Шетелдік БАҚ-тар Қазақстан туралы
Алматы қаласындағы қаңтардағы қақтығыс жайлы жазбаған шетелдік БАҚ кемде-кем. Әсіресе, Батыс басылымдарында жарияланған ақпарат ағыны толассыз болды.
Елімізде болған оқиғаларға байланысты шетелдік басылымдарда жарияланған материалдардың барлығын қамту мүмкін емес, әрине. Десе де ағылшын тілді медиада жарық көрген мақалалар мен пікірлер, хабарлар мен ақпаратты шолып шықтық.
Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде айтқандай, халықаралық қоғамдастықта, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, ҰҚШҰ күштерінің пайдаланылуына, жалпы Қазақстандағы жағдайға қатысты мүлде қате түсінік қалыптасқанын байқау қиын емес.
«Ұсынып отырған айғақтарға қарамастан, кейбір дереккөздер Қазақстан билігін бейбіт демонстранттармен күресті деп айтып жатыр. Бұл – мүлде қате ақпарат. Біз бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да», деді Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.
Батыс медиа басылымдарының еліміздегі жағдайды жіті бақылап, кеңінен талқылауына Президенттің ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларынан елге төнген қауіпті еңсеру үшін көмек көрсетуін сұрауы түрткі болғаны сөзсіз. Ресей мен Батыс елдерінің шиеленісті қарым-қатынасы белгілі. Жарияланған материалдардың көпшілігі дәл осы Ресей тақырыбына басымдық бергендей.
The New York Times, Financial Times, Bloomberg, The Washington Post секілді басылымдар ақпарат таратқанда басымдықты Орталық Азия аумағындағы Ресей ықпалына көбірек берді. Тек соңғы күндері ғана Президент Қ.Тоқаевтың сөзіне сілтеме беріп, ҰҚШҰ бітімгерлік күштері жақын күндері миссиясын аяқтап, Қазақстан территориясынан шығатыны туралы жаза бастады. NYT, FT, Reuters, The Guardian таратқан соңғы ақпараттардан осыны көруге болады.
Өзге хабарлар Қазақстандағы сұйытылған газ бағасына наразы болған халықтың бейбіт шеруі жаппай тәртіпсіздік пен шабуылға ұласқанына, бірнеше қалада төтенше жағдай жарияланғанына, үкіметтің отставкаға кеткенін, елде интернеттің бұғатталғанын, қаладағы мемлекеттік нысандардың, басқа да ғимараттардың қирағанына тоқталды.
Осы секілді хабарлар елде болып жатқан қарулы қақтығыстар жайлы Батыс өркениетінде толық түсінік жоқ екенін көрсетеді. Оған интернеттің амалсыз бұғатталуы да әсер еткені сөзсіз. Қазақстандағы ахуал туралы ақпараттың дер кезінде таратылмауы, байланыстың болмауы секілді мәселелер де жағдайға өз ықпалын тигізді. Кез келген медиа басылымның, редакцияның өзіндік көзқарасы, ұстанымы мен пайымы болатынын ескерсек, елдегі жағдай туралы хабарлардың да таратылуы, басым тақырыптары мен үніне қарай белгілі бір бағытта сипат алғанын байқаймыз. Елде интернет қосылып, ақпаратқа қол жетімділіктің артуы енді бұл үрдіске оң әсерін тигізеді деп пайымдаймыз.
egemen.kz