Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Отандық өнім төрге озуы керек

Отандық өнім төрге озуы керек

Кеше Қызылордадағы «Өнер орталығында» жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» және жергілікті шикізаттан өндірілетін «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары өтті. Іс-шараны облыс әкімдігінің қолдауымен өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Көрме-байқауға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты.
Президент тапсырмасына сәйкес «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы жылда ұйымдастырылады. Оған сырбойылық кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер белсенді түрде қатысып жүр. Мақсат – отандық өнімнің әлеуетін арттыру, ұлттық бренд қалыптастыру.
– Біз аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары сапалы өнім мен экспортқа, шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарудамыз. Осы орайда алдағы бесжылдықта аймақта құны 2 трлн теңгені құрайтын 89 инвестициялық жобаны іске қосу, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биыл 302 млрд 500 млн теңгеге 27 жоба іске қосылады. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант беруден бастап оны дамыту үшін жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік субсидиялар беру арқылы инвестициялық, қаржылық, инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Биыл жеке кәсіпкерлікті қолдаудың барлық көзінен 30 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Қазірдің өзінде 583 жобаға қолдау бар. Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын кедергісіз несиелендіру мақсатында маусым айында бизнес субъектілерінің қарызына кепілдік беру жүйесін енгізуді көздейтін заңнамалық актіге қол қойды. Бұл – кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі шағын және орта бизнес өкілдерінің аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудағы үлесін айрықша атап өтті. Алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Өңірлік көрме-байқау республикалық байқауға қатысатын кәсіпкерлерді анықтау мақсатында өтті. Оған 3 номинация бойынша 60-тан астам кәсіпкер қатысты. Атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясының әрқайсысынан үш жеңім­паздан, барлығы 9 тауар өндіруші үздік деп танылды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасын өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған жұмысшы топ бағалап, үздік деп танылған 10 тауар өндірушінің өнімін бренд-комитеттің қарауына ұсынады. Бағдарламаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашу.
Іс-шара барысында аймақ басшысы көрмені аралап көріп, импорттық тауардың орнын басатын өнімді өзімізде шығару мүмкіндігіне куә болды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
Фото: Облыс әкімдігі
---
03 шілде 2025 ж. 60 0