Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс айту күні әлем елдерінде қалай тойланады?

Алғыс айту күні әлем елдерінде қалай тойланады?

2016 жылғы 14 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызда елімізде "Алғыс айту күні" деп жариялап, Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады.
Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақкөңілділік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.Әлем елдерінде де Алғыс айту күні ерекше аталып өтеді. АҚШ және Канада халықтары Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтетін көрінеді. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған.
Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан, губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді. Рақмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйе тауық. Себебі ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйе тауықты жеген екен.
Кейіннен, яғни 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әртүрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады.
Қытайлықтардың да бұл мерекені атап өтуі ерекше. Қытайлықтар үшін алғыс айту мерекесі қыркүйек айының соңы мен қазанның ортасы болып есептеледі. Тіпті кейде мұны «күз ортасындағы фестиваль» деп те атайды. Жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып, олар қуаңшылық болдырмай, астықты жинап алғаны үшін айдаһарға алғыс сезімін білдіреді. Қытайлықтар бұл мерекені отбасында ғана емес, тұтас деревня болып тойлайды. Балаларын әдемі киіндіріп, шеруге шығарады. Сосын кешкілік Айға қарап, келешек күннен жақсылықтың болуын тілейді.
Ал жапондықтар Алғыс айту күнін күзде, 23 қарашада салтанатты жағдайда атап өтеді. 1948 жылы екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қалжыраған жапон билігі бүкіл бақ та, жақсылық пен дәулет те, тек еңбек арқылы келетінін халыққа осылай ұғындырған. Сөйтіп күріш жиналған қара күздің 23 қарашасын «Еңбек күні» немесе Алғыс айту мерекесі деп жариялаған. Содан бері осы күні Күншығыс елінің тұрғындары 23 қарашада еңбектің құдіреттілігі туралы айтып, бір-біріне алғыс сезімін білдіреді.
Бірақ Алғыс айту күнін тұтас мемлекет емес, бір қала тұрғындары ғана тойлайтын елді мекендер бар. Мысалы, Голландияда Лейлан қаласы тұрғындарының бұл мерекеге құрметі ерекше. Себебі Америка жеріне алғаш аяқ басқандардың қатарында Лейлан қаласының байырғы тұрғындары да болған. Сондықтан ежелгі Америка жерін көріп келген Лейланның қарапайым тұрғындары осылай Алғыс айту күнін өз шаһарында да тұрақты өткізіп, дәстүрге айналдырып жіберді.
Міне, әр ел өзінше тойласа да, мұның мән-мағынасы, тағылым алар тәрбиесі жетерлік. Сондықтан бір-біріңізге алғыс айтып, құрметпен қарап жүргеннің артығы жоқ…
Дайындаған Н. БАҚЫРАН
28 ақпан 2021 ж. 1 597 0