Әбе әлемінің әдемілігі (естелік-эссе)
Жатталып тұр санамда,Абызбенен кеңесу,Бұйырыпты маған да,
Аңызбенен кездесу.
Аңызбенен кездесу.
Арал теңізінің құйқалы пұшпақ, құйынды топырағында туып, әлемдік әдебиеттің құймақтай өкіліне айналған алып тұлға бар. Ол – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Жазушының туған жердегі тебіренісін осыдан 10 жыл бұрын құлақ салып тыңдағанмын. 2015 жыл болса керек. Басынан небір зұлмат, зобалаң жылдарды өткерген қазақ әдебиетінің сол кездегі көзі тірі абызын, алтын діңгегін бірінші рет көруім еді. Бірақ, бұл кездесуді соңғысы деп санағым келмеген. Ұмытпасам, сол уақытта Қазақстанның халық жазушысының оқырмандармен кездесу кеші Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті.
Қазақ тілі мен әдебиет мамандығының студенті болғандықтан әрі журналистика саласына қызығушылық танытып жүргендіктен кәдуілгі классик жазушымен кездесу маған ерекше әсер етті. Иә, студенттерді көңіл қалауынсыз жапатармағай іс-шараларға жіберу кең етек алған шақ болатын. Бұл «көзіқарақты» көрермен жинау әдісі қазір де бар. Мен кемі 15-20 минөт ерте келсем де, бос орындықтар бірен-саран екен. Әдептілік танытып, әдепкі орындардың біріне жайғаса кеттім. Айналамда – өзім секілді құралпы құрбы-құрдастар. Әуелде сілтідей тынып отырған олардан да маза қашты. Бозөкпе бозбалалардың бөзтекі сөзі, қыздардың қылықсыз қыжылы әдебиет алыбын тыңдауға мұрсат бермеуге жанталасып жатқандай-ақ. Оған оғаш мінез танытар мен жоқ. Бар есіл-дертім – Әбдіжәміл Нұрпейісовті тыңдау. Себебі, бұл жерге ойда-жоқта топтастарыммен бірге топ ете қалған жан емеспін. Өз қалауыммен, қызығушылығыммен қазақ әдебиетінің қазынасынан қолтаңба алуға келгенмін. Сосын болар, әр сөзі үшін санамда – соғыс, миымда – майдан болып жатыр.
«Мен 92 жасқа аяқ бастым. Бүгін елге келіп, жерлестеріммен, оқырмандарыммен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, кездесуге жастардың көп келгені көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан, осы жастарға адал болыңдар, көп оқып, алған білімдеріңді ел игілігі үшін жаратыңдар дегім келеді» деді жазушы.
Бірнеше сағатқа созылған кездесуде естір құлаққа есті сөз айтылды, сан сұрақ қойылды. Тоқсанды толтырған теңізбен тағырлас тұлға қызыл сөзден тартынбады. Жазған-сызғандарына жарнама жасамады. Байқағанымыз – оқырманмен санасатыны, бірақ оқырман деңгейіне түспейтіні. Жазушының көп алдында өзін ұстауы, сөйлеуі, киінуі, бәрі-бәрі бір-біріне үндесіп, үйлесіп тұрғандай. Әдетте кәсібі жазу саналатын жандардың сөйлеуге шорқақ келетінін әдебиет айналасында жүргендер жақсы біледі. Бірақ, Әбе ақсақал әр сөзіне екпін қойып, әркез тіл бұзбай, айтарын тиянақты, ұғынықты жеткізіп отырды.
Кездесу кеші біткен тұста алып тұлғаның батасын алуға бардым. Суретке түсушілер мен қолтаңбасын алушылар да көп болды.
«Аталарыңды шаршатпаңдар! 90 жастан асқанда бірнеше сағат сөйлеу де оңай емес» десті жанындағылар.
«Абыройлы болыңдар, жастар! Менің жасымды берсін! Ізденуді әрдайым тоқтатпаңдар!» деп батасын берді біздерге. Басқаны қайдам, бұл сәтті мен сезіне алдым. Себебі, жоғарыда жазғанымдай: «Қазақ тілі мен әдебиет мамандығының студенті болғандықтан әрі...».
Әбе әлемінің әдемілігінен әдебиетсүйер қауым ерекше әсер алады, әсем әңгімелейді.Жазушының тұңғыш шығармасы – «Курляндия» романы болса да, басқа-басқа «Қан мен тер» трилогиясының жөні бір бөлек. Мұны оқырман Талғат Меңдібайдың пікірі растай түседі.
«Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын («Ымырт» – 1961 жыл, «Сергелдең» – 1964 жыл, «Күйреу» – 1970 жыл) оқыдым. Кітап өте қатты ұнады. Роман басты жағымды кейіпкер Еламан арқылы балықшылар ауылының, сол ауылмен жалпы қазақ халқының Ақ патша кезінен коммунисттердің келуіне дейінгі аралықтағы өмірін сипаттайды. Бұл трилогия – ел, халық және оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Суреткер жазушы тарихи шындық пен заманауи мәселелерді қозғап, осы арқылы адам баласы бұл дүниеде бар кезде ешқашан бітпейтінін меңзейді. Кітапта басты кейіпкер Еламан болғанымен, мен үшін негізгісі(жағымсыз болса да) Тәңірберген саналды. Жалпы, кітап кішкентай балықшы ауылының тірлігі қазақ елінің үлкен шындығына айналғандығын көрсетеді.
Ал, жазушы «Соңғы парыз» романын екіге бөліп, бір түн мен бір күн ішіндегі оқиғаны адамның естеліктерін, өмірін еске түсіреді. Шығармада үш адамның қарым-қатынасы көрсетіледі: Арал арқылы пайда көріп өсіп кеткісі келетін, Аралды шын жақсы көріп, қайтқысы келмейтін және Аралдан кетіп қалғысы келетін. Мұндай адамдар қазір де бар ғой. Сондықтан, бұл – өте актуалды кітап. Мұнан жақсы әсер алдым. Ерекше кітап болды» дейді ол.
Шынын айту керек, көзі тірі қаламгерді көру, оның батасын алу – мен секілді жас әдебиетшіге, тілшіге үлкен жауапкершілік жүктеді. Мұны сабақ барысында топтағы студенттер мен Сара Тайманова, Тасболат Медетбаев секілді оқытушы-ғалымдарға сүйсініп, көкірегімді мақтаныш сезімі кернеп әңгімелеп бергенім бар. Талай ұлы ақын-жазушымен дәмдес, пікірлес болған олар менің таңданысымды қалай қабылдағанын осы күні ғана ұғынғандаймын. Қазір бұл ұстаздарымыз да өмірде жоқ, өткен шақ жайлы ескірмейтін естеліктер ғана бар.
Бұл – Әбе әлеміндегі әдеміліктен туған ой еді...
Рыскелді ЖАХМАН