Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Тарихты түгендеген Досаман қарт

Тарихты түгендеген Досаман қарт

Тоғыз жолдың торабында түйіскен Сексеуіл станциясында 1945 жылы 22 қыркүйекте дүние есігін ашқан Досаман бала кезден саналы әрі алғырлығымен ауылдың үкілі үміті болды. Қазақтан шыққан 500 атақты батырды және «Мың бала» жайлы ғажайып әңгімелерді, жыр-қиссаларды есітіп өскен Досаман Дәуітов те батыр болуды армандаған еді.
         Шежірешіл анасы Алмажанмен дастандарды жатқа айтатын әкесі Қосуақ 13 баланы өмірге әкеліпті. Алайда оның 11-і ер жетіп, бой жете келе мектепті тәмамдаған соң бұл дүниеден өте беріпті. Ата-анасы айтады екен: «Дос ағамды да бұл дүниелік емес-ау, тіл-көз тиіп кетеді ау» деп. Алла ғұмыр беріп, №177 орта мектепті үздік тәмамдаған бозбаланың арманы алдамапты. Ол әскери борышын Волгоградта әскери құрамда ракетшик болып өтеген. Борышын өтеп жүргенде өте білімді жас маманды Кеңес үкіметі командир етіп Вьетнамдағы соғысқа да жіберіпті. Әскери бөлім басшылығы армияда 25 жылға қалып, еңбек етуіне қолқа салып бар жағдайын жасапты. Алайда қарт ата-анасының барын айтып, елге оралады. Іскерлігімен 3 жыл жоғары армия басшылығынан әділ бағасын алған капитанның арманы орындала бастайды.
         Иә, білімді маманға қай кезде де даңғыл жол ашылары сөзсіз. Армиядан келген соң еңбек жолы Сексеуілдегі УФА Халықаралық құпия байланыс торабында жоғары дәрежелі білікті байланысшы, содан соң бастығы болып қызметінің көтерілгені айқын дәлел. Алайда алдына қойған арман-мақсатына қалайда жетуім керек деп Алматыға ат басын бұрады. Сөйтіп Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданады. Өзіне артылған сенім нәтижесінде студенттік советтің төрағасы, курстың старостасы, жастардың жетекшісі болып қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүреді. Түрлі әдеби-мәдени, саяси кештердің тізгінін ұстап ұйымдастыру қабілетімен де көзге түседі. Ол жастайынан өнерге жақын болды. Домбыра тартып, талай әсем халық әндерін нақышына келтіре орындап, той басқарып, өткір, тапқыр, сөзге шешен болып кезінде кент жастарының ұйытқысы болса, студенттердің де таңдайын талай қақтырған еді. Аталмыш университетті қызыл дипломмен тәмамдған соң ректорат білімді маманды студенттерге дәріс беру мақсатында оқу орнына алып қалады. Университет көлеміндегі қоғамдық істерге қатысып, деканатпен де ректормен де сыйластық қарым-қатынасты үзбеді. ҚазПИ-дей қара шаңырақта абыройлы жұмыс істеді. Әрі еліміздің әр облысынан келген студенттер мен кішіпейіл қарым-қатынаста болып бар жағдайын жасады. Тәжірибелі маман ұжымындағы жастарға ақыл-кеңесін беруден аянбады. Тарих, педагогика және социология кафедрасының аға оқытушысы бола жүріп жоғары партия мектебінің үздік түлегі атанды. Сөйтіп білімді, көркем мінезді жақсы маман 40 жылдық еңбек өтілімен осы оқу орнынан құрметті зейнетке шықты. Студенттік өмірі, оқуы, қоғам жұмысына қатысып, ғылыми жұмыспен айналысуы, бәрі-бәрі осы қара шаңырақта өтті.
         Жемісті жылдар өз жалғасын тауып студенттерге арналған тарих, социологиядан оқу-құралын жазуды бастайды. Иә, ол ректораттың өзіне жүктелген міндеттерінен бөлек, ғылыми жұмыстарымен де айналысады. Монографиялық ғылыми бірнеше оқулық кітаптарының авторы атанды. Ұзақ жылғы еңбегінің өтеуі іспетті Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісін иеленді. Облыстық әкімдік пен министрлік тарапынан алған мақтау-марапттары мен жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе.
         «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деген дана сөз осындайда айтылса керек-ті. Осы ретте біз де туған жердің мақтаныш түлегіне айналған Досаманға Бұлқайыр Айқынов, Әкімжан Мусин, Жүгініс Басбақбаев, Жақсыбай Еңсеповтей ағайлары мен Қалампыр Қазмағанбетова сынды апайлары сапалы білім, саналы тәрбие бергенін атап өткеніміз ләзім. Досаманның жоғары оқу орнында ұстаздық етіп, білім, білік, бірлік үшеуін бір арнаған тоғыстырып сан мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп ұшырды. Иә, осындай дәрежеге қол жеткізгені есімдері аталған ұстаздарының арқасында екенін үнемі есіне алып, мақтанышпен айтып жүреді. Бейбіт күнде адал еңбек етудің батыры атанған сізге денінің саулығын, жылдар бойғы көрген бейнетіңіздің зейнетін бұдан былай да ұзақ көруді жазсын. Ізіңізді жалғар қазақ  елінің түкпір-түкпіріне тараған шәкірттеріңіз әркез үлгі алып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіз.
         Құдай қосқан қосағы Гүлбанра да Алматы Халық шаруашылығы университетін тәмамдап, денсаулық сақтау министрлігінде ұзақ жыл есепші болып зейнеткерлікке шықты. Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша көпбалалы аналар қоғамының төрайымы болып қоғамдық жұмысты жүргізіп келеді.  Халық батыры Жылқаман Отыншыұлының тікелей ұрпағының қара шаңырағында мақтан тұтар бар балалары мен келіндері медицина саласын таңдап, ақ халатты абзал дәрігерлер Жандос-Жанардай, Елдос-Айшадай, Әлдос-Оразкүлдей, Ақдос-Жағиядай, Амандос-Гүлнұрдай, Ердостай ұл-келіндерімен, көзге көрік берген қос қыздары белгілі кәсіпкерлер Ләззат-Тимурдай, Салтанат-Мейірхандай жүз жылдық күйеу балаларымен, 17 немере сүйіп тату-тәтті күн кешіп отырған Досаман мен Гүлбанраны бақытты отбасы дерсің. Отбасыңыз аман болып, Алматы облысы бойынша көпбалалы аналар қоғамын Гүлбанра екеуің басқарып, еліміздің демографиясына сүбелі үлестеріңді қосып, жастарыңыз жүзге жетіп, ел сыйлаған мерейлі отбасының абыз атасы мен әжесі қатарынан табылыңыздар.
         Жаныма жақын, үнемі ізденіс үстінде жүретін, кемеліне келген, ақылды да адал, көңілімнің төрінен орын алатын ерекше әулетіміздің әкеміздей тірегі болған Досаман ағамның 80 жасқа толған әдемі ғұмыры жайлы қысқаша айтқым келді. Иә, өнегелі ғұмыр иесі Досекеңнің өзгермей бір қалпын жақсы сақтағаны киелі Сексеуіл топырағында туғанынан шығар. Бәлкім, расында да солай.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі       
---
30 қыркүйек 2025 ж. 37 0