Тағдыры теңізбен тамырлас
Соңғы сапарына шығарып салып тұрып, көзкөрген жандар Құдекеңнің арманын да жасырмай айтты. Баласы митингте сөйлеген сөзінде "Әкем осы ұрпағымның, немере-шөберелерімнің ішіде ел басқаратын, халыққа адал азамат болса екен" дегенін арманын жеткізді. Мен айтар едім: Ондай азаматтар шығады. Сүйекті ағамыздың ұрпақтарынан әрине, үлкен-үлкен азамат шығатынына кәміл сенемін. Біздің отбасымыз Құдекеңді жастайынан білетін-ді. Мен 8 жастамын, Құдекең 17-де, студент. Бізге асқар таудай көрінетін. Аралқұм станциясының тұсында Сабырбай қазған құдықта отбасымыз қатар отырды. Ол кезде жас Құдайберген кешкісін домбыра тартып, ән салады. Соның қасында ойнап жүріп, "біз де осындай болар ма екенбіз?.." – деп армандайтын едік. Қыркүйек айының басында Құдекеңді әкем атқа мінгізіп, Сапақ станциясынан Гурьевтегі оқуына пойызға мінгізіп жіберетін еді.Міне, сол ағамыз Министр болды. Тұздәм тартып талай қызметті абыроймен атқарғаннан кейін Арал ауданы атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. "Аралрыбпром" өндірістік бірлестігінің бас директоры болып жүріп, облыс басшысының ұсынысымен Құдекең 1983 жылы Қазақ ССР Балық шаруашылығының министрі лауазымына тағайындалды.
Біз соны көріп өстік. Еліктедік, бала күнгі "болсам, жетілсем" деген қызығушылық бізге алға бастады. "Балапан ұяда не көрсе, соны іледі" деген осы екен. Алған білімін алға салып, еткен еңбегін елге арнаған ерекше болмысты ағамыздың әр қадамы ізін басқан бізге үлкен мектеп көрінді.
Ұстаз көрген ұстаз болсам деп, дәрігер көрген дәрігерлікті мақсат етіп өсетін халық емеспіз бе?! Біз де Құдекеңнің құтты қадамын танып өскеннен болар, бала кезден балық шаруашылығына қызығып бақтық.
Арманымыз адастырмады. Бүгінде осы салада салмақты үлесі бар ел ағаларының біріне баланып отырмыз. Осының барлығы Құдекеңнің арқасы десем артық айтқандық емес.
Иә, ол кісінің орны бөлек. Білгенін үйретті, білмегенімізді қысылмай сұрайтынбыз. Ол ағынан ақтарылып ақылын айтатын. Ештеңені бүгіп қалмады. "Сіздің ініңізбін" деген әрбір өзінен кейінгі азаматтарға ағалық еті білді. Қамқор болып, қанатының астына алды.
Міне, соның айғағы болар, Алматыда тұратын Құдекеңнің ағалық қамқорлығын көрген інілері болмысы бөлек азаматтың сүйгенің өз қолдарымен туған жеріне жеткізіп, туған топырағына тапсырды.
Құдекеңнің жатқан жері жайлы болып, ұрпақтарына жүрім бергей. Ұрпақтары атын шығарытын азамат болсын.
Әділбек Әйімбетов,
Арал аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы








