Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайдың сынақтағы ғарыш кемесі орбиталық станцияны жабдықтауға жол ашады

Қытайдың сынақтағы ғарыш кемесі орбиталық станцияны жабдықтауға жол ашады

Жақында ғарышқа ұшырылған «Цинчжоу» сынақ жүк ғарыш аппаратының соңынан Қытайдың орбиталық станциясымен түйісіп, жүк жеткізуді қамтамасыз ететін толыққанды нұсқасы іске қосылады. Бұл туралы Қытай ғылым академиясының микроспутниктер саласындағы инновациялар академиясы хабарлады, деп жазды Синьхуа.

Сынақ аппараты дүйсенбі күні Қытайдың солтүстік-батысындағы коммерциялық ғарыш инновациялары пилоттық аймағынан Lijian-2 Y1 зымыран-тасығышының көмегімен ұшырылып, белгіленген орбитаға сәтті шығарылды.

Аталған аппаратты әзірлеген Қытай ғылым академиясының микроспутниктер саласындағы инновациялар академиясының мәліметіне сүйенсек, сынақ кемесінің салмағы 4,2 тоннаны құрайды. Ол зымыран-тасығыштардың әртүрлі түрлерімен үйлесімді және ұшыруға оңай бейімделеді.

Сынақ ұшуы барысында «Цинчжоу» бортында технологиялық мүмкіндіктерді пысықтау, орбитада тексеру және ғылыми зерттеулерді қамтитын 27 жоба жүзеге асырылады. Жалпы пайдалы жүк көлемі 1,02 тоннаға тең. Зерттеулер 200-ден 600 шақырымға дейінгі биіктікте жүргізіледі.

Сынақ ғарыш кемесі негізгі герметикалық бөліктен және герметикалық емес артқы бөліктен тұрады. Негізгі бөліктің ішінде жалпы көлемі 27 текше метрді құрайтын 40 жүк ұяшығы орналасқан. Онда ғарышкерлерге қажетті күнделікті заттар, ғылыми тәжірибелерге арналған жабдықтар және зерттеу жүктері тасымалданады.

«Цинчжоудың» басты ерекшеліктерінің бірі — көлемі 300 литр болатын тоңазытқыш жүйесінің орнатылуы. Ол әрқайсысы 60 литрден тұратын бес салқындатқыш камерадан құралған. Бұл жүйе ғарышкерлерге қажетті күнделікті заттарды, сондай-ақ төмен температурада сақталуы тиіс биологиялық тәжірибе үлгілерін сақтауға мүмкіндік береді.

Ал герметикалық емес артқы бөлік басқа жүктерді, қосымша пайдалы жүкті және ғарыш кеңістігінде тәжірибе жүргізуге қажет жабдықтарды орналастыруға арналған. Бұл өз кезегінде «Цинчжоу» кемесінің жүк көтеру мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға жол ашады.

kaz.inform.kz
Фото: Синьхуа

https://kaz.inform.kz/news/kitaydin-sinaktagi-zhuk-garish-kemes-orbitalik-stantsiyani-zhabdiktauga-zhol-ashadi-f56fb9/
03 сәуір 2026 ж. 39 0