсатқа "оңаша шығайық" деген белгі жасап, көзбен нұсқады.
– Мақсат, мен туған анамды көрген жоқпын. Кейде Жаратқанға ол қандай болса да, қай жерде жүрсе де аман болса екен деп жалбарынушы едім. Өйткені біз олардың ақ сүтін ешқашан өтей алмаймыз. Тіпті толғатқан бір сәтінің өзін өтеуге біздің күшіміз жетпейді. Сондықтан анаң жастығында қателескен екен. Мейлі, өткен іс өтті, кетті. Енді төрінен көрі жақын отырған шағында біз бағып, разылығын алайық, – деді.
Ал Мақсат болса бұған келіспейтіндігін айтып бұлқан-талқан. Не керек, Раушан ақыры жеңді. Енесін үйде қалдырды. Мақсат та, басқа бауырлары да балалықтағы қиындықтары мен өзгенің босағасындағы өмірлері үшін аналарын кешіре алар емес. Жастығында бақытқа кенелемін деп алты бірдей перзентін тастап кетіп, ақыр соңында қаңғып қалған Күләй болса әркімге бір жаутаңдап, ажалды күнін күтіп уақыт өткізуде...
Назерке МАРАТҚЫЗЫ