Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бексұлтан Орынбасаров: «Ең бірінші мақсатым – ел сенімін ақтау»

Бексұлтан Орынбасаров: «Ең бірінші мақсатым – ел сенімін ақтау»

Halyqline.kz «Өлең шығару – ең әуелi қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйедi. Егер мен ондай толғақ үстiнде жарым жолда тоқтай қалсам, кейiн онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам»
Иә, қазақтың біртуар ұлы Мұқағалидің күнделігінде ақын өз жүрген жолының қиындығын осылай кестелеп кеткен.
Осындай ұлы тұлғалардың өнегелі өнерін жалғап, бүгінгінің жастарына үлгі ету үшін бетке ұстар бозбаласы, жас ақын Бексұлтан Орынбасаровпен сұхбаттасқан болатынмын…
Әңгімеміздің басын тұғыры биік туған жерден бастадық.
Бексұлтан ОРЫНБАСАРОВ, айтыскер ақын:
Ең бірінші мақсатым — ел сенімін ақтау
— «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаса керек, сіз туған шаһар қай жер?
— Кіндігімнің жас қаны тамған жерім ауылым, менің шаһарым — Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөмішкөл ауылы. 600-700 дей ғана адамы бар, 100 үйден ары ғана тұрғыны бар шағын ауыл. Осы шағын ауылда туып, бауыр, дос, ыстық құшақ таптым. Ауылдық өмірдің қайнаған қызу тірлігін де көрдім.
Сол ауылда №66 орта мектепте білім алып, ҰБТ-ға қатысып, жақсы бал жинап, арман қуып осы Қызылордаға келдім. Қазіргі таңда осы киелі мекен сыр өңірінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән, жыраулық өнері бойынша грантқа түстім, 2-курс студентімін.
Айтыс, терме, өнер саласына 12-13 жасымнан бастап қадам бастым. Әкемнің қолдауымен алғаш термешілер жарысына барып, бұдан кейін қоңыр домбыраны қолға алып, 4 қатар тақпақ жазып беріп жүріп, ақындықты шыңдап, осылай-осылай біртіндеп өсіп, Жүрсіннің жүйріктерінің қатарынанан көрініп жатқан жайымыз бар.
«Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп Бекұзақ Тәңірбергенов айтқандай, сол халқымның жүрегінен кетпеген жыр бізде де бар екен. Сол асыл мұраны жалғастырушы болып, қолымызға домбыраны алып, халыққа жыр арнап келеміз.
— «Сен істі сүйсең, іс саған бас» деген ғой, өзіңіздің сүйікті ісіңіз қандай?
 Бос уақытымда атқа мініп саятшылық құрғанды жөн деп білемін. Қазіргі таңда оқудың жүйесіне байланысты қалада онша мүмкіндіктерім бола бермейді, сондықтан бос уақытым болған кезде қолда барды пайдаланып, Сырдың дарясында жалғыз жүріп, серуендеп қайтуды не болмаса ән шығарғанды жөн деп білемін.
— «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген сізге ақындық өнер кімнен дарыған?
— Ақындық өнер менің әкемде де бар. Арғы аталарымызда сөзге кенде болмаған. Ақын болмаса да, бір ауыз сөзге тоқтата білетін жандар болған десем артық айтқандық болмас. Сонымен қатар, қазақтың даналары айтады ғой «жігіттің жақсысы нағашыдан» деп. Нағашыларым жағында да өнерге жақын жандар бар. Киелі жүз шайыр шыққан Қармақшы өңірі ғой, сол да себеп пе деп ойлаймын. Әлімнің ішінде Жақайым деген халықтанбыз. Жақайым елінде де жыраулар аз болмаған. Нұртуған, Нұрмағанбет, Дәріқұл…
Абай мен Құнанбай әнгіме айтып отырғанда, Абай айтқан екен дейді, «Әке, осы бала әкесінен шерек кем туады. Бұл сөзге мен келісе қоймайтын сияқтымын. Себебі, мен Алашқа мәлім болдым, сіз тобықтыға мәлім болдыңыз. Бұл қалай сонда шерек туғандық па? Менің сөзім халықтың арасында кең таралды, маған ақындық нағашыларымның жағынан келді-ау, олар сондай ауызекі сөйлеуге шебер еді, ақын еді» деген уақытта Құнанбай: «Бәйгеден жүйрік ат келсе, «бұл қай байталдың баласы еді?» деп сұрамайды, «қай айғырдың баласы?» деп сұрайды» деген екен. Сол секілді, бұл жыраулық өзімнің негізгі түп тамырым, аталарымнан келген шығар деп ойлаймын.
— Қазіргі қазақ қоғамында ақындық өнердің алдаспаны саналатын айтыс өз дәрежесінде дәріптеліп жүр ме?
— Айтыс кезінде өзіндік биігін қалыптастырды. Заманның ағымына қарай «Шоу айтыс», т.б. сынды айтыстар біртіндеп жолға қойылды. Біздің билік қай салаға көңіл бөлсе, сол сала үлгілі көрініп, нәтиже береді ғой. Енді, кезінде қазақтың айтыстары суырыпсалма ақындар табан астында сөз құрап, халықтың ортасында отыра кетіп, өзара айтыса берген ғой, қазіргі таңда айтыс өз дәрежесінде өз биігін қалыптастыра білді. Оған себеп — Жүрсін Ерман көкеміз. 80-жылдардың кезінде айтысты өз қолына алып, әр жерден демеуші іздеп, бай мен бектерден қаржы тауып, осы өз шыңына дейін көтерген. Қазір Қазақстанға белгілі «Нұр Отан» партиясы айтысты өз қанатына алып, биылғы Абай тойына арнап 100 айтыс өткізіледі деп жоспарланып отыр. Осыған қарап айтыстың дәрмен-дәрежесін көруіңізге болады. Ал, енді айтыс сапасына келетін болсақ, бұрындары айтыста жұптастырып, нақты қай ақын кіммен болса солай дайындалатын. Бұл халық наразылығына түскен соң және айтыстың сапасының қарқынды өскендігінен шығар, ендігі жерде жеребе бойынша кім-кіммен жұп болатынын анықтайтын болады. Оған дәлел кешегі өткен сайыста дүйім жұртшылық алдынан бір көрерменді шығарып, қоржыннан жеребе тартып жатқан жайы бар.
— «Өзегі бөлектің, өзені бөлек». Айтысқа келгенде қорқыныш болды ма?
— Бір пайыз талант болса қалғаны еңбекпен келеді. Дайындалдық, еңбектендік, ұстаздарымыз бар. Қорқыныш әдепкіде бәрінде болады, дегенмен топқа түскеннен кейін, халықтың қошаметі болғаннан кейін бұның бәрі сейіледі.
— «Ұстаздық еткен жалықпас» сіздің ақындық өнерде ұстаздарыңыз кімдер?
— «Ұстазы бардың ұстанымы жақсы» демекші, жыраулықта да, ақындықта да жөн сілтеп, жол көрсетіп жүрген ағаларым бар. Аралда сонау мектепті қалыптастырып, қолымызға домбыра ұстатқан Айбек Тәңірбергенов деген ұстазым, онан соң ақындық жолда бар білгенін үйреткен Қайрат Құлекешов, одан бері Жүрсіннің жүйріктерінің қатарында болған, әлі де өз бабында жүрген Ержеңіс Әбдиев деген ағамыз, Мұхтар Ниязов сияқты ағаларымыздан үлгі алып өстік. Сол алған тәлім, дайындық, еңбек барлығының жемісі деп ойлаймын.
— «Адамзаттың өмірінен кітапты алып тастасақ, сықырлаған қару мен сылдырлаған тиындар ғана қалар еді» деп жатады ғой. Біз білетін Бексұлтан кітап құрттарының қатарында ма?
— Кітап оқимын. Кітап оқымауға болмайды, сөздік қорды толтыру керек. Көбінесе мен тарихи әңгімелерді, Жетес Би, сонан бері қарай қозғасақ Құнанбайлар айтып кеткен тарихи әңгімелер, лирикалық кітаптар, мақал-мәтелдер, өлеңдер оқимын, Төлеген Айбергеновтің кітаптарын және өзіме жақыны поэзия жанрын жақсы игеруге тырысамын. Жалпы алғанда, өлеңді жазуым осы поэзияға деген сүйіспеншілігімнен басталды ғой. Поэзия мен жыраулықтың басын қосып, айтыс деген ұлы шыңға бет бұрдық. Осының бәрі кітаптың құдіреттілігінен деп білемін. Білім іздеген жан кітаппен дос болады. Сондықтан тек оқу керек, түсініп оқу керек.
— Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
— Адал болу керек, адам болу керек. Абай Құнанбаевтың сол бір бес асылын өзімнің өмірлік ұстанымым деп білемін. Бес дұшпаннан қашып, бес асылына асық болып жүрсек, нағыз адам сол болады деп ойлаймын.
— «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп жатады ғой, алға қойған мақсат-мұратыңыз қандай?
— Ең бірінші — артылып отырған сенімді ақтау. Ол — оқуды аман-есен бітіріп, халыққа қызмет ету. Оқып жатқан оқуым өнер болғаннан кейін несібеміз халықтың ішінде. Сондықтан, ең біріншісі — ата-ана сенімін ақтап, халықтың адал ұлы болып, өзіндік тұлға болып қалыптасу.
— Айтыстан басқа қандай қызығушылыңыз бар?
— Ән шығарамын. 1-2 әнім бар. Олар — «Арман қыз», «Дос болып ғана қалайық». «Арман қыз» әнін қазіргі таңда Дәулет Тастыбаев дейтін әнші бауырымз эстрадалық бағытта орындап жүр. Ал, «Дос болып ғана қалайық» әні әлі өңделу үстінде. Өзмнің ауылым Шөмішкөлге де шығарған әндерім бар. Ол енді көшеде айтып, балалардың арасында кең таралып кеткен. Ауылдастарымның барлығы біледі. Бірақ, бұл әнді жарыққа шығарғаным жоқ. Ауылға деген бала махаббатпен шығарылған дүние. Алда бұйырса ол да өз биігінде шығады деген ойдамын.
— Алда — аналар мерекесі. Соған арнап бір-ек ауыз жылы лебізіңізді білдірсеңіз.
— Өзімнің бір шумақ өлеңімді арнайын.
Ойлаймын кемерімнен астым ба деп,
Ойлаймын кейде жаңсақ бастым ба деп.
Алламыз айтқан екен жұмақ кілті
Ананың табанының астында деп.
Аналарымыз аман болсын! Таудың үстінде, тудың астында бірлікте болайық!
Сұхбаттасқан Гүлдана Асанжанова.
05 наурыз 2020 ж. 829 0