Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеш болмай, түнге сән кірмес

Кеш болмай, түнге сән кірмес

Кешқұрым уақыт. Көлік тізгіндеп келемін. Қала көшелері таңғы сәуледей жарық. Жарық бағаналарына ілінген түрлі пішіндегі шамдар да көз алардай үйлесімдікте тұр. Сандық бағдаршамдар да көліктер қозғалысын бірқалыпты реттеп тұр.
Артқы орындықта отырған жеңгем ағама қарап:
– Аралдың көшелері әдемі екен. Жап-жарық. Бұрын келгенде мұндайды байқай бермеуші едік, қала ауыз толтырып айтарлықтай өзгерген, – деп өз таңданысын жасырған жоқ. Арал мен Байқоңырды салыстырмақ болған мен жеңгемнің сөзін іліп алып:
– Ау, осы жұрт Байқоңырды жақсы қала деп мақтаушы еді ғой. Жинақылығы өз алдына, тазалығы да керемет деуші еді. Ол жақтың бізден айырмашылығы қалай екен? – дедім сұраулы үнмен.
– Дұрыс айтасың. Байқоңыр  – жинақы әрі таза қала. Бірақ жұрт мақтаған сол қала кешегі кеңестік кезеңнің уақытында дәурені жүрді. Қазір де сол жүйемен қалып кеткен. Ол жақта Аралдағыдай қаз-қатар тізілген көшелер жоқ. Болған күннің өзінде, мынадай көріністі еш жерден көрмеппін. Арал қаласының сәулеттік үйлесімділігі керемет болып келе жатырғаны қуантады. Бұрын келгенде, сортаң болып жатқан жерлерге қазір қазақстандық алып сауда үйлері түсіпті. Өзіме Байқоңырға қарағанда, Аралдың түнгі көрінісі қатты ұнады, – деп сүйсініс білдірді жеңгем. Жұбайының сөзін қоштай кеткен жанындағы ағам да:
– Аралдың көшелері жайнай түскені өз алдына, бағанадан байқағаным, көлік қозғалысын реттеуші бағдаршамдардың сандық жүйеде жұмыс істеуі қандай керемет! Байқоңырдың бағдаршамдары баяғымен қалып кеткен. Бағдаршамның тұсына жеткенде жасыл түске үлгерем бе, жоқ па деп абдырап боласың. Кейбір бағдаршамдарда сары түс те жоқ. Қызылдан жасылға, жасылдан қызылға бірден ауысады. Сол аралықта ереже бұзсаң, айыппұл арқалайсың. Ал Аралдың бағдаршамдары анадайдан көрініп тұрады. Сандық көрсеткішке қарап, алдын ала қозғалысты реттей беруге болады, – деп сөзін аяқтады.
Біз жақсы пікірге марқайып, төбеміз көкке жетердей қуанатын халықпыз ғой. Оның үстіне, туған жерің тақырыпқа арқау болғанда, қай тақырыпқа болмасын тас-түйін дайын тұратынымыз тағы бар. Десе де тарихы көпке мәлім туған жеріміз жайында соңғы кездері өзгелерден жақсы пікір естіп, қуанып жүргеніміз рас. Әсіресе сырттан келген қонақтар Аралға мақтау айтып, соңғы жылдары өзгергенін еш бүкпесіз жеткізуде. Өзгеге қайдам, менің соңғы кездері еститінім осындай пікірлер. Сол сәтте ішім жылып, көңілім көтеріледі. Мұндай баянды істердің артында аудан әкімі М.Оразбаевтың тұрғаны түсінікті. Ел азаматының іскер басшы ретіндегі ауданға қалдырып жатқан қолтаңбасы айрықша. Біз оны мақтан етеміз.
А.Қарасай,
Арал қаласы 
05 қаңтар 2021 ж. 535 0