Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкіртің шықса биікке...

Шәкіртің шықса биікке...

Аудандағы білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте оқып, кейіннен 30 жылдан астам сол мектепте ұстаздық еттім. Жоғары санатты ұстаз атанып, «КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгілерін омырауыма тақтым. Басқа сала басшыларының да марапаттарына ие болдым. Мұның бәрі еткен еңбектің, төккен тердің қайтарымы болар. Талай шәкірттеріміздің қанатын қатайтып, мектеп ұясынан ұшырдық. Білім нәрін, еңбек тәрбиесін санасына сіңіре білдік. Соның арқасында шәкірттеріміз тәуелсіз еліміздің түпкір-түпкірінде абыройлы еңбек етуде. Алды пайғамбар жасына келіп, еңбектерінің зейнетін көріп отырса, бала сүйіп, немере жетектеп жүрген шәкірттерімізді кездестіргенде, жетістіктерімен қоса қуанышты күндерінен есеп беріп жатады.
«Ұстаз ақ тілеулі ана сияқты» деп даналарымыз айтқандай, олардың өмір жолы ашық болғанын, Алла тағала ақ жолынан адастырмағанын тілеп отырамыз. Көз алдымызда өскен сол шәкірттердің бүгінгі жетістігі жайында айтсақ. Олардың өмір жолы қалай өрбіді?
Қашыққа бармай-ақ, өз ауданының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген мектеп түлектері жетерлік. Кеңес заманында да әртүрлі мамандықты игеріп, өз істерінің шебері атанған еңбек майталмандары аз болған жоқ. Олардың қатарында ауданға, облысқа, қала берді республикаға белгілі азаматтар бар. Аттарын атау қисынсыз болар. Кім қай қалада, қандай деңгейде жүргенін замандастары жақсы біледі. Нақтысы, әрбір №13 мектеп түлектері осы мақалада «мен де бармын» десе болады.
Теңіздің суы қайтып, табаны тұзды шаңға айналғанда, теңіз-ананың адал азығымен қоректеніп, жағалауында ержеткен бізге де үлкен соққы болғаны рас. Бірінші Алла тағаланың, екінші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында теңізге жан бітіп, ата кәсібіміз – балық аулау кәсібі жалғасуда. Ауызсудың тауқыметін көрген аралдықтардың сабырлығы мен төзімділігінің арқасында таза ауызсу ішіп, мейірімізді қандырудамыз. Бір қыста 10-12 тонна көмір жағып, күлін шығаратынбыз. Тамызық мәселесі өз алдына бір проблема болатын. «Газ келді, жаз келді» демекші, әрбір үйге газ кіргізіп, рақатын көрудеміз.
Менің есімнен 1996 жыл кетпейді. Қатты науқастанып, ауыр халде жатқанымда жедел жәрдем дәрігерлері май шамның жарығымен қарағаны бар. Ал қазір ше? Үздіксіз берілген электр энергиясында тапшылық жоқ. Түнгі мезгілдегі самаладай самсаған жарықтар көңілімізді көтеріп, серуендеп те аламыз. Іргемізден өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізі арқылы баратын жерімізге өркениетті елдердегідей шаршамай баратын болдық. Қаланың көрнекті жерлері гүл мен желекке оранған. Ал ескерткіштер өткен өмірімізден сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Кәсіпкерлердің жаңадан салып жатқан нысандары қала көркіне көрік беруде.
Өзіміздің төл перзенттеріміздің еңбектері де елеусіз қалып жатқан жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-министрі болған Ұзақбай Қараманов ағамыздың есімін иеленген №262 мектеп- гимназияның ауласына мүсіні орнатылса, №62 мектеп-лицейге жалынды ақын, жерлесіміз Жарасқан Әбдірашевтің есімі беріліп, еңселі мүсіні қойылды. Қазақ елінің бірлігін сақтаған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымыздың мүсіндері аудандық сот ғимаратына көрікті етіп орнатылған. Үш бидің лайықты орнын тауып, орналастыруға аудандық сот төрағасы Кәмшат Сәдуақасова қарындасымыздың осы игілікті іске басшылық жасаған еңбегін атап өткен жөн болар еді.
Қаладағы басты мәселенің бірі көшелер мен жолдардың жағдайы болып келгені жасырын емес. Арал қаласында 33 көше жөнделді. Қазір жалпы ұзындығы 17 шақырымнан асатын 28 көшенің жолына асфальт жабындысы, ал 5 көшеге қиыршық тас төселгені – қуанарлық нәрсе. Осыларды көріп отырып, ауданымыз өсіп-өркендеу жолында деп айта аламыз.
Жақында бір жаңалықтың куәсі болдым. Арал қаласы маңынан күн сәулесінен энергия алатын станса салынбақшы екен. Осы жөніндегі тыңдауға қатыстым. Энергетика министрлігінен келген өкіл  Абай Құланбай, Kezok  өкілі Талғат Арыстановтың айтуы бойынша, станса құрылысына 250 адам жұмысқа тартылады екен және олардың айлығы да көтеріңкі болады дейді. Жер телімі де шешіліпті. Әрине экологиялық таза электр энергиясы өндіріліп жатса, бұл да Арал тұрғындары үшін жағымды жаңалық болмақ.
Өткен жылы көктемде қаладағы №2 шағын аудан аймағынан І қабатты 4 пәтерлі он тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын, амандық болса, жыл соңына қарай бір мезетте 40 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойламақшы. Басқа да қолға алынған жобалар іске асқанда, ауданымыздың келешегі кемел екенін растайды.
Міне, осындай келелі істердің басында тұрған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та  – Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектеп түлегі. «Шәкірті озған ұстаз бақытты» деген осыдан қалған шығар.
Мұхтар Әуесұлы – аудан әкімшілігіне қатардағы маманнан бастап, барлық сатыдан өткен, қарапайым жанұядан тәрбие алып өскен Аралдың перзенті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасына орай аудан әкімі Мұхтар Оразбаев түрлі деңгейдегі кездесулер мен көтерілген өзекті мәселелерді тиімді шешіп келе жатқанын жақсы білеміз. Қол келер іске сөз беріп, күрделі мәселеде көптің көкейіндегіні дөп басып айтатыны да бар. Қайткенмен, елдің баласы. Аудандағы жағдай бес саусағындай таныс қой.
Ауданның өсіп-өркендеуіне қызмет жасап жатқан орта буын ел азаматтарын қуаттап, шабыттандырып отыру, біз сияқты қарияларға жарасады. Даналарымыздың «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деген аталы сөзі бар ғой. Әсте дұрыс айтылған.
Бірде тұрғындардың өтініші бойынша аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қабылдауында болдым. Сонда ол: «Қызмет мәңгілік емес. Мен де сіздердің жасыңызға жетіп, қарапайым халқымның ортасында жүретінімді білемін. Сол кезде қатарымдағылардан аудан әкімі болғанда не іс бітірдің дегенде де, ұялмайтындай жұмыс істеу үшін еңбек етуім керек. Кей жағдайда бір кесе шайды тұрып ішетін уақытым да болады. Өздеріңіз, еңбекке тәрбиеледіңіздер. Сондықтан халқымның, ұстаздарымның сенімін ақтауым керек», – деген риясыз сөзін естігенім бар. Бұл риясыз сөзі ұлы ғұлама Аристотельдің: «Мен екі адамға қарыздармын. Бірінші – ата-анама қарыздармын, өйткені олар мені дүниеге әкелді, екінші – ұстаздарыма қарыздармын, өйткені олар мені өмір сүруге үйретті» деген сөзін еске түсірді.
«Бір қол бір қолды жуады, екі қол бірігіп бетті жуады» демекші, ауданда болып жатқан жетістіктер баршаға ортақ іс. Ғасырға жуық үш дәуірде өмір сүрген Арал өнірінің тумасы, абыз атанған Жәрменов Ердіхалық ақсақал баласы, Арал ауданының құрметті азаматы Қуанышбайға (Ердіхалықов):
– Е, е...балам жүк ауырлығын нар көтереді. Шыдамды бол. Түйеге желдірген жараспайды, шөккені болдырғаны. Тіршілік ылғи бәйгеден тұрмайды. Тұлпардың шабысы бөлек. Әрқашан шамаңды біл. Жұрттың алдына шығуды мақсат тұтпа. Жауапкершілік деген төреші бар. Осыған жүгінсең, қателеспейсің,– деп өсиет қалдырған екен. Осы бір сөз құдіреті тек қана баласы Қуанышбайға айтылған емес, бүкіл кейінгі ұрпаққа тастаған ұран іспетті. Өйткені барлық өмір белестерінде кездесетін жауапкершілікті меңзеп тұр емес пе?! Олай болса, жасымыз да, кәріміз де қызметте болсын, істе болсын абыз ақсақалдың айтқанындай, жауапкершілікті ұмытпасақ болғаны.
«Тал да, дарақ та өзі өнген жерінде көгеріп-көктейді» деген бабаларымыздың даналық сөзі бар. Кіндік қандарың тамған киелі жерлеріңде көгеріп, көктеңдер. Елді көтеріңдер. «Өмір, тіршілік – ұзақ жол, бірақ Алла аманат еткен жол» деген екен. Хақ тағала сендерді ақ жолынан адастырмасын.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері
Арал қаласы
12 қаңтар 2021 ж. 469 0