Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Талап қою арызын рәсімдеудің өзіндік тәртібі бар

Талап қою арызын рәсімдеудің өзіндік тәртібі бар

Қазіргі таңда даулы мәселелер ұлғайып, азаматтардың сот органдарына жүгінуі артқан. Оған сотта қаралатын азаматтық істер санының жыл сайын артуы дәлел.
Азаматтық іс жүргізу ең алдымен талап арыз беруден басталады, яғни тапсырылған талап арыздың негізінде судья істі қозғап, әрі қарай оны мәні бойынша қарайды. Сондықтан талап арызды дұрыстап заңға сәйкес рәсімдеу маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінің (бұдан әрі-АПК) 148-149 баптарында сотқа тапсырылатын талап қою арызында болуы тиіс мәліметтер және арызбен қоса берілетін құжаттардың тізбесі қамтылған.
Талап қою арызы сотқа жазбаша не электрондық құжат нысанында беріледі. Aрызда арыз берілетін соттың атауы; талап қоюшы мен жауапкер туралы мәліметтер (аты-жөні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, егер бар болса, талап қоюшы мен өкілдің сондай-ақ, егер талап қоюшыға белгілі болса, жауапкердің ұялы телефонының нөмірі мен электрондық мекен-жайы); егер талап қоюшы немесе жауапкер заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi мен банктік деректемелері (егер ол талап қоюшыға белгілі болса) көрсетіледі.
Сондай-ақ, арызда талап қоюшының заңды мүдделерін және талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні; талаптарын негіздейтін мән-жайлар, осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер жайы; егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер; тараптар қабылдаған, татуласуға бағытталған әрекеттер туралы мәліметтер, егер мұндай әрекеттер қабылданған болса; талап бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі; талап арызға қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс. Талап арызға талап қоюшы немесе оның өкілі қол қояды.
АПК-нің 149-бабы бойынша талап арызбен келесі құжаттар беріледі: жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың саны бойынша талап қою арызының және қоса берілген құжаттардың көшірмелері; мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат; өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат; талап қоюшы өзінің талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар; дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар, егер осы тәртіп заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе; тараптардың татуласуға бағытталған әрекеттерді жасағанын растайтын құжаттар, егер мұндай әрекеттер жасалған болса; дәлелдеме жауапкерде немесе үшінші тұлғада болса, талап қоюшының дәлелдемелерді талап ету туралы өтінішхаты; егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтамасының көшірмелері.
Талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде судья оны іс жүргізуіне қабылдайды немесе заң талаптарына сай болмаса қайтарады немесе бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Татуластыру рәсімдерін жүргізген жағдайда талап қою арызын қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Осы тұста айта кету керек, талап қою арызының рәсімделуі жоғарыда аталған заңнама талаптарына сәйкес келмесе және істі соттың талқылауына дайындау кезінде кемшіліктерді жою мүмкін болмаса талап қою арызы қайтарылады.
Кей жағдайларда азаматтар талап арыз беру мерзімін өткізіп алып жатады. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi. Кейбір талаптар түрлері үшін өзге де мерзімдер (ұзақ немесе қысқа мерзімдер) белгіленуі мүмкін.
Аудандық сот ғимаратының көрнекі жеріне арыз, талап арыз үлгілері ілініп, кез-келген азаматтың танысуына, өз мақсатына орайластырып жазуына жағдай жасалынған. Сондай-ақ, талап арыздар үлгілері аудандық соттың сайтына да орналастырылған.
Әйтседе соған қарамастан, көптеген жағдайларда сотқа берілген талап-арыздар заң талаптарына сай келмей, кері қайтарылып жатады. Мысалы, 2020 жылы аудандық сотқа 776-талап арыз түссе, соның 65-ы, ал үстіміздегі жылдың осы кезеңінде 255 талап арыз түссе, соның 8-і осындай негізбен кері қайтарылған.
Қорыта айтқанда, азаматтар сотқа талап арызбен жүгінген кезде арызын Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінің 148-149 баптарының талаптарына сәйкестендіріп тапсыруы керек. Бұл арыздың уақытылы және жан-жақты қаралуына септігін тигізеді.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

23 сәуір 2021 ж. 1 330 0