Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала өмірі бәрінен маңызды

Бала өмірі бәрінен маңызды

Болат Өтемұратов қоры атынан облыстық перинаталдық орталыққа шала туған нәрестелерді құтқарып қалуға арналған заманауи құрылғы табысталды.
«Teco Therm Neo» аппараты жаңа туған нәрестелердің бүкіл денесін немесе белгілі бір бөлігін қыздыру мен салқындата отырып, бақыланатын емдеу процедураларын жүргізеді. Нақты айтқанда, құрылғы негізінен гипоксиялық ишемиялық энцефалопатиясы бар жаңа туған нәрестелерді гипотермиялық емдеу кезінде қолданылады.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қор жетекшілеріне алғыс білдірді.
– «Денсаулық» бағдар­лама­сы аясында ана мен бала өлім-жітімін төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен соңғы үш жылда қомақты қаржы бөлініп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді және реабилитация бөлімі ашылды. Республикалық, жергілікті бюд­жеттен тыс қосымша қайы­рымдылық қор­ларынан да көмек берілуде. Соның ішінде Болат Өтемұратов қоры бұған дейін де, яғни, 2014-2017 жылдары орталыққа нәрестелер өмірін сақтап қалуға қажетті құрал-жабдықтар жеткізіп берген болатын. Бұл шала туған балалардың аурушаңдығы мен сәбилер өлімін төмендетуге оң әсерін тигізуде. Жыл сайын мұнда 11 мыңға жуық сәби дүниеге келеді, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Айта кету керек, жыл сайын орталықта генез темпе­ратурасының көтерілуіне және бас мидың ісуіне әкелетін ауыр асфиксиясы бар 10-12 шала туған нәресте тіркеледі. Мұндай шақалақтар гипотермиямен емдеуге, яғни, дұрыс және қауіпсіз салқындатуға мұқ­таж. Бұған дейін дәрігерлер қолда бар құралдарды пайда­лануға мәжбүр болды. Сонан соң қайырымдылық қо­рына өтінім берді. Қор орта­лықты «Burabike Fest 2019» қайырымдылық спорт­тық-музыкалық фестивалінің бе­нефи­циарлары қатарына қосып, құрылғыны 15 млн теңгеге сатып алды.
https://qazaly.kz/
10 наурыз 2020 ж. 885 0