Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Үлгілі көше", "Үлгілі аула" номинациялары бойынша байқау өткізіледі

"Үлгілі көше", "Үлгілі аула" номинациялары бойынша байқау өткізіледі

Құрметті аралдықтар!

Қаламыздағы әрбір игі істер, жаңашылдықтар өздеріңізбен бірге атқарылып келеді. Қаланы көріктендіріп, ажарын аша түсуде әрбір тұрғынның үлес қосуы маңызды да абыройлы және ортақ іс.

Туған өлкеміздің ажарын аша түсетін кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар салынып халықтың игілігіне берілуде.
Әрбір қала тұрғыны өзі тұрып жатқан қалаға деген жауапкершілігін сезініп, айналасын тазалап, сенбіліктерге белсене қатысса, әр аула, көше таза да көрікті болары белгілі.

Тазалық – жердің көркі, денсаулық кепілі. Өз үйін қалай таза ұстаса, қаламыздың да солай таза болуына атсалысып жүрген азаматтарымыздың қатысуымен «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» номинациялары бойынша байқау жариялануда.

Осы орайда, қала тұрғындарын өз үйлерін, ауласын, көшесін таза ұстауға, ағаштарды әктеп, үйлерінің сыртқы қасбеттерін жөндеп, сырлап-әктеп, жаңалауға шақырамыз.

Байқауға қаланың барлық аумағы толық қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері 2021 жылдың 30 қазанына дейін «Арал қаласы әкімінің аппараты» КММ-де қабылданады.

Басты мақсат - Арал қаласының тұрғындарын тазалық сақтауға үндеу, көшелерді, тұрғын үйлердің аулаларын көріктендіру, санитарлық тазалық жағдайына көңіл бөлу болып табылады.

Байқау қорытындысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» мерекесіне орай шығарылып, жеңімпаздар «Үлгілі аула», «Үлгілі көше» номинациялары бойынша арнайы Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталатын болады.

Құрметті қала тұрғындары !

Қаламыздың бүгінгіден де әсем, көрікті болуына өз үлесімізді қосып, туған жерімізді, өзіміздің сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысайық!

«Арал қаласы әкімінің аппараты» КММ

15 қазан 2021 ж. 332 0