Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Қоғам көші алға жылжыған сайын, еліміз жаһандық өркениетке ілесіп, жаңа даму кезеңін өткеруде. Ғылым мен экономика көз ілеспес жылдамдықпен дамып, үлкен біліктілікті талап етуде. Түрлі бағытта тың идеялар мен танымдық жұмыстар көрініс беріп, оның бірқатары ел өркендеуі үшін оң нәтиеже беріп жатыр. Еліміздің талантты тұлғалары Қазақстан абыройын әлемдік аренада асқақтатып жатуы да – дамудың жаңа белесі. Осы орайда мемлекет дамуы үшін кері әсерін тигізіп қана қоймай, ғасырлар бойы жалғасқан әділет заңының тамырына балта шабушы бірнеше жағдайлар бары анық. Оның бірі – сыбайлас жемқорлық.
Кез келген дамыған өркениет үшін сыбайлас жемқорлық оның алдында орындалған жетістіктер мен жеңістерді жоюшы құбылыс. Қазіргі таңда осы бір дендеген дертпен күресу еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Дамушы бәсекелестік пен мол қаражат көрсеткіші жоғары дәрежеде дамыған жағдайда орын алатын сыбайлас жемқорлық Қазақстан секілді жас мемлекет үшін де орасан зор нұқсан әкелуде.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң өз күшіне енген күннен бастап, жемқорлық сипатындағы тәртіп бұзушылықтың азайғаны ақиқат. Дегенмен, бұл заң толықтай жүзеге асуы үшін, қоғам азаматтары өз белсенділіктерін көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, ел болып біріккен жағдайда ғана кеселді жою мүмкіндігі арта түседі.
Біздің ел – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірінші және бірден-бір мемлекет. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нысандылығы мен тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері Елбасының жеке бақылауында тұрғандығына негізделген. Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық- құқықтық құралдары қызу пікірталастарын туғызу үстінде. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті.
Сыбайлас жемқорлыққа жиі жол беретін кейбір мемлекетттік қызметкерлердің бұндай әрекетке баруы әділеттікті жақтамайтындығы немесе кәсіби білікті маман емес екендігінің дәлелі. Бұл сыбайлас жемқорлықтың тамырын тереңдетіп, түрлі қылмыстар мен осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға жол беруде.
ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты халыққа жолдаған Жолдауында және «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда» ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетті. Өз Жолдауында айқындаған Елбасы шешімі сыбайлас жемқорлықтың ел үшін үлкен дерт екендігінің тағы бір дәлелі. Жемқорлықпен күрес барша халықтың парызы дей отырып, Қазақстан халқына бұл жағдайды тоқтатудың оңтайлы шешімін ұсынды. Ол – ел болып әділеттікке қызмет ету, мемлекеттік дәрежеде талқылау жүргізіп, жүйелі шешім шығару.
Бұл орайда сыбайлас жемқорлықтың оңай емделе кететін дерт емес екендігін аңғарған жөн. Сол үшін әділеттікті ту етіп, мемлекетке адал қызмет ететін жақсы маманды тәрбиелеуді дұрыс шешім дер едім. Егер әр билік өкілі мемлекет дамуының бірінші баспалдағы өздерінен басталатынын әрдайым есте сақтаса, сол бір әділетті шешім арқасында ел мүддесі үшін үлкен үлес қосатынымызды ескерсе, халық сенімінің ақталуы осы бір көріністе екендігін түсінсе, сыбайлас жемқорлық өз күшін жояды деп сенеміз.
Халқымыз ежелден әділетті қоғамның сипатын айқындап кеткен.Тарих қойнауынан сыр шертетін болсақ,төрелігін жүргізген үш атақты биіміздің өнегесі біз үшін үлкен тәрбие. «Әділетті болу үшін алдымен мейірбан болу керек» дейді Омар Хайям. Бұл жерде айтылған мейірбандылықты қоғам үшін жасалған жақсылық деп түсінемін. Сондықтан барлық ел азаматтарын әділетті қоғам құру үшін күш біріктіруге шақырамын.
С.СҮЛЕЙМЕНОВ,
Сазды ауылдық округінің әкімі
26 маусым 2021 ж. 770 0