Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әсеттің әсем бұйымдары

Әсеттің әсем бұйымдары

Бүгінде талантын шыңдап, табыстың көзін тауып отырған жандар бар. Олар өздерінің бойына дарыған ерекше қабілетінің арқасында ерекше кәсіп түрін дамытып, жұртшылық талғамынан шығатын, халық тұрмысына қажетті бұйымдар жасайды. Қызылжар ауылының тұрғыны Әсет Нағашыбаев – ағаш шебері, ол өзінің ағаштардан түрлі бұйымдар жасайтын ерекше қабілетінің арқасында бүгінгі күні мол табысқа кенеліп отырған кәсіпкер.

Қарапайым ауыл баласы Әсет өз бойындағы шығармашылық қабілетін шыңдады. Нағашыларынан бойға дарыған қасиетін одан әрі дамытуды мақсат еткен ол «ағаштарды көркемдеп өңдеу» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ағаш өңдеудің барлық методикасын меңгерген ол ауылға келген соң жұмыссыз қалам деп әсте алаңдамады.
– Ел іші тегіс таныс. Ең бірінші ауылдастарым менің үйге қажетті ағаштан жасаған түрлі заттарымды көріп, қызығушылық танытып, тапсырыс бере бастады. Алғашында қалай болар екен деп жүрексінгенім рас. Дегенмен өзгенің сенімі мен талғамынан шығу оңай емес. Бастапқы тапсырыстарым ойдағыдай шыға бастаған соң, тапсырыс берушілер де көбейді. Стол, нан тақтай, өзге де ас үй қажетін өтейтін бұйымдар жасап бастады, – деген Әсет кәсіпкерлікке қалай келгені туралы айтып берді.
Жұмыстары жүйелі жүре бастаған соң, енді жаңа туынды жасауға бекінеді. Сөйтіп жиналмалы стол жасауды қолға алады. Бұған қоса Әсеттің ағаш бетіне шеге мен жіпті пайдалана отырып, түрлі өрнек салатын қабілеті тағы бар. Аудан көлемінде таныла бастаған ол өзінің осы талантын кәсібіне айналдырады. Бірде Қызылорда облыстық жастар саясаты мəселелері басқармасының əлеуметтік жобасы аясында 2020 жылдың сəуір айынан бастап кəсіпкерлік саланы дамыту мен бизнес əлеуетті арттыру мақсатында жастарға арналған "Kyzylorda Business Hub" облыстық Start Up жобалар байқауы өтетіні туралы естиді. Әсет көп ойланбастан  4 кезеңнен тұратын байқауға қатысуды жөн деп табады. Алғашқы аймақтық кезеңдерде үздік шыққан талантты жас жиналмалы ас столдарын жасау жобасымен 250 мың теңгелік грантты жеңіп алды.
         – Жобаға қатысу арқылы көптеген талантты жігіттермен таныстым. Өзіме үлкен мотивация болды. Жаңа тынысым ашылды деп айтсам да болады. Алдағы уақытта осы кәсібімді одан әрі дамытып, үлкен цех ашуды жоспарлап отырмын,– деді.
         Әсет  – еңбекқор жігіт. Жалқаулыққа жаны қас ол өзінің қатарластарына үлгі. Аудан орталығынан шалғай ауылда болса да кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып отыр. Ол шын еңбектенемін деген адамға қазір жұмыс көп дейді. Және мемлекет тарпынан да қолдау жоғары екендігін айтады.
         – Бізге өзіміздің қиялымызды дамытып, ойымызды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отыр. Тек соны тиімді пайдалана алсақ болғаны. Қазір әлеуметтік желінің үлкен күшке айналған шағында кәсіппен айналысу тіпті оңай бола түсті. Ешқайда бармай-ақ,  үйде отырып заттарыңды желі арқылы сатуға да болады,– дейді ол.

         Шынымен де ел арасынан небір жаңа кәсіп түрлері мен тың жобалар шығуда. Мұның бәрі ізденімпаз жастардың еңбегінің жемісі. Әсет те өзінің талантымен ұштасқан кәсібінің көкжиегін кеңітіп, үлкен белестерді бағындыруды мақсат еткен жан екендігін танытты.
Н. Маратқызы

15 қараша 2020 ж. 394 0