Конституция
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Италиядағы көл күннің ыстығынан миллиардтаған литр суынан айырылды

Италиядағы көл күннің ыстығынан миллиардтаған литр суынан айырылды

Италиядағы ең ірі көлдердің бірі – Гардада су деңгейі күрт төмендеді. Маусым айының соңғы аптасында ғана көлдегі су көлемі 10 сантиметрге азайған. Елдің солтүстігіндегі танымал туристік аймақта соңғы күндері ауа температурасы 37 градусқа дейін көтерілген. Синоптиктердің болжамынша, өңірдегі аптап ыстық әлі де жалғасуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мамандардың айтуынша, жоғары температура су булануының қарқынын едәуір арттырған. Климатолог Карстен Брандттың мәліметінше, ыстық күндері су бетінің әр шаршы метрінен 6-7 литрге дейін су буланып кетеді. Гарда көлінің аумағын ескергенде, атмосфераға көтерілетін су көлемі өте ауқымды болып отыр.

Италиялық БАҚ-тың дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта көл тәулігіне шамамен 7,4 миллиард литр су жоғалтады. Бұған тек булану ғана емес, көлге құятын судың азаюы және ауыл шаруашылығы үшін судың көбірек алынуы да әсер етіп отыр.

Сарапшылар жаз мезгілінде Гарда көліндегі су деңгейінің төмендеуі қалыпты құбылыс екенін айтады. Мәселен, 2023 жылдың көктемінде көл суы өте төмен деңгейге түсіп, Сан-Бьяджо аралына жаяу жетуге мүмкіндік туған болатын.

Тарихи ең төменгі көрсеткіш 2007 жылдың қыркүйегінде тіркелген. Дегенмен мамандар биылғы жағдайдың әзірге қауіпті деңгейге жетпегенін атап өтеді.

Соған қарамастан, Гарда көліндегі ахуал Еуропадағы климаттық өзгерістер мен аптап ыстықтың ірі су айдындарына да әсер етіп жатқанын көрсетеді. Экологтар мұндай үрдіс туризмге, ауыл шаруашылығына және өңірдің экожүйесіне ұзақ мерзімді қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
Фото: ашық дереккөз
01 шілде 2026 ж. 63 0