Медиация – татулық тірегі
Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Оны өзіміздің қазақ тарихынан да көруге болады. Қазақ билерінің кез келген дауды келісіммен бітіргенін ескерсек, халқымыз үшін бітімгершілік билік айтудың ең озық өнегесі.Қазақ халқының бойындағы сол кішіпейілділік, кешірімділік, қиналғанға қол ұшын беру, иілгенге иілу, құрметтеу секілді ізгілікті қасиеттер әлі де жойыла қойған жоқ. Тек соған қозғау салар әділ де адал реттелетін заңды тетіктерді таба білу қажет.
«Медиация туралы» заңның қабылданып, Азаматтық-процестік кодекске татуластыру тәртібін реттеген арнайы тараудың енгізілуін, көптеген пилоттық жобалардың қолға алынуының астарында осы қазақы құқықтың жылдар бойы дәлелденген, өзін әлдеқашан ақтаған дәстүрін жаңғыртсақ деген ізгі ниет жатса керек. Өйткені сол игі дәстүрдің жалғасы «Медиация туралы» Заңнан тамаша көрініс тапқан.
Елімізде медиация рәсімі жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық даулардың түйінін тарқатуда кеңінен қолданылып жүр. Сондай-ақ қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша да қылмыстық сот ісін жүргізуде қолданылып келеді.
Өмір болған соң әртүрлі қылмыстар болады. Болмашы нәрсеге шекісіп қалған көршілер де бір-бірінің үстінен шағым айтып, сотқа жүгінетін кездер де кездеседі. Білместікпен түзу жолдағы азаматтар да кейде ұрлыққа барып жатады. Осының бәрін заңға салып қарайтын болсақ, қылмыс болып шығады. Сол секілді, берген қарызын қайтарып ала алмай жүретін даулар, «анау мені балағаттады, жер етті» деп моральдық шығынды талап етушілер, сондай-ақ үйіндегі ыдыс-аяққа, дүниеге таласып жұбайымен бет жыртысып жүргендер да кездеседі. Осындай келіспеушіліктердің нәтижесінде адамдар бір-бірін сотқа сүйреп, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Міне, осындайда медиацияның тигізер пайдасы зор дер едім.
Өйткені медиация екі жақтың дау-жанжалмен байланысты барлық аспектісін зерделеуге, оны егжей-тегжейлі анықтауға және дауласушылар үшін маңызды мән-жайларды зерттеуге мүмкіндік беріп, дау деңгейін бәсеңдетіп, оны шешудің екі жаққа тиімді жолын таңдайды. Осының арқасында тараптар бірін-бірі түсініп қана қоймай, бір-біріне деген ашу-ызадан арылып, ақылға келеді.
Статистикалық деректерге сәйкес, Арал аудандық сотында 2020 жылдың 9 айында 5 қылмыстық іс, 62 азаматтық іс және 41 әкімшілік іс медиация тәртібімен тоқтатылса, 2 азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 24 азаматтық іс татуласу келісімдерін жасасумен аяқталған.
Айта кету керек, бұрын тек кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың ғана жұмысына айналған медиациялық келісім жасау үрдісіне, адвокаттардың да атсалыса алатыны, судья-медиаторлардың да көмектесе алатыны заңдық тұрғыдан бекітілген. Мұндай өзгерісті қолға алудың өзіндік себебі де жоқ емес. Азаматтардың көбі өз ісінің медиаторлар арқылы емес, сот арқылы, судьялардың көмегімен шешілгенін қалайды. Міне, осындай олқылықтардың алдын алу үшін Азаматтық-процестік кодексінде судья-медиатордың іске араласу тетіктері жан-жақты қарастырылған.
«Көш жүре түзеледі» демекші, жуырда Азаматтық-процестік кодексіне медиацияның қолданысын кеңейтетін тетіктер енгізілді. Бұрын татуластыруды жүргізу үшін судьяға заңмен бар болғаны бес күндік мерзім берілетін. Екі тарапты келістіріп, бір мәселеге келтіру үшін бұл уақыт жеткілікті емес еді. Мұны судьялар да, медиаторлар да жиі айтатын. Көпшіліктің пікірі ескеріліп, жаңа өзгерістерде татуласу үшін тараптарға он жұмыс күнінің берілуі медиативтік келісімдердің қатарын көбейтетін қажетті қадам дер едім.
Сонымен қатар дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге қатысушы тұлғалар шеңбері кеңейді. Осыған дейін партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен жүзеге асырылса, жаңа өзгерістерге сай, адвокаттармен қатар заңгерлік палаталардың мүшелері болып табылатын тұлғалардың да жәрдемдесуіне жол беріліп отыр.
Сондықтан да азаматтар барлық даудың нүктесін тек соттан іздемей, өзара келісім арқылы шешуге толық құқылы екенін, әрі ол үшін заңдық тұрғыда толық жағдай қарастырылғанын біліп жүргені жөн.
С.БЕРТАЙ,
Арал аудандық сотының судьясы