Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан банктері үндеу жасады

Қазақстан банктері үндеу жасады

Ресейде жүрген қазақстандықтарға қолма-қол ақша ұстауға кеңес берілді
Қазақстан банктері Ресейде Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің тоқтатылуына байланысты үндеу жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері Ресейдегі қызметін тоқтататынын мәлімдеді. Шешім 10 наурызда күшіне енеді. Соның салдарынан Ресейде шетелдік банктердің карталары жұмыс істемейді. Ал ресейлік банктер шығарған карталар осы елден тыс жерде өңделмейді.
"Демек Ресей жерінде жүрген Қазақстан азаматтары қазақстандық карталарды пайдалана алмайды. Сол сияқты ресейлік банктердің картасын ұстап жүрген адамдар оны Қазақстанда қолдана алмайды", - делінген қазақстандық банктердің үндеуінде.
СберБанк Қазақстан және Альфа-Банк Қазақстан картасын ұстайтын қазақстандықтар оны Ресейден басқа жерлерде, атап айтқанда, Қазақстан Республикасында және шетелде қолдана алады.
"Осылайша Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің шешімі Ресейде карта пайдалануға және ресейлік карта иелеріне ғана қатысты. Қазақстандық карталар Қазақстан территориясында және кез келген шетелде ешбір шектеусіз істей береді. Ресейде жүрген қазақстандықтарға қолма-қол ақша алып қойған дұрыс, я болмаса, ол ақшаны ресейлік банктердің карталарына аудару керек. Сонда Ресейде есеп айырысуға болады", - дейді банкирлер.
Visa және Mastercard-тың шектеулері тек осы жүйеге қосылған карталарға ғана әсер етеді. Ал Union pay мен МИР төлем жүйелері штаттық режимде жұмыс істей береді.

sputnik.kz
09 наурыз 2022 ж. 1 197 0