Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцина салғызған студенттер мен оқытушыларға қандай жеңілдік бар?

Вакцина салғызған студенттер мен оқытушыларға қандай жеңілдік бар?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарында студенттер арасында вакцинацияны қолдау акциясы басталады.

Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
COVID–19-ға қарсы вакцина салғызған студенттер жоғары оқу орындарының мүмкіндіктеріне байланысты оқуға, жатақханаларда тұруға жеңілдіктер алып, түрлі сыйлықтарға ие болады, – делінген хабарламада.
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
  • Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ,
  • Абай атындағы ҚазҰПУ,
  • Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ,
  • М. Әуезов атындағы ОҚУ,
  • М. Өтемісов атындағы БҚУ,
  • Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті вакцинациялауды қолдау бойынша акцияларды бастап кетті.
Сонымен бірге бірнеше жоғары оқу орнының студенттері үшін оқуға, жатақханаларда тұруға жеңілдіктер, сауықтыру шипажайларына тегін жолдамалар, тегін тамақтану және қоғамдық көлікті пайдалану талондары қарастырылған.
Жоғары оқу орындары вакцинацияланған студенттер үшін шет тілдері, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын тегін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ екпе салдырған кейбір университеттің студенттері фитнес залдарына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және концерттерге тегін бара алады. Аталған жоғары оқу орындарының вакцина салғызған оқытушылары, қосымша ақы немесе ақылы демалыс ала алады.
Жоғары оқу орындарын коронавирустың елде таралуы алаңдатып отыр. Вакцинация мәселелері мен оның шешілу жолдарын жоғары оқу орындарының өздері қабылдайды. Министрдің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттер мен оқытушыларды вакцинациялауға шақырып, ынталандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл акция біздің азаматтардың санасын оятуға көмектеседі деп сенеміз. Біз бірлесе отырып, қауіпті вирусты жеңе аламыз және карантин мүмкіндігінше тез аяқталады деп үміттенеміз. Басқа жоғары оқу орындарын да вакцинацияны қолдау үшін ынталандыру шараларын ұйымдастыруға шақырамыз. Себебі бұл коронавирустың таралуын тоқтатудың жалғыз жолы, – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Еске салайық, 29 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде I компонентпен 3 246 795 адам, II компонентпен 1 954 372 адам вакцина салғызды.

baribar.kz


29 маусым 2021 ж. 472 0