Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарылды

Ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарылды

Таяуда Арал ауданына жұмыс сапарымен келген облыстық «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Ләйла Төрешова жергілікті партия мүшелерінің қатысуымен актив отырысын өткізді.
Осы жерде айта кетерлік жайт, ауданда мемлекет басшысының серпінді бастамалары мен жарқын жобаларын негізге алған партияның жұмысы жүйелі екені ерекше аталды. Саяси құрылымның жауапты өкілі ретінде айдынды өлкеге арнайы сапарлаған Ләйла Төрешова осының бәріне көз жеткізіп, партияластарының ел аманатын ақтаудағы белсенділігіне тәнті болды.
Халық пен билік арасында алтын көпір орнатқан партияның өткен жылғы жемісті жұмыстарына тоқталған аудандық «АMANAT» партиясы филиалының төрағасы Базарбай Төреахметов сөз сөйлеп, көпшіліктің сенім артар құрылымына айналған партияның өткені мен бүгінін жан-жақты ортаға салды. Нақтырақ тоқталсақ, өз кезегінде аудандақ партия филиалының төрағасы:
–     Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біздің алдымызда түбегейлі саяси-экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа әділетті Қазақстанды құру міндеті қойылды. Осы орайда «АMANAT» партиясы өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санайды. Партия еліміздегі ең ірі, ықпалды саяси күш ретінде өзінің бұлжымас қағидаларының, саяси мақсаттары мен заманауи бағыт-бағдарын айқындайды. Партия қай кезде де қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасында жүріп халықтың ықыласына бөлене алды. Біз түрлі көзқарастар мен ой-пікірлердің тоғысатын, үндесетін алаңына айналдық, – деп бас партиядағы 2024 жылы атқарылған жұмыстарды ортаға салып, үстіміздегі жылы қолға алынатын жоспарлы міндеттерді кеңінен саралады.
Мұнан соң, партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрсәуле Ембергенова сөз сөйлеп, осы кезге дейін елмен етене араласып, қаншама маңызды істерге ұйытқы болған партияның жұмысы зор қолдауға ие екенін уақыттың өзі дәлелдегенін алға тартып, әлі де кезек күттірмейтін өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін таба беретінін сеніммен мәлімдеді. Бұдан бөлек, партия атынан сайланған Аққұм ауылдық округының әкімі Нұрбек Жандәулетов партия тұжырымдамасында көрсетілген жұмыстардың біразы атқарылғанын, мемлекет қолдауы негізінде округте ауыз толтырып айтарлық игілікті істер жасалғанын, ауылға газ кіріп, кәсіпкерлік жанданғанын жеткізді. Ал «Вокзал» бастауыш партия ұйымының төрағасы Кенжебек Тілепов бастауыш ұйымдағы қолға алынған жұмыстар бойынша хабарлама жасап, қалың бұқарамен тығыз байланыс жасағанның арқасында партияға деген үлкен-кішінің ықыласы артқанын тілге тиек етті.
Иә, осының бәрі екшелген басқосуда облыстық филиал төрағасы Ләйла Төрешқызы сайланған депудаттардың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген уәделердің уақытылы орындалуы қажеттігіне тоқталып, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту ең бірінші кезекте тұратынына басымдық берді. Сондай-ақ, партия атынан ұсынылған ауыл әкімдерінің жауапкершілігін күшейтіп, сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген міндеттері мұқият қадағаланатынын айтты.
 Жалпы, аманат қазақ ұғымында қастерлі түсінік. Содан да шығар, аманатқа қиянат ету – арға сын. Бүгінде аудандық «АMANAT» партиясы мүшелерінің қатары қалың. Салыстырмалы түрде цифрларды сөйлетсек, партияның филиалындағы қабылдау бөлмесіне 701 өтініш тіркелген. Ауданда тоғыз мобильді қабылдау өтіп, 35 тұрғынның 20-ға жуығының сұрағы қанағаттандырылып, бір қатарына заң аясында түсіндірме берілген. Партия «Жер» аманаты бойынша да айтарлықтай жұмыс жасап, «Ауыл» аманаты жобасы аясында да табысты іс тындырған.
Осы және өзге де атқарылған жұмыстар сараланған жиында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйла Төрешова жыл көлеміндегі жемісті жұмыстарды оң бағалап, бірқатар партия белсенділерін марапаттап, риясыз алғысын білдірді.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ



---
26 қаңтар 2025 ж. 76 0