Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салғырттықтың салдары ауыр

Салғырттықтың салдары ауыр

Коронавирустың таралуының үдеуіне бей¬қамдық пен салғырттық алып келіп отыр. Кеше облысты ауру белдеуінің "қызыл" аймағына кіргізді. Бұл белгіленген талаптарды қатаң сақтауымыз керек екендігін ұқтырып тұр. Ел көлеміндегі аурудың өршуі халық басына қатер төндіріп тұр. Ауруды ауыздықтау әрбіріміздің санитарлық талаптарды сақтауымызға байланысты болып отыр.
Әлемге қатер төндіріп тұрған COVID-19 әлі де болса жаппай күресуді талап ететін індет болып саналады. Оған бүгінгі таңда көзіміз анық жетіп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен де жиі оқып отырамыз. Аурудың қайта өршуі қаншама танымал адамдарды, туысымызды, танысымызды арамыздан алып кетті. Соңғы күндері аталған ауруды жұқтырғандар саны республика бойынша ғана емес, аймағымызда да артып барады. Мұның бәріне өзіміздің салғыртығымыз себеп. Әлі күнге дейін той тойлауды тоқтатқан жоқпыз. Жағдайдың қанша қиын екенін білсек те, немқұрайлылық танытып отырмыз. Бұған дейін халық басынан қиын кезеңді өткерді. Төрт қабырғаға қамалған кездер де болды. Егер біз қазір дерттің алдын алмайтын болсақ, сол тәртіп қайта орнауы бек мүмкін.
Бұған біздің әрбіріміз жауаптымыз. Айтылған сөзге, бекітілген тәртіпке бағынбасақ, тек өзіміздің ғана емес, өзгеге де зиянымыз тиері анық. Сондықтан уақытша ғана қиындық кезінде көпшілік жиналатын жерлерге барынша бармауға тырысып, той-садақаларды, туған күн мен мерекелік кештерді өткізбеу қажеттігін баса айтқым келеді.
К. ӨТЕГЕНОВА,
зейнеткер
22 сәуір 2021 ж. 309 0