Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ғалымдары семинар өткізді

Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ғалымдары семинар өткізді

Бүгін Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ғалымдарының қатысуымен семинар өткізілді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ж. Жұбанов жүргізді.Семинарға облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ә. Дәрмағанбетов және ауылшаруашылығы құрылымы мен тиісті салалық мекемелердің басшылары, жергілікті жерлердегі ауылшаруашылығы саласына жауапты мамандар мен шаруа қожалық иелері қатысты.
Семинардың мақсаты жергілікті жердегі мамандарды мал шаруашылығын асылдандыруға, алынатын көлемін арттыруға қатысты ғылымдағы соңғы жаңалықтардан хабардар ету және пікір алмасып, қожалық иелерімен сұқбат жүргізу.

Жиында алдымен университеттің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры С. Мырзақұлов «Сиырлардың ұдайы өндірістік қабілеттерінің сүт өнімділігіне әсері, оларды жақсарту жолдары туралы» және «Ірі қара мал шаруашылықтарында сауын сиырларын дұрыс азықтандыру, күтіп-бағу технологиялары туралы» баяндама жасап, ірі қара малының тұқымдық қасиетіне мән беріп, өнімін жоғарылату, асылдандыру жолдарын түсіндіріп өтті.

Мұнан кейін университеттің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының профессоры Қ. Исхан еліміздегі жылқы тұқымының пайда болу кезеңінен бастап, селекциялық жұмыстар және шет мемлекеттердің жылқыдан өнім алу жолдары жөніндегі ақпараттармен бөлісті.

Аталған университтің акушерлік, биологиялық қауіпсіздік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты С. Усманғалиева жылқы малында кездесетін ауру түрлері, белгілері, жұғу жолдары және олардан сақтану үшін қолданылатын шаралар туралы баяндады.

Одан соң университеттің акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD дәрігер Б. Жолшыбайқызы сиыр малының, ал акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының меңгерушісі профессор С. Үсенбеков түйені ұрықтандыру мүмкіндіктері мен аналық малдардың буаздылығын анықтаудың ғылыми түрде анықталған жолдарын түсіндірді.

Семинарға қатысушылар мал шаруашылығына қатысты мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салып, өз сауалдарына тұщымды жауаптарын алды. Жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

06 қараша 2020 ж. 700 0