Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бұл мереке Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде 1949 жылы ресми түрде бекітілді. 1950 жылдан бастап тұрақты түрде аталып өтеді. Мұндай мерекені бекіту туралы ұсыныс алғаш рет 1925 жылы Женевада өткен Дүниежүзілік конференцияда жасалды.
Балалардың бұл мерекесі неліктен дәл 1 маусым күні атап өтілетіндігі туралы нақты мәліметтер жоқ.
Болжамдардың бір нұсқасы бойынша, 1925 жылы 1 маусымда Қытайдың бас консулы Сан-Франсискода қытайлық жетім балалардың бір тобын жинап, оларға Дуань-у цзе фестивалін (Қайық-айдаһарлар фестивалі) өткізді. Сәтті кездейсоқтықпен бұл күн Женевада «балалар» конференциясының өткізілуімен сәйкес келді.
Балалардың денсаулығын сақтау және жағдайын жақсарту мәселесі анағұрлым өзекті болған Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, нақты айтқанда 1949 жылы Парижде әйелдер конгресі өтті. Онда балалар бақытының жалғыз кепілі ретінде орнықты бейбітшілікті қамтамасыз етуге талмай күресу анты айтылды. Бір жылдан кейін, 1950 жылдың 1 маусымында Халықаралық балаларды қорғау күнінің алғашқы мейрамы атап өтілді, осыдан кейін бұл дата жыл сайын мерекеленеді.
Халықаралық балалар күнінің өзінің байрағы бар. Өсімді, үйлесімдікті, балғындық пен шұрайлылықты білдіретін жасыл фонда көрсетілген Жердің айналасына қызыл, сары, көк және ақ стилизацияланған мүсіндер орналастырылған. Адамдардың бұл пішіні алуандылық пен төзімділікті білдіреді. Ортаға орналастырылған Жердің белгісі – ортақ үйіміздің символы.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балалығынан, әлемдегі басқа қатарластары секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен айырады. Сондықтан бұл күні тұрақсыздық жайлаған елдердегі балаларға қамқорлық мәселесі де назардан тыс қалмайды.
kyzylorda-news.kz
01 маусым 2020 ж. 1 027 0