Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға 1 миллион теңгеден грант беріледі

Жастарға 1 миллион теңгеден грант беріледі

«Zhas Project» жобасы аясында 18-35 жас аралығындағы 280 азаматқа 1 миллион теңге көлемінде грант беріледі. Қаржылай грантты жеңіп алу үшін үміткерлер өз аймағындағы әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған жоба жоспарын ұсыну қажет. Өтінім 25 наурыздан бастап 24 сәуірге дейін қабылданады, деп жазады Egemen.kz kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жастарды қолдауды мақсат еткен жоба еліміздегі 20 аймақты қамтиды. Грант беру бәсекесінде басымдық NEET санатындағы, яғни, экономикалық, әлеуметтік немесе саяси факторларға байланысты жұмыс істемейтін, оқымайтын жастарға беріледі. Жобаның егжей-тегжейін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров түсіндіріп берді.

«2022 жылдан бері жастарды жергілікті қоғамдастық қызметіне қайта тарту мақсатында «Zhas project» гранттық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға және қоғам өміріне қатысуға, жеке тұлға мен әлеуметтік институттар арасында сенім орнатуға, әлеуметтік жобалардың тұрақты экономикалық моделін құруға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларды оқыту мен іске асыру арқылы NEET санатындағы жастар оң және нәтижелі қызметке тартудың бірегей тәжірибесін алады», деді Қайрат Қамбаров.

Грантты иеленгеннен кейінгі басты талап - жобаны 4 айда жүзеге асыру. Тәжірибесі толыспаған жастардың қанатқақты жобалары жемісті болу үшін әр өңірде қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталыққа жүгінген жас кәсіпкер көкейіндегі әлеуметтік, экономикалық, құқықтық сауалдарына кәсіби мамандардан жауап, кеңес ала алады.

Қызығушылық танытқандар жоба талаптарымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының cisc.kz ресми сайты мен арнайы «Zhas project» парақшасында толық танысуына мүмкіндік бар.

Ал үздік жобалар желі арқылы анықталып, осы жылдың қараша айында марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

Фото: el.kz
19 ақпан 2024 ж. 1 683 0