Сыбайлас жемқорлық жазасыз қалмайды
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бүгінгі күні күрмеуі көп күрделі мәселеге айналып отыр. Тек біздің мемлекет ғана емес, тіпті саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық өзге елдердің өзін алаңдатып отырған жәйт бұл. Негізінде ол мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендетіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалын тежейтін, елдің халықаралық беделіне айтарлықтай айықпас таңба түсіретін әлеуметтік дерт десек артық айтқандық емес. Ең бастысы, бұқара халықтың басшылық пен билікке, заң мен оның әділдігіне деген сеніміне кері әсер ететіні анық.
Сондықтан, бұл мәселеге келгенде ешкім бей-жай қараған емес. Онымен қарқынды күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Себебі, бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жиі көрініс тауып жатқандығын есерсек, оларға дер кезінде тиісті шара қолданудың қоғам үшін маңызы зор. Дегенмен, көз қысты, бармақ басты теріс әдеттен әлі де арыла алмай келе жатқанымыз жасырын емес.
Расында, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қоғамдық дертпен күресу – елім деп жанашырлық таныта білетін әрбір патриот азаматтың парызы. Тізе қосып, бірігіп жасалған еңбектің де өнбегі мол болатыны белгілі ғой. Сондықтан, елдің кемел келешегі үшін алаңдаушылық таныту да әрбірімізге жүктелген міндет деп ұғынғанымыз абзал.
Кезінде ата-дәстүрді берік ұстанған бабаларымыз «Біреудің ала жібін аттамаңдар» деп кейінгі ұрпаққа тағылымды өсиет қалдырған. Сондай данышпан халықтың ұрпағы бүгінгідей бейбіт заманда осындай мәрттік табиғатымызға жат әдетпен осалдық танытып жатсақ, «қазақ» деген атымызға сын. Сондықтан, жең ұшынан жалғасын тауып жатататын заңсыз әрекетке жұдырықтай жұмыла тосқауыл қойғанымыз ләзім.
Гүлназ УРАЛБАЕВА,
Құланды ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы