Татулық пен тұрақтылық – береке бастауы

Мемлекеттік ту – еліміздің тұтастығы мен кепілдігінің, егемендігі мен ерлігінің, мәртебесі мен мықтылығының кепілі. Туымызды көркемдеу үшін арнайы жасалған өрнек қазақтың дәстүрлі көркем өнерінің негізгі нақыштарымен үйлесім тапқан. Тудағы күннің нұры шұғылалы алтын бейнесі – байлық пен берекенің, тыныштықтың нышаны. Ал күннің астында қалықтап ұшып жатқан бүркіт қазақ халқының барлық ұлттарға құшағын жая ұмтылатын кеңдігін, көп ұлтты егеменді мемлекетіміздің бостандық сүйгіш рухани ерекшелігін бейнелейді. Сонымен қатар дала қыраны қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, ой-ниетінің биіктігін білдіреді. Тағы бір тәуелсіздігіміздің белгісі – Елтаңба. Біздің Елтаңбамыз –әлемде сирек кездесетін Елтаңба. Оның негізі – шаңырақ. Ол Елтаңбаның жүрегі. Шанырақ – мемлекеттің түп-негізгі отбасының бейнесі. Шаңырақ "Отан отбасынан басталады, ортақ шаңырақ биік, босаға берік болсын" деген мағынаны білдіреді. Ал уықтар "үлкен үйдің уықтары ел- жұртқа бай, қуатты тілеймін" дегенді білдіреді. Ақ мүйізді, алтын қанатты, қос пырақ "арыстанның жүректілігін, қыранның қырағылығын" көрсетеді. Бес бұрышты жұлдыз «Бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманды арқалап тұр. Төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу республиканың атын көрсетеді. Бидай – Отанымыздың байлығы. Елтаңба туларға, мөрлерге, монетаға, архитектуралық құрылыстарға, өнер туындыларына, қолжазбаларға, кітаптарға және тағы басқа бейнеленеді. Елтаңбаның авторлары: сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы мен Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтардың бірнеше ұрпақтарының көп ғасырлық арманы – азаттық пен зайырлылықты бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажеттігі туындады.
Соған байланысты 1992 жылы республика әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті. Конкурста төрт ақынның – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған мәтіні жеңіске жетті. Әнұран әні сол күйінде қалдырылды, алғашқы авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди еді.
2006 жылы жаңа мемлекеттік Әнұран қабылданды. Кезінде Жұмекен Нәжімеденов жазған ән сөзіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кейбір түзетулер енгізілді. Әнұран авторлары: Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттік рәміздер – біздің еліміздің бет-бейнесі, біз үшін биіктік, қастерлі нышан. Конституцияда немесе конституциялық заңда белгіленеді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеп-қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің патриоттық сезімін күшейтіп, Отанға деген маххаббатын қалыптастырады.
Қазіргі уақытта Қазақстан – өз жерін, халқын, астанасын, рәміздерін әлемге танытты. Өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатты.
Баян Кожанова,
«Академик С.А.Жиенкұлов атындағы
Байқоңыр жоғары колледжінің»
арнайы пәндер оқытушысы,
Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы