Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол – жарқын жоба

Жол – жарқын жоба

Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі ретінде әр Отандасымыздың санасында жатталуы тиіс. Себебі алтын бесік ауылдың қайнаған қызу тірлігі мен мызғымас бірлігі, дәстүрі мен еркіндіктен туындағын танымы ғасырлар бойы халықтың өзегін талдырмады. Өсіп-өнуіне мүмкіндік берді, елдің дамуына тікелей сеп болды. Бүгінде өркениет көшіне ілескен ел болдық деп даму мен алға ұмтылудың жолын қаладан тапқанымызбен, елдің негізі мен түп тамыры ауылдарда жатқанын ұмытпауымыз керек. Мемлекеттің де ауылды ел болашағы ретінде қарастырып, ауылға барлық мүмкіндіктерді жасап жатқаны да сондықтан. Оған мысал да, дәлел де жетіп артылады.
Айталық мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін баса айтты. Осы мақсатта Елбасы «Ауыл – ел бесігі» жобасының басталғанын жариялағаны да көптің есінде болар.
– «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», - деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда аталған бағдарлама еліміздің әр аймағында лайықты деңгейде қолға алынып келеді. Арал ауданында да арнайы жоба шеңберінде
Жақсықылыш кентінде бірнеше жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни, «Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектепке қосымша 100 орындық жапсаржай құрылысы» жүргізілуде.«Самат мұнай» ЖШС мердігер компаниясы қолға алған бұл жұмысқа келісім шарт бойынша 200 млн. 391 мың теңге қаражат бөлінген. Осы жылдың шілде айында қолға алынған құрылыс жұмыстарына барлығы 30 адам жұмысқа тартылса, оның 25-і жергілікті жерден. Бұл жұмыс желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.
Мұнан бөлек кентте «Дене шынықтыру және сауықтыру кешені» құрылысы да қолға алынды.Құрылыс мердігері ретінде «Система безопасности – НS» ЖШС-гі танылып, қыркүйек айында басталып та кеткен. Аталған кешен құрылысына келісім шарт бойынша жалпы сомасы 183 млн. 489 мың теңге қаржы қаралған. Барлығы 18 адам жұмыспен қамтылса, 7 адам жергілікті жерден.
«Жақсықылыш кенті көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу» жұмыстары да қазіргі уақытта тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.Бүгінде барлығы 8 шақырымды құрайтын 11 көшеге қиыршық тастар төселіп болған. Асфальттау жұмыстары басталып та кеткен. Қырыққа жуық жұмыс күші мен 25 техника жұмылдырылған бұл жұмыстарды«Арал құрылысы» ЖШС қолға алған. Биылғы жылға бөлінген қаржы көзі 375,0 млн. теңгені құрайтын ауықымды жұмыс Алла сәтін салса жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Иә, ауылдарда қолға алынатын қайбір істің болмасын ел дамуына ерекше септігі тиері сөзсіз. Сол ауылдарға жасалып жатқан қолдаулардың легі келер жылы да жалғаспақ. Ауылдың ажарын ашып, тұрмысын түзейтін «Ауыл – ел бесігі» жобасы әр жыл сайын жалғасын тауып, жарқын бастамаларға мұрындық бола береріне сенімдіміз.
А.Қарасай.
02 желтоқсан 2020 ж. 341 0