Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚШ: Көші-қон дағдарысы

АҚШ: Көші-қон дағдарысы

Қазір АҚШ-тың өзге елдерге көмек беретін шамасы жоқ. Кейінгі бірнеше айда ел шекарасынан өткен заңсыз мигранттар саны күрт өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Сарапшылар мұны «көші-қон дағдарысы» деп атап, Джо Байденнің президенттік мансабына қауіп төндіруі мүмкіндігін ескертеді. Өйткені Дональд Трамп Байденді қатаң сынға алып, заңсыз мигранттарға қарсы наразылық оны Ақ үйге қайтарады деп үміттеніп отыр. АҚШ-тың оңтүстік шекарасында не болып жатыр, ел иммиграция мәселесін қалай шешпек?

Өткен жылдың желтоқсан айында Мексика шекарасын 300 мың адам кесіп өткен, бұл – бір айлық көрсеткіштің рекордын жаңартқан сан. Қаңтар айының деректері әлі шықпады, бірақ шекарадан өтіп жатқан босқындар азаймасы анық, өйткені АҚШ сенаты жариялаған «Шекарадағы қауіпсіздік туралы» заң жобасын республикашылар сынға алып, жобаны талқылауға кедергі келтіріп отыр. ВВС сарапшысы Алексей Калмыков қазірдің өзінде 336 миллион адам тұратын АҚШ-қа бір жыл ішінде шамамен 2,5 миллион мигрант келеді деген болжам жасады.

Мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы Америка шекарасынан жарты миллион босқын өткен, ал 2019 жылы бұл сан миллионға жетті. Бұл көрсеткіш 2020 жылы төмендеп, 400 мыңға жеткен. Байден билік басына келгеннен кейін ережелерді жеңілдетті. Бұдан соң көші-қон күрт өсіп, 2021 жылы келімсектер саны 1,7 миллионға жетті. Байден президент болғалы Американың Кеден және шекара қызметі оңтүстік шекарадан 6 миллионнан астам заңсыз мигранттың өткенін мәлімдеді. Мәселен, өткен жылы 800 мың босқын паналауға өтініш берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 63 пайызға артық.

 Америкалықтарда маза жоқ

Америка тұрғындарынан да маза қашты. ВВС жариялаған сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қаңтар айында сауалнамаға қаты­сушылардың 17 пайызы им­ми­грацияны АҚШ-тың бас­ты мәсе­лесі деп көрсеткен, желтоқ­санда олардың көрсеткіші 11 пайызы бол­ған еді. Байденнің президент ретіндегі қызметін 57%-ы мақұл­дамайды, ал 65%-ы елдің дұрыс бағытта келе жатқанына сенімсіз.

Бұл жағдайды Трамп ұтым­ды пайдаланып, президенттік сайлауға бір жыл қалғанда елдің көші-қон картасын реттеймін деп «шапқылап» жүр. Ол халыққа Мексикаға әскер жіберуге уәде беріп, мигранттарды Гитлердің сөзімен сипаттап, «елді қиратады, ұлттың қанын улайды» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, елге келушілердің басым бөлігі «түрме мен психиатриялық ауруханалардан шыққан адамдар, қала берді террористер».

 Байден мен Трамп «айтысы»

Бірнеше ай дауласып жүріп АҚШ сенатындағы екі партия «Шекарадағы қауіпсіздік туралы» заң жобасы туралы ортақ мәмілеге келді. Құжатта Украинаға – 60, Израильге – 14 және шекараны нығайтуға тағы 20 миллиард доллар көмек беріледі деп көрсетілген. Алайда Өкілдер палатасындағы республикашылар құжатқа қар­сы шығып, заң жобасының қабыл­дануына кедергі болып отыр.

Республикашыларға әлеумет­тік желі арқылы«Ақымақтық жа­са­маңыздар!» деген Трамп көмек беру мен шекара мәселе­лерін қайтадан бөлуді талап етті. Ал Ақ үй бұған қарсы екенін айтты.

Дональд Трамп қазіргі кезде Джо Байденнің сыртқы саясат пен көші-қон саласындағы сәт­сіздіктері өзіне ұпай әкелетінін жасырмайды. Егер республикашылар аталған заң жобасына тосқауыл қойса, Украина да, Мексика шекарасы да қайғылы жағдайға тап болады. Ал егер жоба қабылданса, Трамптың өзі ұпай жоғалтады.

«Бұл заң жобасы демократ­тарға керемет сыйлық, бірақ рес­­пуб­ликалық партияға қауіп төн­ді­ріп тұр», деп жазды Трамп өзі­нің «Truth social» желісінде. Ал Байден «республикашыларға шекара шын мәнінде маңызды емес, олардың бір ғана мақсаты бар, ол – маған қарсы саяси ұпай жинау», деп жауап берді.

 Америка асқан ағайын көп

Көші-қон дағдарысы тек АҚШ-та емес, Еуропада да бір ізге түспей тұр. Әсіресе Еуропаның оң­түс­тік шекарасындағы жағдай күр­де­лене түсті – Жерорта теңі­зін Африка босқындары жүзіп өтіп, шекарадан заңсыз өтіп жа­тыр. БҰҰ мәліметтері бойынша әлемде 2019-2023 жыл аралы­ғында босқындар саны бір жарым есеге өскен. Негізгі себеп – соғыс және кедейлік.

АҚШ-тың Мексика шекара­сын­­дағы жағдайға оралсақ, осы­дан он жыл бұрын олар тек мекси­калықтарды қабылдады. Ал қазір Латын Америкасы елдерінен, Африка, Ауғанстан, Үндістан, Қытай және Ресейден ағылған заңсыз мигранттардың саны өскен. Тіпті Мексика арқылы Америкаға заңсыз келген отандастырымыз да бар. Әлеуметтік желіде олардың джунгли асып, су кешіп арғы бетке өтіп бара жатқан фото, видеолары көп тарап жатыр. Мәселен, алматылық Ақбота Нұрланова 15 және 5 жастағы баларымен өткен жылдың соңында АҚШ-қа заңсыз жолмен жол тартқан. Олар Алматыдан Доми­никан Республикасына ұшып, кейін Коста-Рикаға жетеді. Ал әрі қарай Никарагуа, Гонду­рас, Гватемала, Мексика ел­дері арқылы Америкаға жеткен. Қазір олар Нью-Йорктегі Брук­лин округіне тұрақтаған. Бала­лары­ның бірі мектепке, бірі балабақшаға барады, өзі жұмысқа орналасқан. Айтуынша, ол елден қаржы жағынан таршылық көріп, амалсыздан осындай қадамға барған. Абырой болғанда үшеуі де дін аман. Ал діттеген жеріне жете алмай із-түзсіз жоғалып кеткен адамдар қаншама?

Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі, Қазақстан ұйғыр жастары одағының төрағасы Рустам Кайрыев өзге елге, әсіресе адамдар көп қызығатын АҚШ-қа заңды түрде баруға кеңес береді.

«Мен заңды жолмен жүруге кеңес беремін, бұл қиын, бірақ осыған арналған көптеген бағ­дарлама бар. Сол бағдарлама­лар­ды зерттеңіз. АҚШ-тың Мемле­к­ет­тік департаменті заңсыз миг­ран­т­тарға қатысты мәселеге өте қа­тал қарайды. Өзіміз де АҚШ-қа барғанда шекараны заңсыз, Мексика арқылы кесіп өткен­дермен жолықтық. Олар мұхитты үрлемелі қайықпен жүзіп өткен. Олардың айтуынша, көп танысы бұл жерге джунгли арқылы келген. Бұл – өмірге өте қауіпті жол. Жат жерде нәпақа тауып жүрген жерлесіміз өзінің жолы болғанын және бұл тәуекелдің соған тұрарлық емес екенін айтты. Америкаға апарар заңсыз жолдар екі ай сайын өзгереді, мұны контрабандистер жасайды және жаңа жолдардан не күтуге болатыны белгісіз. Заңсыз барғандар үнемі жер аударылудан қорқып өмір сүреді. Бұл шынымен де солай. Мысалы, 2022 жылы АҚШ-та заңсыз өмір сүрген отандасымыз елге 10 жылдан соң жер аударылды. Ол жұмысынан, үйінен және достарынан айырылды», деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Рустам Кайрыев.

 

Демократтар наразылық танытты

Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс мигранттарды тасымалдайтын автобустардың қалаға кіруін шектеп, Байденді төтенше жағдай жариялауға шақырды. Өйткені бұл қөші-қон дағдарысы Нью-Йорк­ке 2,7 миллиард доллар шы­ғын әкелді. Егер жағдай өзгер­месе, қала шығыны 2025 жыл­дың соңына қарай 12 миллиард дол­ларға жетеді деген болжам бар.

2002-2013 жылдары Нью-Йорк мэрі болған Майкл Блумберг им­миграция жүйесін түбегейлі өз­гер­туді ұсынды. «Бұл жүйе ес­кірген», деп жазды ол «New York Times» басылымына. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы жүйе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және қырғи қабақ қақты­ғыс жылдарында, АҚШ өлім мен қуғын-сүргіннен қашқандардың барлығын қарсы алған кезде қа­был­данған. Сондай-ақ Майкл Блум­берг 1981 жылдан бері қала шенеу­ніктеріне міндеттелген бар­лық үйсіздерге баспана беру, миг­рант­тарды дереу жұмысқа орналасу құқығынан босатуды ұсынды.

Осылайша, заңсыз мигранттар Джо Байденнің бас ауруы­на айналды. Дональд Трамп бол­са уәдені үйіп-төгіп отыр. Ол «АҚШ тарихында болмаған «де­­пор­­т­ацияны» жүзеге асырамын», дейді. «Заңсыз мигранттарсыз аме­рикалықтар шалқып-тасып қа­на емес, сонымен бірге ұзақ өмір сүреді», деп мәлімдеді Трамп.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: ашық дереккөз 
11 ақпан 2024 ж. 509 0