Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқына жақын қайраткер

Халқына жақын қайраткер

Әр аймақтың, өңірдің жан-жақты дамып, өсіп-өркендеуіне, халықтың бірлігі мен тірлігін, берекесі мен берекетін қалыптастыруға ерекше үлес қосқан, істеген қызметі өзгелерге үлгі-өнеге тұтуға тұрарлық, елге сіңірген еңбегін ел ескеріп ұмытпайтын елеулі тұлғалары болады. Міне, осындай жандардың бірі деп 2004-2013 жылдары Арал ауданының әкімі болып қызмет атқарған Нәжмәдин Түркпенұлы Мұсабаевты айтсақ, аралдықтардың басым көпшілігінің ойынан шығатын болармыз деп ойлаймын.
Атам қазақ біреудің беделін көтеріп, абыройын асқақтатып, мақтағанда, қылығына, болмыс-бітіміне, іс-әрекетіне, іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне риза болғанда «өмірі аттан түспей еңбек етті», – деп жататыны бар. Осы бір жөнімен айтылған сөз тіркесі дәл Н.Мұсабаев сияқтыларға арналып айтылғандай болып тұрады. Өндіріс көрігінен шыңдалып өскен Нәкең Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушылығынан бастап, облыс әкімінің бірінші орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтті. Тынымсыз еткен еңбек пен төгілген тердің арқасында Нәжмәдин Түркпенұлы өзі басшылық жасаған Қызылорда қаласы мен 3 ауданның, жалпы аймақтың өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты. Ол қай салада істесе де, өзін тәжірибесі бай, басқару мектебінің қырсырын, ұңғыл-шұңғылын толық меңгерген, қабілет-қарымы мол талантты басшы ретінде көрсете білді. Шаршап-шалдығуды біле бермейтін ол үнемі намысын қайрап, жігерін жанып, халқына еңкейіп қызмет етті.
Оның бойында, байқауымызша, төзімділік, қайрат-жігер, бұла күш бар. Шаршап-шалдығу дегенді біле бермейді. Тәуекелшіл. Ағысқа қарсы жүзгенді қалайды. Өжеттігі мен өршілдігі тағы бар. Бірақ ретті жерінде қайтымы да тез. Халық басқару өнері – өнер атаулының биігі, ең жауаптысы деп есептейтін болсақ, Нәкеңнің сол биікке ұмтылып, тынымсыз өрмелеп, аянбай тер төгіп еңбек еткеніне 40 жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде ол «болдым, толдым» демей, «Бағындырар белесім әлі алдымда» деп үнемі алға ұмтылумен болды.
Нәжмәдин Түркпенұлы басшылық қызметтерді атқара жүріп, өзінің ерекше еңбексүйгіштігімен, жан-жақты, терең білімімен, көп көрген білігімен, өзі бастаған істі аяғына жеткізбей тынбайтын тындырымдылығымен, сарқылмас күш-қайратымен, мұқалмас ерікжігерімен көзге түсті.
Әсіресе ол 10 жылға жуық өзі басшылық жасаған Арал ауданының өсіп-өркендеуіне, көктеп-көгеруіне бейнебір спортшының екінші тынысы ашылғандай, құлшына кірісіп, өзінің бар күш-қайратын сарқа пайдаланды. Тынымсыз еңбек өз жемісін бере бастады. Аудан халқының әлеуметтік- экономикалық ахуалы едәуір жақсарды. Қала көріктеніп, ауылдар ажарлана түсті. Ауданның қордаланған проблемаларын шешуге, оның баянды болашағын жасауға нақты жоспарлар жасалды. Жаңадан көптеген мәдениағарту, денсаулық, спорт мекемелері салынып, кәсіпорындар ашылып, өндіріс орындары іске қосылды. Кіші кәсіпкерлік дамыды. Ауыл, балық шаруашылықтарының дамуы жаңа сипатқа ие болды. Зәулім ғимараттар мен еңселі ескерткіштер бой көтерді.
Жалпы алғанда, Н.Мұсабаев – творчестволықпен жұмыс істейтін әкім. Ол қызметке кіріскеннен-ақ қала мәртебесі бар Аралды көркейтуге, абаттандыруға бөлек бағыт ұстанды. Бүгінгі күні аудан орталығын бір айналып шыққан адамның, бұрын орталық алаңында Лениннен басқа бірдебір ескерткіші жоқ қаланың 10 жыл ішінде бейнебір ескерткіштер галереясына айналып шыға келгендей әсерде қалатыны анық.
Жолаушы вокзалынан түсіп, вокзал есігін айқара ашып қалғаныңызда, ең алдымен сізді биік тұғырға орналасқан Аралдың теңіз қаласы, портты қала екенін айғақтайтындай, Ақтаудың мәрмәр тасымен көмкерілген «Ақ кеме» қарсы алады. «Тұғырда ескерткіш емес, тарих тұру керек» деген, міне, осы. Ойланып қарасаңыз, бір сәтке болса да толқыны көбік шашқан, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, үйрек ұшып, қаз қонған, шағаласы шаңқылдаған, аққулары сұңқылдаған қайран теңіз келеді көз алдыңызға. Ақ желкенін күн сүйген ақ кеме Аралдың айдынымен біздің нұрлы болашағымызға қарай жүзіп бара жатқан сияқты әсер аласыз. Еріксіз, ішіңізден болса да, «Желің оңыңнан тұрғай» деп тілек тілейсіз.
Қаланы әрі қарай аралай түссеңіз, осындай әртүрлі тақырыптардағы қазақтың хандары мен билеріне, батырларына, өнер мен дәулет қонған Аралдың киелі топырағынан шыққан ақын-жырауларына арнап қаланың әр тұсына орнатылған 20 ескерткішке сүйсіне қарайсыз. Әрине, әкім ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, әлеуметтік әлеуетін арттыруға күш салды. Мына қызықты қараңыз. Арал ауданы Кеңес үкіметі жылдарында облыстағы ең үлкен өнеркәсібі дамыған аудан болды. Сол кезеңде кәсіпорындары баршылық, өнеркәсібі өркендеген, бір жағы балық, бір жағы мал шаруашылықтары, республикаға белгілі тұз, балық комбинаттары, кеме жөндеу, компрессорлық және бұрғылау құрылғыларын шығаратын зауыттары, астық өнімдерін тарататын базасы, тігін фабрикасы, темір жол депосы сияқты ірі өндіріс ошақтары дамыған аудан дегеннің өзінде, 70 жылда 7-ақ типтік жобадағы мектеп салынған екен. Ойлап қараңыз, сонда әр 10 жылда бір мектептен ғана салынып отырған деп айтуға болады. Қалған білім ордаларының барлығы бейімделген ғимараттар. Олардың спорт залдары, асханалары жоқ, әйтеуір амалсыздың күнін кешкен мектептер еді. Ал тәуелсіздіктің соңғы 10 жылында ауданда бүкіл мектеп типтік жобада салына бастады. Бір ауданда 10 жылда 32 мектеп бой көтерді.
Республика бойынша жарияланған «Денсаулық жылында» бір жылда ауданда 14 акушерлік пункт салынып, 5 жабылып қалған аурухана қайтадан ашылды. Нәжмәдин Түркпенұлы ауданда әкім болып істеген жылдары қала орталығынан 2-3 қабатты тұрғындарды қызметпен қамту орталығы, аудандық ішкі істер бөлімі, қалалық емхана, аудандық мәдениет үйі, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтары, жаңа үлгідегі стадионы мен жабық залы бар спорттық-сауықтыру және жабық жүзу бассейні бар спорт кешендері салынып пайдалануға берілді. Осындай жаңадан салынған, мүмкіндігінше жаңа заманауи технологиямен, құралсаймандармен жабдықталған, халыққа бірінші кезектегі ең қажетті жоғарыда айтылып кеткен нысандардың халықтың денсаулығының нығаюына, спортпен тұрақты шұғылдануына, оқушылардың білім сапасының артуына, мәдени-көпшілік ісшараларының жүйелі түрде өтіп тұруына орасан зор ықпал еткені айтпаса да түсінікті болса керек.
Өткенімізді бағалап, бүгінімізді саралап, әр жылға атау беріп, елге танымал тұлғаларды ұлықтау дәстүрге айналды. Осындай тәрбиелік, рухани маңызы зор іс-шаралардың аясында, жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақ еліне танымал қаншама тау тұлғаларға ескерткіштер салынды. «Көрдік сорға шыққанын лала гүлдің ... ...
Гүл өсіп тұр буымен маңдай тердің» деп, белгілі қазалылық ақын Жетіскен Макеналиев жырлағандай, Нәкеңнің тәуекелшілділігі мен нық сенімі «сортаң жерге гүл шықпайды» деген қасаң қағиданы жоққа шығарды. Сорлы жерлерге бірнеше мәдениағарту нысандары салынды. Гүлзарлар мен алаңдар шаңырақ көтерген жастардың жиі баратын, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салатын қасиетті орнына айналды. Осы орайда Нәжмәдин Түркпенұлының аңқасы кепкен теңіздің ұлтанына мемлекеттің қолдауымен егіліп жатқан сексеуіл көшеттерін жері сортаң, ауасы құрғақ, суы тапшы елді мекендер мен қала ішіне егу туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асыра алғанын айта кеткеніміз орынды ғой деп ойлаймын. Бұған әсте ұсақ-түйек мәселе деп қарауға болмайды. Бұл қайтсем аяқ суы жоқ қаланы көгалдандырам, оның экологиялық жағдайын аз да болса жақсартамын деген жанашырлықтан туған идея еді. Әкім осы мақсатта ең алдымен қаланың сырты мен ішінде қалған бейіттердің айналасына сексеуіл көшеттерін отырғызып, оның көктеп-көгеруін қатаң бақылауға алды. Шөлге шыдамды, көп күтімді қажет етпейтін «Шөл даланың падишасы» атанған осы бір ғажайып табиғат туындысының бүгінгі күні көптеген мекемелер мен тұрғын үйлердің аулалары мен көше беттерінде жайқалып өсіп тұрғаны көңіл қуантады.
Адамға рухани азық сыйлайтын қазынаның бірі – кітап екені бесенеден белгілі. Экономика мен әлеуметтік мәселелерді идеологиялық жағынан қамтамасыз ету белсенді әкімнің назарынан тыс қалған жоқ. Ауданда қызмет атқарған жылдар ішінде өзінің басшылығымен, әкімдіктің демеушілігімен «Ақша бұлтты Ақтан батыр», бүкіл Сыр өңіріне белгілі, атақты Жетес би бабамыз туралы «Тарихи тұлға, тілді би», «Аралдың ардақты аналары», «Шүкіров шұғыласы», «Ән әлемінде, жүрек тереңінде», «Аралдың аққу жырлары», «Жұдырықтай жұмыр жер», «Әлем таныған Арал», «Ұлыларды ұлықтаған тұлға», «Тәуелсіздік толғаулары», «Ұлт рухын оятқан Нәжмәдин Мұсабаев», «Тумысы бөлек тұлға» атты тарихи, танымдық, деректі, шығармашылық бағыттағы туындылар оқырмандарына жол тартты.
Осындай идеологиялық бағыттағы атқарылған жұмыстардың барлығы өскелең ұрпағымыз үшін ата-бабаларымыздың ерлігі мен өрлігін, халықтың ынтымағы мен бірлігін паш ететін тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол рухани мұра болып қалатынына көз жеткізетініңіз анық.
Осы орайда, Нәжмәдин Түркпенұлының сөз өнеріне ерекше мән беретіндігін және оны жоғары бағалайтынын айтпай кетуге болмас. Ел басқарған азаматқа шешендік өнер жарасып-ақ тұрады. Бұл ретте біз әкімнің сөз сұрап, ешкімнің «қалтасына түспейтінін» баса айтуымыз керек. Ол қағазға қарап сөйлеу дегенді ұмытқан. Әріптестерінің арасында: «Біздің Нәкеңе өткізілетін іс-шараның тақырыбын бірер минут бұрын айтсаң жетіп жатыр, қалғанын өзі алып кетеді» деген әзіл де болса шындық сөз тарап кеткен. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Ол үшін оқығаның да, тоқығаның да мол, терең білімді, тілің жүйрік, ойың ұшқыр болуы қажет. Бұжынаған цифрларды жатқа айту үшін жадыңның мықты болуы да шарт. Ал оның сөз саптауы ше? Асыл маржанның ару мойнына, алмас қылыштың ер қолына жарасатыны сияқты атақты ғұламалар мен ақынжазушылардың, билер мен шешендердің айтқан ұлағатты, даналық асыл сөздерін орнымен пайдаланса ғана құнды екенін ол жақсы түсінеді. Өзінің ақындығымен емес, ақынжандылығымен көзге түсіп жүрген әкім көптің көкейіне орныққан ойлы, сырлы сөздерді, шұрайлы жыр шумақтарын жаттап, жадында сақтап, оларды керекті, орынды жерінде кәдеге асыра біледі. Сондай-ақ Нәжмәдин Түркпенұлының аудан басқару тәжірибесінде тарихты, әдебиетті, шежірені, қазақы салт-дәстүрді жақсы білетіндігі оның қызмет барысында көп пайдасын тигізгендігін айта кеткен жөн.
Бұрынғы аудан әкімінің өзін өзгеден ерекшелендіріп тұрған тағы бір жақсы қасиеті – оның өте қарапайымдылығы. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген бабалар айтқан аталы сөзді үнемі жадында сақтайды. Ол үлкенмен де, кішімен де, лауазымы жоғарымен де, қызметі өзінен төменмен де бір деңгейде сөйлеседі. Тәкаппар, кеуде керіп, қыр көрсеткен, шіренген жігітті елдің жаратпайтынын жақсы біледі. Сондықтан өркөкіректікке салынбайды, өзін жоғары ұстамайды, асып-тасуды қаламайды, арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспайды. Алдына келген адамның меселін қайтармай, қолдан келген көмегін беруге, сүрінгенді сүйеуге, жаңылғанды түзеуге тырысады. «Қайғы бөліссе азаяды, қуаныш бөліссе көбейеді» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, уақыт тапшылығына қарамастан, әкім ақсақал ағаларын алдына салып, басына қайғының қара бұлты үйірілген қаралы отбасының үйіне кіріп, көңіл қосын білдіруді, сондай-ақ көптен күткен арманына қол жеткізген ел ішіндегі азаматтардың тойларына жұбын жазбай қатысып, қуанышын бөлісуді өзінің адами парызы санайды. Жалпы, Нәкең «Қуанғаныңды білейін – той болғанда кел, қайғырғаныңды білейін – өлгенде кел» деген халық даналығын жадында мықтап ұстаған азамат.
Нәжмәдин Түркпенұлының ел басқару тәжірибесі барысындағы өмірге деген көзқарасы, болмыс-бітімі, ел алдындағы парызы мен қарызы, адами қасиеті, жұмыс істеу тәсілі, қордаланып қалған күрделі, өзекті мәселелерді шешудегі алғырлығы, алымдылығы мен шалымдылығы, облыстағы құзырлы органдар алдындағы сөзінің өтімділігі жөнінде де ой қозғаған дұрыс қой деп ойлаймын.
Н. Мұсабаев – қиын мәселелерді тиімді, ұтымды шешудегі өзіндік әдіс-тәсілі бар әкім. Ол ретті жерінде өжет те табанды, қажет болған жағдайда икемді де оралымды бола біледі. Бір ғана мысал. Бірде облыстың сол кездегі басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед «Арал күндеріне» байланысты орталық алаңда халықпен кездесуінде былай деген болатын: «Әкімдеріңіз облыстық бюджеттен аудандарға бөлінетін үлесін ешбір ауданнан кем алып жүрген жоқ, тіпті артығымен алып жүр. Мен қаншама рет Аралға қосымша қаржы енді бөлмеспін дегеніммен, Нәкең сұрағанда депутаттардың келісімін алып, тағы да қалай бергенімді білмей қаламын» дегенді. Біз осындай мазмұндағы әңгімелерді әр кездері облысты басқарған Икрам Адырбеков пен Болатбек Қуандықовтан да естіген болатынбыз. Бұл жерде аймақ басшыларының Нәжмәдин Түркпенұлының сөзінің өтімділігін, облыс көлеміндегі өзінің жинаған абырой-беделін орынды пайдалана білетінін, қайтпас қайсарлығы мен жасымас жігерлілігін меңзеп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Шындығында да, қордаланған мәселелерді тез шешудің тікелей қаражатқа келіп тірелетіні ақиқат. Сондықтан әкім мырза аудан экономикасын жедел дамытып, жергілікті бюджет түсімін бірнеше есеге арттыруға қол жеткізді. Айталық, 2004 жылы аудан тайқазанына 1 млрд 615 миллион теңге құйылса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 7 млрд 699 миллион теңгені құрады. Ал құрылыс саласына салынған негізгі инвестиция 2004 жылы 2 млрд 644 миллион 600 мың теңге болса, 2013 жылы бұл цифр 37 млрд 152 миллион теңгеге жеткен. Осылайша, аудандық бюджет көрсеткіші 4,7 есеге, негізгі қордағы инвестиция 14 есеге өсті.
Осы орайда облыстан, республикадан қомақты қаржы алу жолында аудан әкімінің Парламент, облыс депутаттарының да мүмкіндіктерін орынды пайдалана білетіндігін айта кеткеніміз жөн. Осындай жолмен, жоғарыда атап өткеніміздей, ауданда бірнеше мектеп пен қалада 2475 орындық орталық стадион, 300 орындық мәдениет үйі, жаңа типтік жобадағы поликлиниканың ғимараттары бой көтеріп, білім ордаларының қара шаңырағы №13 қазақ орта мектебіне толықтай күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұндай нәтижелерге қол жеткізуде сол кездегі Парламент депутаттары Бақберген Досманбетовтің, әсіресе Ұзақбай Қарамановтың аса белсенділік танытқанын ерекше атап өткен жөн ғой деп ойлаймын.
Иә, Нәжмәдин Түркпенұлы өзінің еңбекқорлығының арқасында еңбегі жемісті болып, толағай табысқа қол жеткізген әкім. Оның тынымсыз, тындырымды еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Басқасын былай қойғанның өзінде, оның «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері екенін, сондай-ақ Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және оның лауреаты, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Қазақстан балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атақтары төсбелгілерімен марапатталғанын айтсақ та жеткілікті.
Сөзіміздің басында халықты басқара білу үлкен өнер екенін айттық. Бұл – кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін бақыт, сонымен бірге зор жауапкершілік. Осы жолда ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенденің сирек те болса қателіктерге ұрынуы, жүйкесі жұқарған кейбір сәттерде пендешілікке ерік беріп, аяғын шалыс басуы әбден мүмкін. «Ешкім де періште емес: патша да, пақыр да – пенде» демеп пе еді Шәкәрім. Кемшілігі жоқ адам болмайды. Ел басқару институтының талаптары мен міндеттерін бір адамдай меңгерген Нәжмәдин Түркпенұлын өте тәжірибелі басшы дегенмен, оның ұзақ жылдардағы қызметінде пендешілікпен жаза басқан тұстары, басқа да кемшілік пен олқылықтары орын алмады десек, ақиқаттың ауылынан алыстап кеткен болар едік. Жалпы, кемшілігін білген адам – кемел адам. Нәкең пенде ретінде өзінің осал тұстарын мойындайды, оны айтып та жүр. Сөйте жүріп, ол жіберген кемшіліктерді болдырмаудың жолын іздейді. Ал жұмысында көп кемшілік жіберіп, оны жөндеуге асықпайтын қарамағындағы қызметкерлерге кеңшілік жасамайтыны тағы бар.
Халқы қадірлеп, ел-жұрты алымдығы мен іскерлігін мойындаған Н.Мұсабаев түн ұйқысын төрт бөліп, аянбай еңбек етсе де, оның игі істерін көре алмайтын күншілдер мен жалақорлар адалдығына нұқсан келтіргісі келсе де, өзінің іскерлігінің арқасында кедергілерден өте білді. Қызмет баспалдағымен көтерілуде де көптеген қиыншылықтарға, қолдан ұйымдастырылған кедергілерге кездесті. Әкім өзінің ақтығын, ақиқатқа еш уақытта қиянат жүрмейтінін дәлелдеп шықты. Тепсінген қарсыласына да, дау іздеген даукеске де еңсесін бастырмады. Қиындықты қайсар қайратымен жеңе білді. «Билік» атты арғымақтың ер-тоқымын аударып алмай, ат арқасында жүрді. Сол мінезімен, сол мықтылығымен ол бүгінгі күні де ағынға қарсы жүзіп келеді.
Нәжмәдин Түркпенұлы зейнет жасына келсе де, халқына әлі де болса қызмет етуді, еңбек жолындағы бай тәжірибесін жастарға үйретуді өзіне мұрат тұтты. Ол бүгінгі күні Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кенішінде директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып қызмет атқарады. Кәсіпорынның ауданға, аймаққа, облыстық басқармалар мен облыс әкіміне байланысты проблемаларын шешуге араласады. Басқарма мүшесі. Ұжым ортасында белді, беделді.
Ол сонымен бірге өзінің негізгі жұмысына қоса, Жалаңтөс Баһадүр атындағы республикалық қоғамдық қор президенті қызметін қоғамдық негізде атқарады.
Қорыта айтқанда, Нәжмәдин Түркпенұлы өмір сүру дегенді еңбек ету деп түсінеді. Ал еңбекті сүйгенді елі сүйетіні анық. Ел ішінде «Халыққа жақын басшы тау асады, халықтан алыс басшы адасады» деген даналық сөз бар. Нәкең, шын мәнінде, халыққа жақын басшы бола білді. Ол сонысымен де аудан шежіресінің тарихынан өзінің лайықты орнын алатын болады.
Әнес ӘУЕЗОВ,
екінші, үшінші, төртінші шақырылымдардағы Арал аудандық мәслихатының хатшысы.
25 тамыз 2020 ж. 561 0