Карантин: Қызылордада 72 дерек анықталды
Қызылорда қаласында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп тұр. Соңғы бес күнде тәулігіне 36-дан 44-ке дейін дерек тіркелуде. Соңғы аптадағы сырқаттанушылық көрсеткіші 63,4 пайызға жоғарлаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен онлайн брифингте Қызылорда қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Ұзақбаев мәлімдеді.
Қаладағы зертханаларда бір апта ішінде 1687 зерттеу жүргізілген. Яғни орташа есеппен тәулігіне 250-300 сынама алынған.
«Соңғы күндері қаламызда коронавирус инфекциясының таралуы белең алып отыр. Ауырған науқастар саны күннен күнге көбеюде. Карантин шараларының күшейтілуіне қарамастан, кейбір тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтамай, адам денсаулығына қауіп төндіру жағдайлары жиі кездесуде. Халықтың көптеп жиналатын жерлеріне бармауларыңыз керек. Түрлі мерекелер мен той-томалақтарды өткізуді де тоқтата тұруымыз қажет. Бұл індетті тек барлығымыз бірлесіп қана жеңетінімізді естен шығармауларыңызды сұраймын, – деді қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Ұзақбаев.
Облыс орталығында карантин ережелерін сақтамай айыппұл арқалағандар да аз емес. Мәселен жыл басынан бері 72 дерек анықталып отыр.
Сондай-ақ, қалада 12 егу кабинеті бар. Жылжымалы егу пункттері де қаралған. Вакцинаның көлемі артқан кезде қосымша егу пункттерін ірі сауда орталықтарынан ашу жоспарлануда.
kyzylorda-news.kz