Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Меркелік көңіл-күй сыйлады

Меркелік көңіл-күй сыйлады

Қазақта «қуантсаң, баланы қуант – ақылына сәуле түссін» дейтін тәмсіл бар. Ұлт болашағы саналатын балалардың қуанған сәтін көргенге не жетсін?! Әсіресе әр күні балалармен тікелей байланысты мұғалімдер қауымы бұл үрдісті бір сәтке де естен шығарған емес.
Бүлдіршіндердің шат күлкісінен жұмысқа шабыт алатын ұстаздар қалай да балаға қуаныш сыйлаудың жолын іздейді. Жаңа жыл мерекесі оқушылардың дәл осындай көңіл-күйге бөленетін сәті. Шыршаны айнала би билеп, ән салып, Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, тақпақтарын соларға арнайтын, өздеріне үлестірген сыйлығын мақтан тұтатын күні.
Бірақ биыл 25 желтоқсан мен 2021 жылдың 5 қаңтарына дейінгі аралықта карантин режимін қатаңдату шарасына орай мектеп оқушылары бұл сәтті атап өте алмайтындығы белгілі. Балалардың қауіпсіздігін, саулығын сақтау үшін міндеттелген тапсырма тек оқушыларға ғана емес, барлық ел азаматтары үшін назарда ұсталуы тиіс. Орындау баршамыздың міндетіміз.
Алайда қаладағы №220 орта мектебі өз шәкірттеріне қуаныш сыйлауды мақсат етті. Осыған орай мектеп әкімшілігі, ұстаздар қауымы мен осы мектептің техникалық қызметкерлерінің қолдауымен балалар Аяз ата мен Ақшақардың тәтті сыйлықтарынан құр қалмады. Карантин талаптарын сақтай отырып оқушылардың үйін аралап жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
31 желтоқсан 2020 ж. 331 0